«Бірі етек, бірі жең болған» деп басталатын қысқаша терме сөзінің айтылу себебін Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің айтуы бойынша былай екен:
...Абылай хан бастаған қалың қол Қоқан шапқыншылығының бетін қайтарып, үлкен жеңіске жетеді. Жерімізді қоқандықтардан азат етіп, бітім болған соң Абылай хан Орта жүз бен Кіші жүз батырлары бастаған әскерін елді-еліне қайтарады. Өзінің хан ордасында Ұлы жүз сарбаздарын ғана сақтап қалады. Осындай өзгерісті сезген қоқандықтар қайтадан бас көтере бастайды. Осы бір жағдайды күні бұрын болжап аңғарған Бұқар би Абылай ханға кейіп былай дейді:
Бірі етек, бірі жең болған,
Ежелден саған ел болған.
Орта жүзден кісің жоқ,
Найзасының ұшы алтын,
Кіші жүзден кісің жоқ.
Енді бұған қарап тұрғаннан,
Басқа қылар ісің жоқ...
Бұл толғау алғашқыда ұзақтау болса керек. Ел аузында сақталып бүгінге жеткені осы ғана.
***
Абылай ханның айбынды қалың қолының Қытай шапқыншыларымен қалай соғысып, Абылайдың қалай жеңіске жеткенін белгілі жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Жанталас» атты тарихи романында (254-255) былайша баян еткен:
... «Бұқар жырау қытай әскерлерінің төртінші рет шабуылға шыққанын көріп тұрған. Қара құрттай қаптап келеді. Бір қазаққа жиырма қытай жабылғалы келе жатыр... Өмір бойы ішер асқа жарымай өткен, бірақ өз әміршілерінің зорлауымен соғысқа әкелінген қытай әскері шабуылға шыққанда өлген-тірілгеніне қарамайтын. Әлде қорлық өмірден өлгендерін артық көре ме, қарсы жауған оққа кеуделерін тоса, үнемі алға ұмтылатын, осыны көріп тұрған Бұқар жырау Абылай сұрағына асықпай жауап қайтарады.
· Қасқырдан қорыққан қойшыдан жақсы күзетші шыға қоймайды. Жауыңды жеңгің келсе, ең алдымен өзіңе –өзің сен. Әйтпесе бәріміз бірдей апатқа ұшыраймыз.
· Көңілімде бір күдік бар. Одан қалай құтылам?
· Жеңетініңе сенбей майданға шыққан қолбасшы өмірі ұзақ болмайды. Ондай кеселдің бір ғана емі бар.
· Ол қандай ем?
· Ажал.
· Ажал?
· Иә, ажал. Ол қандай дауасыз кеселден де құтқарады,-деп Бұқар жырау қазақ қолының жапырылып бара жатқан қанатын көрсетті. - Шап қазір ана тұсқа! Не ажал табасың, не өзіңе-өзің сенбейтін аурудан айығасың.
Абылай бұған бір ауыз сөз айтқан жоқ. Шалқұйрығын тебініп қап, жырау көрсеткен майдан алаңына қарай шаба жөнеледі. Бұқар жырау атынан түсті. Мойнына белбеуін салып, бір тізерлей отырып, Алласына «ақсарбас» айтып, жалына бастады... Абылайдың жалғыз шапқанын көрген қазақ жігіттері шегінуді тоқтатып, жауға қарай лап қойды.
- Абылай, Абылай!
- Аруақ! Аруақ!
- Таудан құлаған тастардай, өлген-тірілгендеріне қарамаған садақты, найзагер қалың қол алдарындағы шәрке табанды, қара қалпақ, қара шапанды, жаяу әскерінің алдыңғы шебін күл-талқанын шығарып, кейін қуа бастады.
...Қайтып оралған Абылай Бұқар жырауға:
Қолбасшыға – күдіктенудің серік емес екенін енді ұқтым! –деді.
Бүгінгі жеңіспен рухтанған Абылай ертеңіне де шабуылды өзі басқармақ боп, сауытын киіп, әскер алдына шыға беріп еді, Бұқар жырау:
· Ажалмен ойнама, сұлтаным. Шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ рет сынады. Бүгінгі артық! -деді.
· Ер жігіттің серігі тәуекел демеп пе едің, Бұқар аға?
· Жүз тәуекелдің бір тәубесі бар. Кешегі тәуекеліңе бүгін тәубе ет.