ҚАРТТЫҚ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

ҚАРТТЫҚ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

346
5 мин
ҚАРТТЫҚ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

Қарттық аяғымды тұсап, үйден шығармай, отбасында көгендеп қойды. Қолым қалтырап, түрегелсем, тізем дірілдеп, буыннан әл кеткенімен, көкірегім сайрандай ашық, ақылым тетік, көзім әлі де қырағы. Ойдың жүйріктігін кісі қартайып, бөстекке тұтқын болғанда ғана біледі екен.

Ел іші, ақыры үй шаруасына айналысып, тірлікке алданбағаннан кейін, өткен-кеткеннің барлығы ап-айқын болып, көкірегінде сайрап, көз алдында жолдай жосылып тұрады екен.

Тоқсан түрлі шешуі бар торқа сияқты іліге, түйіле шатысқан өмірдің тоқымасын тоқсандағы қарт шешуі оңай ма деп те қаламын.

Бірақ та төріңнен көрің жақын болғаннан кейін, денеден кеткен күш ойды өрге сүйреп, қанды қайнатудың орнына, жаныңды көрге сүйреп, тәніңді күннен күнге дамыл таппай суытқанын сезген соң, сарғайған жапырақтай, дымқылға түсіп шірігендей, кей кезде ойға терең сүңгіп отырып, мүлгіп-қалғу қарттықтың серуен жолдасы екендігіне бүгін көзім де, ақылым да айқын жетіп отыр.

Кеудіреген қарт денені ой кернеп, сыздауықтай сыздататын мезгіл де аз көрінбейді. Тек өткен-кеткен ғана өне бойы ми қонағы болып тұра да бермейді.

Кей кезде болашақты да ойлайсың. Бірақ та оған өзің жетпеуге көзің анық жеткендіктен бе, тап осы кездегіні, болашақты, сенікі емес - балалардікі деген өзімшілдік мінез пайда болып, егер де өмірімнің мен татқан ащы-тұщысынан білгенімді айтсам, тағы да жастардың біреуі "Мына алжыған шал не деп ақыл айтып былшылдап отыр"-ды естіртіп айтпаса да, ішінен айта ма деп қаймығып, бар сырыңды ішіңе сақтап отыра береді екенсің. Зерігесің, ойдан да қашық болғың келеді. Сарғайып, сазарып отыра берген соң, қайтадан ой қоршауына қалай түсіп, мүлги қалғаныңды оянғанда бір-ақ сезесің.

Жастар көзінің қырымен қарай беріп, біріне ымдай жымиып саған күледі. Әдеп тұтқаннан шаршап, кей кезде баланы оятқандай сөзіңді дұрыстап ішінен мысқылдайды, ақырында қарттарды ашық келемеж қылудан тайынбайтын немере-шөберелер де құдай ақын, жоқ емес, меніңше, көп те. Оларға ызаланып, құсаланатын да дәрмен аздықтан ба, әйтеуір елемеген болып отыра бересің.

Өйткені олар ойлап, ұялып басылмайды, басынады - төбеңде ойнайтын әсіреңкіліктері де болмай қоймағанда, "басыңа келсінді" қарғап ойламайсың, "көп жаса" деген тілекпен айтқаныңды сезгенде, қарттықтың ішінің сонша кеңдігіне таң қаласың.

Менің тірлігім - ой,

ой үстінде қалғу.

Қалғу - менің тұлпарым,

ұйқы - менің желмаям.

Көзім ілініп кетсе,

жаһан кезіп, серуендеп шаршағанымды бір-ақ сезем. [...].

Қарттықтан мүгедек болып отырып, өзіңді-өзің бұл дүниеге ертең-бірсігүні кететін қонақ санағандықтан ба, кісі өмір қадірін қартайғанда шыныменен-ақ біле ме деймін. Қартайған сайын жан тәтті бола ма деймін. Ақырғы күнінде ешкімді ренжіткің келмейді, біреудің көңілі қалмасын деген пікір ойыңнан кетпей, жастардың бәріне "қарағым-шырағымды" алдап, айлалау үшін емес, шын ниетіңмен-ақ жақсы көргендіктен айтасың.

Кімге болса да жаманшылық ойламайсың, бәріне де Алладан жақсылық тілейсің. Өзіңнен кішілердің барлығы көзіне әртүрлі құлпырған гүл сияқтанып көрінеді.

Қарт кісі жастарға гүлге мейірімденгендей мейірімденіп, қызыға жаны ашып, аяулы мінезбенен қарайды екен, олар бақытты болса, шын ниетіңмен қуанады екенсің, бақытсыздығына, жеңіл-желпілігіне кәдімгідей-ақ кәрі қабырғаң қайысып, қынжыла қайғы ұрғандай боласың. Елдің барлығына бақыт тілейсің. Бәрі бірдей жақсы болып, өмір қызығын уайымсыз өткізсін дейсің. Бұдан бұрын қарттықтың соншама ақниет, мырза екеннін кім біліпті. "Бала да бір, қарт та бір" дейді қазақ. Мүмкін, дұрыс шығар. Баланың ойы алға жүйрік болса, қарттың ойы артқа жүйрік, шапшаң, күнәлі өткен өмірді мезгілде аралап шыға келеді. Баланың ойы - тәлтіректеген тапыр-тапыр ұйытқи соққан қиыр ұшы, байланысы жоқ қызық ой, қарттың ойы - тіс қаққан тетік ой - белдер асып, қырға шығып, кейін өз ізіңе өзің қарап, қисық-қыңырын сынақ көзбен көрген мезгілдей болғандығынан болуы керек деймін. [...] 

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

"Мен - халқымның Бауыржанымын" кітабынан үзінді, Алматы, 2017

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс