Ғайбат сөзінің мағынасы – біреудің сыртынан жағымсыз сөз айту. Демек, бір адам екінші бір адамның бойындағы кемшіліктерін оның сыртынан басқаларға жеткізуін «ғайбат» дейді. Алла Тағала адам баласының тілін ғайбат айтудан тыйған. «Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Ия бұдан тіксінесіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар» (Хужурат, 12-аят) деп ғайбаттың қаншалықты жиіркенішті күнә екенін білдіреді. Ия, адам өз бауырының етін жеуге қалай дәті барады, әрі бұл жерде «өліп қалған бауырының» деуі арқылы одан бетер тіксіндіре түседі. Ақыл-есі дұрыс бір адамның, қоғамдық әрі мәдени тұрғыдан зиянды, жиіркенішті болған мұндай істі жасауы мүмкін емес. Аятта «Одан тіксінесіңдер» деуі арқылы адам баласының бұл істен жиіркенетінін білдіріп тұр. Ал, «Олай болса, Алладан қорқыңдар» деп Алланың тиым салған жамандығынан бойды аулақ ұстап, жасаған күнәларымыз үшін тәубә етуге шақырады.
Пайғамбарымыз (с.а.с) ғайбаттың не екенін түсіндіру үшін айналасындағылардан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдерме?», деп сұрайды. Олар: «Алла пен Оның Елшісі жақсы біледі» деп сөзді өз аузына салады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с): «Араларыңыздағы біреуіңіздің ұнатпайтын сөздермен өз бауыры жайлы сыртынан айтуы» дегенде бір сахаба топ ішінен, «Егер ол айтқандарымыз оның бойында бар болса, бұл да ғайбат бола ма?», - дейді. Cол кезде Пайғамбарымыз (с.а.с): «Егер айтқандарың оның бойында расында бар болса, онда оны ғайбаттаған боласың, егер ол сипаттар онда жоқ болса, оған жала жапқан боласың» (Мүслим) – деп қалай боғанда да тіллді ғайбаттан сақтау керектігін түсіндірген.
Басқа біреу жайлы жаман ойлаудың өзі ғайбаттың жасырын түрі. Бұл – суи занн. (Араб тілінен аударғанда «жаман ойлау» деген мағынаны білдіреді). Тілмен жамандауға тыйым салынғанындай, жүрекпен жаман ойда болуға да тиым салынады.
«Ей, иман келтіргендер, күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені күмәннің кейбірі – күнә» деп Алла Тағала Құран аяттарында да жаман ойлауға да тыйым салған. Себебі, жаман ой тек қана жүректе қалып қоймайды. Сонымен қатар, адам бойындағы кемшіліктерді іздейді. Аллаһ Тағала «Тіміскілеп, сыр іздемеңдер» деп ескертуі арқылы басқа мұсылмандардың қателері мен кемшіліктерін іздеуге болмайтындығын білдіреді.
Адам ойына келген әрбір жаман ой сүйіспеншілікті өшіріп, дұшпандыққа айналдырады және туыстық, достық қарым-қатынасқа нұқсан келтіреді. Сондықтан да жоғарыдағы аятта ғайбаттауға, суи занн (жаман ойлауға) тыйым салғанын Аллаһ Тағала ашық білдіреді.
Бұл зиянды әрекеттер арқылы өз өмірімізге өзіміз балта шапқандай боламыз. Адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен бауырмалдылық және жақсы әдеттерден алыстатады.
Ал, ақыретіміз жайлы тигізер зияны да ұшан теңіз. Бұрынғы жасаған құлшылықтарымыздың сауабын жоюмен қатар, ахыретте азапқа душар етері анық. Пайғамбарымызда (с.а.с) әрқашан сахабаларын бұл жаман әдеттен ұзақ болуға шақыратын. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Алла бір мұсылманға екінші мұсылманның қанын, малын, ар-намысын харам қылды», - дейді (Мүслим). Бұл хадиске зер салар босақ, материалдық зияннан да басқа, сөз арқылы біреудің ар-намысына тиіп, көңіліне қаяу түсіретін нәрселердің барлығы харам екенін білдіреді. Себебі, тән жарасынан гөрі жан жарасының жазылуы өте қиын.
Пайғамбарымыз (с.а.с) тағы бір хадисінде: «Ғайбат зинадан да ауыр күнә», - деген кезінде қасындағылар: «Уа Расулуллаһ қалайша?» - дейді. Сонда, Алла Елшісі: «Кісі зина жасайды, кейін тәубә етіп, кешірім сұрайды. Алла оны кешіреді. Ғайбат жасаушы жамандаған адамы кешірмейінше кешірілмейді» - дейді. Сондықтан да адамның көңілін кірлетіп, жан-жүрегін жаралайтын ғайбат, бір адамның жеке құқығына рұқсатсыз қол сұққан мен бірдей. Оны ең бірінші болып, ғайбатталған адам ғана кешіреді сосын барып, Алла кешіреді. Себебі құл ақысын, тек құлдың өзі кешірмейінше Алла кешірмейді. Ғайбаттаушы адам, ғайбатталған адамға жағдайды түсіндіріп, кешірім сұрауы керек. Бір адам ғайбат айтар кезінде еш қымсынбастан айтады да, кешірім сұрауға келгенде батылдық таныта алмайды.
Егер біреуді байқаусыздан ғайбаттап қойған жағдайда, - «мен сіздің артыңыздан жағымсыз сөздер айтып қойған едім. Сол қателігімді түсініп, сізден кешірім сұрап келіп тұрмын», - деп қателігі үшін кешірім сұрағаны абзал.
Ғайбатталған кісі де ақылдылық танытып, түсіністікпен егжей-тегжейді сұрамай-ақ «кешірдім, немесе ақымды адал еттім» дегені дұрыс. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей, кез-келген адам қателесуі мүмкін.
Пайғамбарымыздың (с.а.с) мына бір хадисіне зер салайық. «Миғраж түнінде тырнақтары жез бір қауымды көрдім. Олар беттері мен кеуделерін тырнақтары мен осқылап, жатты. «О, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?» деп сұрадым. «Бұлар адам етін жегендер мен ар-намыстарын аяққа таптағандар»деді.(Әбу Дәуіт)
Ғайбат – адамдардың қасықтап жинаған сауаптарын шелектеп төгеді. Адамның тілі – өзі кішкентай сүйексіз жұмсақ болса да дұрыс жолда пайдаланылмаса зияны тастан қатты, мұздан суық.
Пайғамбарымыз (с.а.с): «Аллаға және ақырет күніне сенген адам жақсы нәрселер сөйлесін, немесе үндемесін» деп ескертеді.
Аллаһ тағаланың адам баласына берген ең үлкен сыйының бірі ол – сөйлеу қабілеті. Осы сыйды өз орнымен қолданар болсақ, жәннатқа кіруге себепкер болмақ.
Тілді пайдасыз нәрселерге қолданбай, осы дүниеде абыройға жеткізіп, ақыретте жеміс беретін жақсы сөздер сөйлеуге қолданса, тіл жаратылу мақсатына сай өз міндетін орындаған болады. Сөйлеу біздерге нығымет, ал нығыметіміз зияннан гөрі есепсіз пайда беруі керек.
Егер сізді біреу ғайбаттаса, оның сізге әкелер зияны жоқ. Өйткені ғайбатталған адамның күнәларын ғайбаттаған адам көтеріп алады екен. Ғайбатталған адам сыртынан айтылған сөздерді естіп тұрып, өзі де ондайға бармай сабырлық танытса үлкен сауап болады. Табийндерден Хасан Басри өзін ғайбаттаған кісіге бір табақ құрма беріп, «Сауаптарыңды маған беріп күнәларымды мойныңа алғаның үшін рахмет» деп алғыс айтқан екен.
Пайғамбарымыздың (с.а.с) жанында жүріп, өзінен тікелей білім алып, насихаттарын әрдайым тыңдап жүрген сахабалары бірінің артынан бірі сөз тасып, ешкімге ешкімді жамандап, бір-біріне деген сүйіспеншілікті алыстатпаған. Мұндай жаман әдеттерден мүлдем алыс болған. Ғайбат айтудың арты жақсылық әкелмейтінін, бұл дүниеде жек көрушілікке және ахыретте азап шектіретінін жақсы білген.
Ақерке ТҰРҒЫНБАЙ,
«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің ұстазы.