Тілімізде: "Байдың малын байғұс қызғанады", - деген мақал бар. Бұл мақал негізінен ішер ас, киер киімге жарымаған жарлы адамның өзгенің дүниесін ысырап етпеуге шақырған іс-әрекетін күстәналау мақсатында қолданылады. Мұндай күстәналау әлгі адамға жекелеген байдың, не болмаса мемлекет мүлкін қоруға ниет еткені үшін де айтылады. Жай ғана айтыла салмайды. Мақалмен түйінделеді. Бұдан оның бай малын қорғаштауы, жарайды қызғануы делікші, өзгеге оғаш көрінетінін аңғаруға болады. Демек, байдың малын қызғануға болмайды. Нақтыласақ, байғұсқа қызғануға болмайды. Себебі...
Қай себепті айтарсың. Оның (байғұстың) мұндай іс-әрекеті ештеңе демей-ақ сырттай бақылағанның өзінде күлкі шақырады. Тура әлгі: "Өзің диуанасың, кімге пір боласың" деген тәрізді.
Ұғынықтылық үшін біз тілге тиек етіп отырған мақалдың қолданыс аясына назар аударып көрелік. Біріншіден, байдың малын неге байғұс қызғанады? Екіншіден, ол неге байғұс, неге кедей, не болмаса жарлы-жақыбай емес? Мақал мәні ашылу үшін әуелі осы "байғұс" сөзіне назар аудару керек. Ал біз аталмыш мақалды тілге тиек еткенде "байғұсты" жолы болмаған мүсәпір адам кейпінде көреміз. Егер байғұсты кедей адам деп білсек, онда мақалдың мәні қызғаныш туғызатындай деңгейде ашыла қоймайды. Оның үстіне кедей бай малын қызғана қоймайды. Қайта реті келсе түк болса да тартып қалғысы келеді. Себебі, толық алына қоймаған еңбекақысы бар. Өзі солай ойлайды. Соған орай кім де болсын бай малынан үлес алып жатқандарды қош көрмеген адамға қарата: "Сен де орынсыз жерге киліге бермеші. "Байдың малын байғұс қызғанады" дегеннің керін келтірмей", - деп қояды.
Жалпы "Байғұстың аузы асқа тисе, мұрны қанайды", - дегенді айтқан қазақ атам байға қатысты да біраз мақалды тізбелеген екен. Солардың ішінде біздің көп қаперге алатынымыз:
"Бақыт - қолға қонған құс.
Байлық - қолға ұстаған мұз.
Құс ұшып кетеді
Мұз еріп кетеді,
Дүниенің қызығы - сіз бен біз", - деген даналық.
Сондай-ақ:
"Әуелгі байлық - денсаулық,
Екінші байлық - он саулық,
Үшінші байлық - ақ жаулық", - деп те қоямыз.
Әйтсе де:
"Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін, - дегенді де біз айтқанбыз.
Соған орай:
"Кедей мен бай жолдас болмас,
Қасқыр мен қой жолдас болмас", - деген мақал да өмірге келген.
Солай бола тұра біз байлықтың баянсыз екенін де қаперде ұстаған ұлтпыз. Сондықтан да:
"Су байлық —
Алты айлық.
Қар байлық —
Үш айлық, - деген мақалды да өмірге алып келгенбіз.
Жалпы біздің дүние-мүлікке қатысты ұстанымымыз:
"Байлық мұрат емес,
Жарлылық ұят емес", - дегенге келеді. Мұндай көзқарас барлық ұлы ойшылдарға тән. Мәселен бұл тұрғыда Лев Толстой:
"Байлық деген - тезек сияқты. Үйілген сайын сасиды, шашылса, жерді тыңайтады", - десе, Джон Дэвисон Рокфеллер:
"Ақша үшін ақша табуға барлық уақытын арнаған адамнан сұмырай және бейшара жанды білмеймін", - дейді. Ал Роберт Кийосаки:
"Ең кедей, ең бейшара, ең бақытсыз, ең сәтсіз адам – "ертең" сөзін көп қолданатын адам, - депті. Сірә И. Тургенов:
"Мақсатсыз өмір сүрген адам неткен бейшара", - дегенді соған орай айтса керек.
Базар Оңдасұлы болса:
"Ділмәр боп жүр бұл күнде,
Дым білместің талайы.
Жоқтықтан қолы байланып,
Кеңеске басы кірмей жүр,
Жігіттің не бір сығайы", - дейді. Соған орай Ғ. Мүсірепов:
"Байлықты малдан емес, адамнан іздеген жөн болмақ", - десе, хакім Абай:
"Кейбіреулерге қанша мал бітсе де, байлық бітпейді, - деп, "Байдың малын байғұс қызғанады", - деген мақал мәнін аша түседі.
Жалпы бұл ой бізге әу бастан жат емес. Мәселен Білге қаған кезінде:
"Әсіре даңқ пен асыра байлық, ұятсыздық пен бұзақылық - құшағында тұншықтырады", - деген екен.
Демек, мұсылмандар аузымен ұдайы айтылатынындай: "Барлық мақтау Аллаға тән. Бай да, мүлік иесі де - Алла". Алайда сол мүлікке қол созатындар мына өмірде аз емес. Созсын. Қарсылық жоқ. Тек иеленбесін. Себебі, Аллалық мүлікті иелік етуші - байғұс. Яғни байғұс деп өзініңкі емес дүниені қызғанатын адамды айтамыз. Нақтыласақ, байғұстар - негізінен әр дәуірдің сараң байлары. Тек мақал мәніне үңілмеген соң өзімізге қолайлы көрінген жерде қолдана береміз. Соған орай бұл мақал бұл күнде байларға қарата айтылмайды.
Қорыта келгенде айтарымыз, бай болу оңай, адам болу қиын. Осы ойды Қадыр ағамыз өлең тіліне түсіріпті. Ендеше сол өлеңмен біз де өз сөзімізді түйіндейік:
"Өлген артық,
Тірлікте былыққанша!
Былыққанша,
Байлыққа құныққанша.
Қызып тұрар тақымда күлік қанша!
Қызықтырар көзіңді мүлік қанша!
Әдемілік өмірдің сәні білем.
Құлағымда қуаныш әні кілең.
Тамағымды жібітіп саумал шарап,
Табаныңды сорады қалы кілем.
Пенсияда,
Жұмыстан босағасын,
Түйе ұтады картадан қосағасың.
Алған кезде дәулетті жеңген, қолын,
Талай мыңның жүзігін қоса аласың.
Tic шұқуға кесеміз аршаны біз.
Төріңде де жанады шамша жұлдыз.
Бір жігіттің басында қанша сусар!
Бір арудың бойында қанша құндыз!
Шүкір деңдер,
Уақытқа сиыныңдар!
Соның бәрін бақылап тұр ұйымдар.
Бір үйің бар қаланың ортасында,
Сыртында оның тағы да бір үйің бар.
Келіншектер келісті сәнді білер
Көздерімен ішіп-жеп дәмді күлер.
Бәрі қымбат, не керек, бәрі қымбат,
Арзан болса арзан тек әңгімелер.
Соның бәрін бақылап қара да тұр.
Қайда дара ақыл мен дара батыр?!
Тұрмыс солай жеңілдеп бірте-бірте,
Адам болу қиындап бара жатыр!..".
Құдияр БІЛӘЛ