АУЫЛҒА, ҮЙГЕ, ДАСТАРХАНҒА ҚҰРМЕТ

АУЫЛҒА, ҮЙГЕ, ДАСТАРХАНҒА ҚҰРМЕТ

788
4 мин
АУЫЛҒА, ҮЙГЕ, ДАСТАРХАНҒА ҚҰРМЕТ

Қазақ халқы қонаққа деген құрметі өте жоғары болған және қазірде үйіне қонақ келсе, жақсы күтіп құрмет жасайды "Қонақ - атаңнан ұлық" деген түсінікпен бар құрметін жасап отырады.

Ілгеріде елде жүргенде орталықтан алыста, қой бағатын шопан, халыққа қадірлі, сөз түсінетін, өткеннен ғибратты әңгіме көп білетін ағамыздың ауылына үш-төрт жігіт бірге қыдырып бардық. Мақсатымыз, далаға барып, жадырап, қойлы ауылдан құрт-ірімшік жеп, шұбат ішіп, ағамыздың таңға таусылмайтын әңгімесін тыңдау. Жақсы көретін інілері сәлем беріп келгеніне қуанған ағамыз қонақасыға семіз бір марқасын сойып, қазақтың киіз үйінде төрге қалың көрпелер төселіп, жатаюға жастықтар тасталып, дастарханын кең жайып, құр-ірімшігін, айран-шұбатын алдымызға молынан қойып, ауылдың қонаққа деген бар құрметін жасап отырды. Жайлауда, далада іргеден салқын самал ескен киіз үйдің төрінде, қазақтың кеңпейіл ақниетімен жайылған ақ дастарханынан дәм алып, әңгімеміз жарасып, өте көңілді отырыс болып жатқан. Қара қазанда қайнаған марқаның (тоқты) еті де пісіп қалған. Сыртта машинаның дауысы естілді, ағамыздың ұлдары үйден сыртқа шығып, келген қонақтарды күтіп алды. Сәлден кейін біз отырған үйге сәлем беріп үш кісі кірді. Қалада тұратын ауылдың жігіттері екен, қолдарын жуып, жас ретімен дастарханға жайғасты. Аман-түгел сұрасып болған кезде тамақ та дайын болыпты. Ағамыздың баласы:

– Машинада отырған кісі үйге кірмей ме, тамақ дайын болды,-деді.

Сол кезде ағамыз:

– Ау, ол кім, неге үйге шақырмадыңдар, тез барып шақырып кел, үйге кірсін!?-деді. Сол кезде соңынан келген кісілердің бірі:

– Аға, ол жігіт өзге ұлт өкілі, қарным тоқ, тамақ жемеймін деді,-деп жауап берді.

Ағамыздың жүзінен реніш байқалып:

- Жігіттер, қай атаңнан көріп едің, ауылына келген қонақты үйге кіргізбей, сыртта отырғызып қойған. Үйге келген қонақтың кірмей, дастарханнан дәм ауыз тимей сыртта отыруы қазақ үшін үлекен айып екенін білесіңдер ме!?-деді. Кісінің бірі:

– Ағасы, ол кісі біздің дәстүрімізді білмейді, -деп еді. Ағамыз:

- "Жолға шықсаң жолдасыңды тауып шық, ... " деген, жолға шыққаннан кейін, азаматтар жолдастарымен бірге жүруі керек, ас та, ат та ортақ. Бірінен екіншісі еркшеленіп, өзгеше қылық көрсету көргенсіздік болады. Айып сендерден, өзге ұлт болса, қазақтың ауылға келуі, үйге кіруі туралы неге түсіндіріп айтпадыңдар, ауылға келген қонақтың үйге кірмей аттан түспеуі, үйге кірген қонақтың алдына қойған астан дәм татпауы жау кісінің, не ақыл-есі кем кісінің қылығы екенін білесіңдер ме, үйіне келген қонақ үйге кірмей, көлікте отырғанда қай қазақтың бойына жеген асы сіңіп, әрқайын отырады. Ауылға келген қонақтың үйге кірмей, дайын асқа қарамауы, ауылды, үйді, ақ пейілмен жайылған дастарханды құрметтемегені, ауылдың азаматтарын сыйламағаны болып есптеледі. Қазір көлікте отырған кісіні үйге кіргізесіңдер, болмаса ... деп, қабағын түйіп, сөзін аяқтады ағамыз.

Бізден кейін келген қонақтардың бірі үйден сыртқа шығып, көлікте отырған кісімен біраз сөйлесіп, үйге кіргізді.

Осы оқиға әлге дейін ойымнан шықпайды. Кезінде ауылға соқпай өтіп бара жатқан жолаушының ізінен қуып жетіп, жөн сұрасып, "ауылға қайтыңыз, қонақ болыңыз" деп, қонақ күтуді мәртебе санаған қазақтың ұрпағымыз ғой. "Қонақ күтуден айырылған қазақ, көп нәрседен айырылған қазақ" деген екен заңғар жазушы Мұқтар Әуезов.

Оңдасын ОРАЗОВ

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс