БАЛАСАҒҰН

БАЛАСАҒҰН

635
5 мин
БАЛАСАҒҰН

Баласағұнда дүниеге келген (шамамен 1015 жылы) ақын Жүсіп Баласағұн — түркі көркем әдебиетінің негізін салушы саналатын атақты "Құтты білік" поэмасының авторы. 

Өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. Философия, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан. Жүсіп Баласағұнидің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында «Құтадғу білік» («Құтты білік») дастаны арқылы қалды. Жүсіп Баласағұни бұл дастанын хижра есебімен 462 жылы, қазірғі жыл санау бойынша 1070 жылда жазып бітірген. Дастанды «хандардың ханы» — Қарахандар әулеті мемлекетінің (942 - 1210) негізін салушы Сүлеймен Арслан ханға (908-955) тарту етеді. Сол үшін хан өз жарлығымен Жүсіп Баласағұниға «хас хажиб» — «бас уәзір» немесе «ұлы кеңесші» деген лауазым берген. 

***

Сөздеріңнің болса егер мағынасы майысқан,

Құдіреті сөздің сені алып шығар сайыстан.

Тас қалаушы шебердейін білдірмегін жымдарын,

Көзді жаулар шын керемет жасай алмас жай ұстаң.

***

Ерік берсең жосылады қызыл тіл,

Ойларыңды сұлу сөзбен үзілдір.

Жалт қаратар сұлу жанның келбеті,

Сұлулыққа көздеріңді сүзілдір.

***

Үш қуаныш бар адамға өмірде:

Біріншісі, тамағының болғаны.

Екіншісі, денсаулығы – қорғаны,

Үшіншісі, ол махаббат – мол бағы.

***

Өз мүддесін әркім дағы биік етіп қояды,

Сол үшін де бір-бірінің көзін шұқып ояды.

***

Сөз дегенің сандаған мың ғасырдан,

Көрсетеді адам ойын шашылған.

***

Кей адамдар сонша құмар болғанымен ащыға,

Ащы сөзді айналдыра алады ғой тұщыға.

***

Өмірдегі барлық нәрсе өтірік,

Ойландырмас даналардың нақылы.

Надандар да сөйлей берер көпіріп,

Еш нәрсеге жетпесе де ақылы.

***

Мына әлем әлдеқашан өзгеше боп өзгерген,

Ой жібермей, өзімізше тон пішеміз сөздермен.

***

Осы біздің әлеміміз, ұқсар алып баққа шын,

Шындығына жеткің келсе, ашу керек қақпасын.

***

Сөйлеушінің ойы жатса бір-бірімен қабыспай,

Қызыл тілден сөз боратар өзгелерден қалыспай.

***

Қайта-қайта айтылған сөз және тағы кеңес те,

Шындығында дана жанға пайдалы да емес пе.

Ақымақтар мұны бірақ өзіне жөн көрмейді,

Бұлақ болсын дәл қасында суды іздеп шөлдейді.

***

Өлгеннен соң күлге айналып жатсақ тағы өзіміз,

Біреулердің ауызында жүрер мәңгі сөзіміз.

***

Ойланбағын өмірдегі ұлылығың жөнінде,

Жетістігің, танымдарың түйілсін тек көңілге.

***

Саудагер жан шебер затын санап тұрып алдайды,

Шебер оған ең құнды деп жылтыр мысты толғайды.

***

Өмір бойы жиған мүлкің қазына боп жарытпас,

Сөзің қалса, бір күндері шығады ол жарып тас.

***

Бөгемегін көмейдегі жұртқа айтқың келгенді,

Ойларыңды үйренгейсің қысқа айтып сен енді.

***

Кей ғалымның айтқан сөзі жүйелі,

Патша айтқан жарлықтан да киелі.

***

Тәрбиеңде ұлың сенің қаталдықты көрмесе,

Үмітті үз, өзіңнен көр айтқаныңа көнбесе.

Мойыныңа ала бергін бырлық мынау кінәні,

Сенің кінәң өмір бойы алдын тосып тұрады.

***

Дана адам тұншықтырған тұманда,

Алдын болжап, бой алдырмас күмәнға.

Ақымақ жан қайғысын да ойламас,

Ертең болар салдарына бойламас.

***

Қанағатты адам артық жей бермейді тамақты,

Қомағайға бұл нәпсісі жалатады табақты.

Барлық ойы асай берсе болды оған тек мейлі,

Ашкөздіктен түбінде бір өлім ғана шектейді.

***

Бұл өмірде тектіліктің екі түрі белгілі:

Біріншісі, даналық қой, есте тұтқын сен мұны.

Екіншісі, даналыққа ұқсас болар билік те,

Ақымақ боп жөн-жосықсыз бірақ оған килікпе.

***

Түсінгенде бар күшіңді бойыңа сен жинайсың,

Өз-зіңе жігер беріп қаталдықпен қинайсың.

***

***

Тәңір сыйы – ие болу аузыңдағы сөзіңе,

Еш қиындық туғызбайсың өзгеге де, өзіңе,

Қараңғы да, жарық етер бір-ақ ауыз сөз деген,

Ақылды һәм білімді бол, сен артықсың өзгеден.

***

Дана жанға қандай орын берсең де,

Сай етеді сол орынды өлшемге.

***

Білімдінің айтқан сөзі ілім көзін ашады,

Айналаға сондай жайлы жұпар иіс шашады.

***

Білмесіңді білемін деп өзге жұртқа айтпағын,

Мойындасаң, сенің онда надандықтан қайтқаның.

Таным деген теңіз сынды шеті менен шегі жоқ,

Біліп болу оңай емес оның барлық жайттарын.

***

Кетіп бара жатқан жандар жетер бір күн соңына,

Ал дана жан көп қарайлар келе жатқан жолына.

***

Данышпан жан мәңгілікке қызмет етер біліммен,

Ал ақымақ ұрысуға дайын тұрар күнімен.

 

Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс