Нақшбанди тариқаты – Орта Азияда, оның ішінде елімізде кең тараған, халықтың рухани кемелденуіне үлкен үлес қосқан сопылық жолдың бірі.
Тариқаттың негізгі өкілі Мұхаммед бин Мұхаммед әл-Бұхари Баһауддин Нақшбанди һижри 718 жылы (1318 жыл) Бұқараға жақын Қасрыһиндуан ауылында дүниеге келген.
Бұл тариқаттың өзге тариқаттардан негізгі ерекшелігі – риядан сақтану үшін жария зікірден гөрі жасырын, яғни хафи зікірді абзал көруі. Сондай-ақ, қылуетке кіріп, оңашалану жолымен рухани тәрбиеленуді құп көрмей, оның орнына “халық арасында Хақпен (Халиқпен) болып”, халыққа қызмет етуді дұрыс санаған. Яғни, “Хаққа қызмет – халыққа қызмет” принципін ұстанған.
Баһауддин Нақшыбандидің пікірінше, керемет көрсету де әулиеліктің маңызды көрсеткіші емес. Өзінен керемет көрсетуін сұраған мүридтеріне:
– Біздің кереметіміз айдай анық емес пе? Қарамайсыздар ма, мұнша күнәнің жүгін арқалағанымызға қарамастан, аяғымызда тұра аламыз, жер басып жүре аламыз… Бұдан асқан керемет болуы мүмкін бе? – деп жауап берген.
Артынша тасаууфта маңыздысы – керемет емес, истиқамет, яғни хақ, тура жолдан айнымай жүру екенін еске салып:
– Кімде-кім бақшаға кіріп, ондағы әрбір жапырақтың тілге келіп, өзіне “Ей, Алланың әулиесі, саған сәлем болсын!” деп үн қатса, сырттай да, іштей де бұған ілтипат етпесін. Керісінше құлшылығындағы ынтасы мен күш-қайратын одан сайын арттыра түссін, – деген.
Мүридтері сонда да:
– Ұстаз, сіз қанша жасырсаңыз да сізден ара-тұра кереметтер көрініп тұрады, – дейді. Бұған Хожа Баһауддин:
– Демек, бұл – мүридтерімнің кереметі, – деген.
Ол ұшу менен суда жүруді керемет санағандарға ұшқан құс пен жүзген балыққа еліктегеннен гөрі Алланың разылығына бөленіп, тура жолмен жүрудің маңызды екенін түсіндіруге тырысқан.
Хожа Баһауддин сыртқы формадан гөрі ішкі жан дүниесіне қатты көңіл бөлгендіктен, мүридтерінен белгілі бір киім стилінен ұзақ болуды өсиет еткен.
Бүгінде сопылық дегенде белгілі бір киім формасы мен кереметтер ғана ойға оралатындар үшін бұлар – білуі тиіс маңызды мәселелер.
Салтан САЙРАНҰЛЫ