Абайдың әділдікті сүюді имани гүлдің үш негізінің қатарына жатқызуы бекер емес. Себебі адамшылықтың өзегі әділдікте. Ал әділдік ең әуелі ой-пікірдегі ақиқатты табуға деген талпыныстан басталады. Кез-келген мәселеге, жағдайға, адамға баға бергенде әділдіктен ауытқымай, ешкімнің, ешнәрсенің ақысына кірместен дұрысы мен бұрысын ажырата отырып орталық нүктесін табуға талпынған адам ақиқитқа анағұрлым жақындай түседі. Өкінішке қарай көп жағдайда іштегі өкпе- реніш пен қызғаныштың, тіпті жақсы көрудің салдарынан өзімізге ыңғайлы яғни, материалдық мүддемізге, яки психологиялық күйімізге сай көзқарасты таңдап, баға береміз. Ойымызды дұрыс етіп шығару үшін өзімізше аргумент құрастырып, түрлі жолмен дәйектеуге тырысамыз. Нәтижесінде әділдіктен ауытқып, дұрыс баға беруден жаңыламыз. Ойдағы осынау әділетсіздік бізді қате шешімдер мен бұрыс әрекеттерге итермелейді.
Мұны болдыртпау үшін өзіңізге мына сұрақтарды қойыңыз:
1. Мен бұл жағдайға, адамға қатысты ешкімнің ақысына кірместен, дұрысы мен бұрысын ажыратып, әділ бағасын бере алдым ба?
2. Мәселені дұрыс түсініп, басқа қырларын байқай алдым ба?
3. Ішкі сезімдерім мені қате пікірге итермелеп, әділ бағалауыма кедергі келтіріп тұрған жоқ па?
4. Мен ойлағандай емес, басқаша болмасына 100% сенімдімім бе?
5. Шығарған шешіміме Құдай алдында жауап бере аламын ба?