Бірде мешітке бір диуана кіріпті, оның мұнда құлшылық жасауға келгені белгілі. Бірақ ол отырмады. Ол айналасына, әр бұрышқа мұқият түрде қызығушылықпен және шатаса қарап, олай-бұлай жүрді де, кенет асығыс мешіттен шығып кетті.
Біраздан соң ол қайтып оралды, бұл жолы арқасында байлап алған бір құшақ отын бар еді. Жамағат намаз оқымаққа сапқа тұрғанында ол да барып соңғы сапқа тұра қалды. Ол намазды қинала оқып шықты. Өйткені әр рүкуғқа барып, сәждеге жығылған сайын арқасындағы отыны сықырлап, шашылып - шұм жасап, жанындағы намазхандарға кедергі жасаған еді. Намаз құрғыр ақыры бітті-ау!
Осы кезде мешітте айқай-шу басталып кетті: жан-жақтағы адамдардың бәрі оған айқайлап, айып тағып жатты.
Бұл шу имамға да жетті, жұрт әлі айқайлауын жалғастыруда.
Имам да осы маңда тұратын. Ол бұл диуана мен оның ерекшеліктерін жақсы білетін. Сосын ол диуананың жанына келіп, жаны ашығандай боп, оған қарап:
- Бауырым, намазды осылай, арқасындағы отынымен оқушы ма еді. Өзің де қиналып біттің, басқаларға да қаншама кедергі жасадың. Тағы да намазға келетін болсаңыз отыныңызды үйіңізге тастап келіңіз, жақсы ма?!-деді.
Диуана ол кісіге жымиып, ықылассыз түрде:
- Сіздер намазды олай оқымайсыздар ма не?-деді.
- "Олайы" қалай сонда?-деп таң қалды имам.
Жұрттың бәрі, болып жатқан әңгімені тыңдап, ауыздары ашылып айналасына жиналып қалған. Сол кезде диуана:
- Тақсыр, мен мешітке намаз оқуға келіп едім. Орналасайын деп жатқанымда, адамдарға қарасам, -әрқайсысының арқасында әр түрлі жүк. Сосын мен: "Е-е, намазды осылай оқу керек екен ғой,"-деп, барып отынымды алып келіп едім. Не үшін басқалардың бәріне ренжімей, маған ғана ренжіп тұрсыз?!-деді.
Сасып қалған имам:
- Қалай, сонда менің де арқамда жүк болды ма?-деп сұрады.
- Иә,-деді диуана, - арқасында жүгі жок ешкім жоқ, бәрінің арқасында жүк бар.
Намазхандардың бәрі диуананың бұл сөзіне күліп, “жынды ғой енді, бұдан не аларсың,”- деп мазақ қылып жатты. Диуана сосын алға қарай бір қадам аттады да: алдында тұрған адамдарға қарап, біртіндеп айта бастады:
- Қараңыз тақсыр!
- Мына кісі- болашақ сәбиін ойлап армандауда!
- Мына кісінің арқасында - самсап, жеміс сап тұрған алма ағашы!
- Мына кісі - сынып қалған есігін уайымдауда!
- Мына кісінің ойында - қазан тола тамағы!
- Ал мына кісі - қуырылған тауығын жесем деп ойлануда!
- Мына кісінің көз алдында - сұлу бойжеткен!
- Ал мына кісі - ауырып жатқан кейуана анасын ойлауда!
Сосын қолдарын түсіріп, басын шайқап, өкіне:
- Өкінішке орай, Құдайды ғана ойлап тұрған ешкімқ жоқ, ешкім жоқ...
Мына сөзді естіген адамдардың бәрі таң қалып, бастары төмен салбырап, бір-біріне қарады - өйткені оның айтып тұрғанының бәрі рас еді.
Себебі шынымен де біреуі болашақта дүниеге келетін баласын ойлауда еді, екіншісі - бақшасындағы самсап жеміс сап тұрған алма ағашын ойлап тұрған болатынды, үшіншісі - сынып қалған есігін қалай жөндеймін деп уайымдауда еді, төртіншісі - ләбкесіндгі пісіп тұрған тамағын ойлап еді. Келесісінің қарны аш, сондықтан қуырған тауық жесем ғой деп ойлағанды, оның жанындағы кісі - сұлу аруын ойлап тұр еді, ал соңғысы - ауырып жатқан кәрі анасын уайымдап тұрған болатын.
- Ал енді менің арқамда не зат болғанын айтыңызшы?-деп сұрады имам.
Сосын диуана:
- Бәрінен де мені таң қалдырғаны сіз болдыңыз тақсыр... Сіздің арқаңызда алып сиыр тұрды. Имамның үйіндегі сиыр ауырып қалғанды, намаз беріп жатып, имам сол сиырын уайымдап: “Жазылар ма екен, әлде бауыздап жіберсем ба екен?!”-деп ойлап тұрған екен.
“Ескі жұртта қалғандарды мазақ етіп, жақтырмай жүрмеңіз, ескі үйінділер астынан қазына табылатын кездер болады.”
Нағыз көретіндер - ол жүрек көздерімен көрушілер.
Даналық Әлемі
аударған Жүрсін Кәрім