Өмірден өткен даналардың, парасатты, ақылды кемеңгерлердің қалдырған ұлағатты өсиеті шынында адамның өмір сүру қағидасына оң әсер етпей қоймайды. Ықылым заманнан бізге жеткен жазбалардың бойына жиған ғибраты мен өнегесі мол. Сол тәлімнің бұлағынан сусындаған білімді адамның рухы биіктеп, көңіл терезесі ашылып, жан дүниесі құнарланып толыса беретіні де содан. «Ел ішінде қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» деген сөздің парқының да осындайда биіктейтіні рас. Ауыздан-ауызға тараған көсем сөздерді ел ішіне таратып, шаршы топқа шашауын шығармай жеткізетін дуалы ауызды қариялар бұрын көп болатын. Жиын-тойдың ажары да сол ақылы дария, айбыны жоғары, сөзі сүйектен өтетін қарттар болатын. Бәтуәлі сөзге пәрмен беріп, дуалы сөздің даңқын шығарып, жілікті сөзге тоқтап, қанатты сөзге шабыт беріп, қиқулап отыратын қазекемнің шұғылалы шақтары ертеректе біздің бала күнімізде көп болатын. Сондай бір күн әлі есімнен кетпейді. Ол кезде елдегі кісілер қазіргідей теледидар да көрмейтін. Кітапты құныға оқитын. Сосын ауыл адамдары бас қосқанда сүбелі сөздің қиюын келтіретін, зерек ойлы, сөзге шешен, тағылымды сөзден түйін түйетін зиялы қарттарды төрге шығарып, шырайлы сөзін тыңдап, қанаттанып қалатын. Сондай күннің бірі болатын. Құлаққа жағымды қоңыр үнмен айтылған әңгіме бүкіл тұла бойыңды балқытып, табаққа салынған сүр еттің иісінен де ауыз тимей-ақ тоят тапқандай болатынсың. Бұл жолғы ақсақалдың әңгімесі жиылғандарды өз иіріміне тарта түсті. Әңгіме басталғанда, алты қанат ақ боз үйдің ішінде сілтідей тыныштық орнады.
«Ілгеріде өте ақылды әрі дана бір патша өмір сүріпті. Ол ажалы жақындап, өмірден өтетініне көзі жеткен шағында балалары мен уәзірлеріне үш өсиет қалдырыпты. – Мені жерлеуге алып шыққанда денемді қабір басына дейін тек дәрігерлерім ғана көтеріп апарсын, денемді алып шыққанда мына жатқан жерімнен көріме дейін алтын-күміс теңгелер шашып отырыңдар, екі қолымды кебіннен шығарып, салбыратып, ашылған күйде қалдырыңдар,–депті.
Патша өсиетін мұқият тыңдаған бас уәзір оған барлық өтініштерінің орындалатынын жеткізіп, олардың мәнін түсіндіруін өтінеді. Сонда патша терең күрсініпті. – Осы күндері бір нәрсеге көзім толық жетуде. Артымда қалғандарға соны сабақ ретінде қалдырып кеткім келеді. Бірінші өсиетім – адамға өлім нақты келетін болса, тіпті қасындағы мықты дәрігерлердің өзі одан құтқарып қала алмайтынын, әрі өмір мен денсаулық ешбір адамның қолында емес екенін түсіндіру еді. Екіншісі – мал-дүние жинап шаршаған уақыттарымыз бекерге кеткенін, сүйіп өткен алтын-күмісімізге дейін артымызда шашылып қалатынын ұғындыру. Үшіншісі – өмірге келгенде қолымыз бос болып еді. Кетіп бара жатқанда да дәл солай бос күйінде аттанады екен деген ақиқатты еске салу, – деген екен.
Шынында сол қарияның айтқан өсиеті санамызда әлі күнге жаңғырып тұр. Қас-қағым уақытта өте шығатын өмірде жан кеудеге қонақ екенін ескеріп, көзді арбайтын дүние-мүлікке мастанбай, жылтырағанмен көңіл ауламай, бір-бірімізге деген адамдық қарым-қатынасымызды жоғалтпай, көңілімізді қалдырмай, адамгершіліктен азғындамай өмір сүрген қандай керемет. Ыбырай Алтынсарин атамыз
Мал дәулеттің байлығы
Бір жұтасаң жоқ болар,
Оқымыстың байлығы
Күннен-күнге көп болар,
Еш жұтамақ жоқ болар», – деп білім алудың, қабілетті болудың артықшылығын айтқанын көреміз.
Ал шын ажал құрығы пенденің мойнына ілінгенде оны ешбір дәрігер құтқарып, араша түсе алмайтынын, бұйрық бір Алладан келетінін жалт-жұлт еткен дүниенің жалғандығын ақылды патша қалай пайымдап кеткенін ұғамыз. Кейде пендешілікке салынып, көзіміз жетіп тұрып мойынсұнбайтыным тағы бар. Иә, расында ата-бабаларымыз «бір кем дүние» деп осындайда айтқан болар.
Мәңгілік мекеніңе аттанғанда, пешенеңе денеңді орайтын кебін ғана бұйыратынын, алақаның анадан қалай тудың, дәл солай бос кететінін, сондықтан қамшының сабына теңеген аз-кем тірлікте бойға жиған иманың мен әдебің, адамға жасаған ізгі амалдарың артыңда мұра болып қалатынын еске салып тұрғанын ойлап, жүріп өткен жолыңа қарап, өз-өзіңе есеп бересің, жақсы амалдар жасауға бейімделесің. Жақсы сөзді тыңдағанда ұтатын тұсың осы иман байлығын бойға жиғаның.
«Киіміне қарап күтіп алады, ақылына қарап шығарып салады» деген тәмсілге сүйеніп, өткен ата-бабалар тәлімінен ұлағат алсақ, азбайтын, тозбайтын асыл қазына даналық кілтін мәңгілік иемденгендей боларымыз хақ. Міне, өмір қағидасы осынысымен құнды, осы қалпымен өміршең.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА