· Асан қайғы болған жердің көбінде мен де болдым. Түркістан, Сығанақ, Сайрам, Жаркент, Ташкент қалаларын көзіммен көріп, Балқаш, Жетісу өлкесін, Сарыарқаны араладым. Сонда мен не көріп, не білдім? Иә, көргенім де, түйгенім де аз емес. Оның ішінде менің ең алдымен көргенім талай қиыншылықты басынан өткізіп, барлық ауыртпалықты мойнымен көтеріп ұлан байтақ жерге ие болып қалған берекелі елім болды. Жер мен ел егіз.
Біраз демін алыпты да:
· Ата-ананың қадірін балалы болсаң, білерсің,
Ақ тәніңнін қадірін, жаралы болсаң, білерсің.
Бостандықтың қадірін, жазалы болсаң, білерсің.
Дәулетіңнің қадірін, мал кеткенде, білерсің.
Ажарыңның қадірін, сән кеткенде, білерсің,
Тіршіліктің қадірін, жан кеткенде, білерсің.
Аңдып жүрген дұшпанды дәл жеткенде, білерсің – деп Бұқар жырау халқымен ақтық рет қоштасыпты – дейді ел.
***
Бұқар жыраудың өте қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып Қаздауысты Қазыбек би келді. Төсекте жатқан Бұқар жырау:
· Бірден онға дейін санның мағынасын маған ешкім айтып бере алмады, Қазыбек, сен айтып берші, - деген екен.
Сонда Қазыбектің берген жауабы:
Бір дегеніңіз – бірлігі кеткен ел жаман.
Екі дегеніңіз – егесіп өткен ер жаман.
Үш дегеніңіз – үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман.
Төрт дегеніңіз – төскейге шыға алмаған кәрілік жаман.
Бес дегеніңіз – білікті адамнан белгілі бала тумаған жаман.
Алты дегеніңіз – аймағын билей алмаған адам жаман.
Жеті дегеніңіз – жетем деген мақсатына жете алмаған жаман.
Сегіз дегеніңіз – бастаған серкесіз қой жаман.
Тоғыз дегеніңіз – толғанғаныңыз.
Он дегеніңіз – өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз.
***
Абылай хан жоңғарларға қарсы бір жорықта алдын барлау үшін, мың адамды екіге бөліп, бір тобын Қарабұжыр Қанжығалы Жанатайға, екіншісін сол рудан шыққан ақсақал Бөгенбайға бастатып, ілгері жіберіпті. Екеуі де ханның ержүрек, сенімді батырлары екен. Батырлар ұзақ уақыт бойы орала қоймаған соң, Абылай уайымдап, өзінің көріпкел жырауы Бұқардан:
«Менің жігіттеріме не болды екен, оралмауына не себеп?» - деп сұрапты.
Сонда Бұқар айтыпты:«Жанатай Талқы арқылы барады, ал Бөгенбай Құлжан батыр секілді қиыннан жол тауып өтеді. Ал енді Хан-Баба болса, көп ұзамай қайтып келер. Талқының асуы қысыңқы әрі қауіпті» - депті.
Абылай ішінен Жанатайдың зор қауіпке душар болғанын сезді. Жырау сөзін жалғастырып: «Жанатай бұзып-жарып өтіп, ұлысын олжалайды. Жанатай әкелген аққұба қызды Абылай сұлтан алады» - дейді. Абылайдың айтуынша, сол жолғы болжалдың орындалуынан соң, төбесі көкке жеткендей зор қуанышқа бөленсе керек...
***
Абылай бірде халықты жинап, ұнамсыз ісі үшін ұлы жүздің биі Ерден батырдың ауылын шауып алуға жарлық беріпті. Ханның қаһарға мінгені сондай, бұл жолы оның қасына ешкім де маңайлай алмаса керек. Сондай жиналған халықтың сұрауымен Бұқар жырау ханға келіп бұлайша жыр толғаған екен: «Әй, Абылай, Абылай! Сенің даңқың Арсы мен Күрсіге жетіп, таумен таласты. Босатқан құлдарың бес қақпаға сыймайды. Алатаудан асыңыз, ашуыңызды басыңыз, сонда алашапанды Ерден құлыңыздың мал-мүлкі сексен сандық болып алдыңызға келмей ме?» - деген екен.
***
Қазақи сыйға сарттың жемісі қосылып, хан дастарқаны көз тойғысыз бай көрінді. Осы жиында айта қаларлықтай ой жарысы болды. Қонақтар ас жеп болғаннан кейін, хан бір сауал қойды:
· Дүниеде не нәрсе өлмейді, соны ойланып–толғанып тауып беріңдерші маған,- деді, және тауып бергендеріне тоғыз қылып сый ұсынатынын айтты.
Босағада тұрған жас билердің бірі ханның уәде еткенін алып келіп, көрнекті жерге қойды.
Осы мәжілісте аз адам болмаған, соның бәрі қарап отырсын ба, көз байғұс көргенше, тіл байғұс сөйлеп қалады дегендей, бірі отырып:
· Дүние-дүние болғаннан бері қарай тау-тау болады да тұрады. Қанеки, тау өле ме, өлмейтұғын нәрсе осы таулар болар, - дейді.
Сонда екінші ойшыл орнынан тұрып, көп ойланып, толғанып:
· Хан ием, өлмегенде не өлмейді? Аққан су өлмейді, дүние-дүние болғалы бері су сарқырап аққан. Суда өлу бар ма? Өлмейтұғын нәрсе осы ағып жатқан су болар, - деді.
Екеуінің сөзінен күмән тапқан тағы бір тақуа орнынан тұрып, таққа қарай бас иіп:
· Хан ием, өлмегенде не өлмейді? Аспандағы жұлдыз өлмейді, ай менен күн өлмейді! Дүние дүние болғалы ай-ай, күн-күн, жұлдыз-жұлдыз осы үшеуінде бір үзіліс бар ма? Нақ анық өлмейтін нәрсе осы үшеуі, -деді.
Төрде піл сүйегінен жасалған биік тақта отырған Тәуке хан «жарайды таптың» -деп айтпаған соң, сұранып сөйлеген үш ойшыл кібіртіктеп барып орындарына отырды. Қалғандары біреуі үй деп, біреуі бүй деп өздерін–өздері қостап біраз отырды. Сол кезде осыған дейін хан алдында белсеніп сөйлеп көрмеген Бұқар қатты ширығып толғаныс күй кешуде еді. Хан көкейіндегі сұрақтың жауабын тапса да соны тап бастым ба, әлде қалай болады деп, екінші жағынан қалай ұйқастырарын, соның ретін ойлап отырғанда, жаңағы үшеудің сөйлегені жақсы болды:
· Рұқсат болса, хан ием, мен көрейін, -деп, орнынан ұшатын құстай қомданып, еңсесін көтеріп алып, даусын кенеді де сөйлеп кетті:
· Алдияр,тақсыр!
Асқар таудың өлгені –
Басын мұнар шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені-
Аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен күннің өлгені-
Еңкейіп барып батқаны.
Айдын шалқар өлгені-
Мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердің өлгені –
Қар астында қалғаны.
Өлмегенде не өлмейді-
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді!-
анық өлмейтін нәрсе осы екеуі, хан ием! - деді. Сонда алтын тақта маңғаз отырған Тәуке орнынан шұғыл тұра келіп, үстінде жамылған қамқа тонды Бұқардың иығына ілді, уәзірі ұсынған алтын жиһанды бөркіне шанышты, бұйда белбеуді өз қолымен беліне буындырып, етегін толтырып тоғыз қылып сый берді.
***
Осындай бір отырыста жұрт қаумалап, қолқалап Қаз дауысты Қазыбекке ұсыныс жасады. «Бұқар бір ауыз сөзбен ханның он жамбасынан орын алды, төрінен шықты, сарай толы адамның бәрінен мәртебесі асып кетті. Енді қазақтың төріне шығардай тағы бір өнер көрсетсін, сонда Бұқарды елдің туы деп атауға лайық, соны бір сынап беріңіз, бір сауал қойыңыз» - десті.
Елдің кеу-кеулеуімен Қаз дауысты Қазыбек Бұқарға үш сауал қойыпты:
· Біріншіден, манат, қанат, санат дегеніміз не?
Бұқар:
· Алыстан қызыл көрінсе,
Манат емей немене.
Көтеріліп ұшқан соң,
Қанат емей немене.
Екі жақсы бас қосса,
Санат емей немене! – дейді.
Қазыбек:
· Екіншіден, шабан, жаман, сараң деген не нәрсе?
Бұқар:
· Қамшылатып жүгірген,
Шабан емей немене.
Айтқан сөзге түспеген,
Жаман емей немене,
Сұрағанда бермеген
Сараң емей немене! – дейді.
Қазыбек:
· Үшіншіден, арман, амал деген не, шекер, бекер деген немене екен?
Бұқар:
· Кісі ақысын көп жеген,
Арам емей немене.
Іштегі сыр Аллаға мағлұм,
Сыртыңдағы қулығың,
Амал емей немене.
Сусағанда берген су,
Шекер емей немене,
Хамматсыз ерге біткен мал,
Бекер емей немене?! –дейді.
Ентелеп тыңдап отырған қара құрым халық осы сөздерден кейін Бұқар жырауды төбелеріне хан көтеріп әкеткен.