Даналық әр істің құбатөбел ортасын таба білуде. Қай жерде, кімге, қандай мөлшерде, қайсы тәсілмен, не айтатыныңды, нендей әрекет жасайтыныңды білу даналықтың белгісі. Кейде үнсіз қалу, енді бірде күту, тағы бір жерде шыдау, басқа бір кезде айналып өту, тіпті байқамай қалу парасаттылық.
Барлық жерде, бүкіл адамға бірдей қарым-қатынас құру қателік. Кіші зиянан қашамын деп үлкеніне ұрыну, азғантай пайда үшін ірісінен қағылу да парасат-пайымның жоқтығы. Қара басымның шекарасын қорғаймын деп отбасы деген үлкен шекараны қирату, өзімнің есемді жібермеймін деп бала-шағаңның болашағын ойламау эгоизм.
Бүгінде елге ақыл айтып жүрген психолог, коучтар осыны ескеруі керек. Бәріне біркелкі ережені үйрету көп жағдайда адамды адастырады. Даналықты үйретпей, негізгі мәнді, үлкен мақсатты түсіндірмей көп адам өмірдің қалтарыс-бұлтарысында басы қатып, шатасып кетеді.