Соңғы кездері дін тақырыбына қатысты пікірталас күшейіп барады. Басты себеп кейбір өздерін діндар санайтын азаматтардың дәстүрге, ұлттық құндылықтарға қатысты ұшқары пікірлері мен көзқарастары.
Кейбір дін ұстанушылар өздерінің (пікірлерінше діннің) талабын күшпен орындатуды көздейді. Тіпті діннің атынан пәтуә беріп, түбегейлі шешім айтады.
Ал екінші бір топ бұларға қарсылықтарын білдіріп дінді түбегейлі жоққа шығарады. Негізінен әркімнің өзіне тән «шындығы» бар. Бірақ осыған қарап отырған қара халықтың налитын тұстары аз емес.
Сондай мәлімдемелердің бірі жақында «домбыра» төңірегінде өрбіді. Аты-заты белгісіз біреулер домбыраға «харам» деген пәтуа айтты. Сол арқылы иісі қазақты өздеріне қарсы қойды.
Ұлттық құндылықтар әр ұлтта басқа-басқа екендігіне бас қатырмайтын әсірешілдер ұлттық дәстүрлердің бәріне теріс таңба басуға құмар. Сол арқылы жақтастарын ұлттан, отбасынан ажыратып алғысы келеді.
Сондықтан, жастардың осындай ұшқары эмоциялардан алыс болғаны абзал. Қазақ тарихында ешбір ағартушы, дін ғалымы домбыраға қатысты теріс пәтуә бермеген. Әрине «әннің де естісі бар есері бар, тыңдаушының құлағын тесері бар» (Абай) демекші дін қалыпты ұстанымға, адамгершілікке, иманылыққа шақырады.
Сондықтан да дінде рухтың асқақтауына, жанның тебіренісіне, ғибратқа жетелейтін әуендер харам болып саналмайды және не Құранда не пайғамбар хадистерінде бұған тиым салатын үкімдер жоқ.
Домбырамен айтылған әрбір ән, жыр, терме тұнып тұрған тәрбие болғандығын назарға алсақ оны болмысқа қарсы деуге ешкімнің хақысы жоқ. Керісінше асыл дінді қадірсіз көрсетіп, өз қасиетімізден айырыламыз. «Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне, дін десе тұра қашар есті азамат» (Шәкәрім) болып тұрған заманда, салтымызға сіңген, дәстүрімізбен астасқан имандылық жолын ұстану жалпы ұстанымға аналған кезде ғана бірлігіміз пен берекеміз қалыптасады.
Олай болмаған жағдайда сиырдың бүйрегінден әртүрлі көзқарастардың соңында бөлініп барымыздан айырылып қалу қаупі бар.
Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ