ҚАНЫПЕЗЕР АКУЛА (Ғибратты әңгіме)

ҚАНЫПЕЗЕР АКУЛА (Ғибратты әңгіме)

279
3 мин
ҚАНЫПЕЗЕР АКУЛА (Ғибратты әңгіме)

Бір мұхитта үлкен Акула өмір сүріпті. Қаныпезер, жалмауыздығы сонша — жолында кездескеннің бәрін қарпып, жалмап, асай беруге құмар екен. Ол ештеңеге мән берместен, алдына келгенді асап жіберіп, дәмі ұнаса — жұтып, ұнамаса — қайта түкіріп тастап кете беретін.

Ол келе жатса, мұхиттағы су жануары, жәндіктері үлкен демей, кіші демей, қашқақтап жүреді екен. Соған масаттанған ол одан сайын өршелене ұмтылып, өзін — "мәңгі өлмес, ешкім жеңбес" сезінеді екен.

Оның бір арманы — анау аспандағы Күннің бір шетін тістеп алып, жұлып жеп көру еді. Сол үшін де кейде тереңірек батып барып, бар күшімен су бетіне шапшиды, әйтсе де күн тым алыста еді, жеткізбейді. Ал майда жұлдыздарды Акула менсінбейді. "Оны құрт-шабақты сүзіп жейтін Кит жесін, ал Күн менің азығым болуы тиіс" деген қатып қалған арманға жету үшін, соған жетер күш жинау үшін, жолындағы жеуге болатынды жалмап тастауға бар.

Алайда Акуланың сескенетін бір жануары — үлкен көк Кит еді. Дәл соған әлі келмесін білетін ол кейде Киттің қасына жүзіп барып, онымен тілдесіп, әңгіме-дүкен құратын. Китке қарап:

"Сен сондай үлкенсің. Саған Құдай үлкен ауыз берген. Сен бір қарпып асағанда, тонналап асайсың, сөйте тұра, сен асағандарыңды сүзгіден өткізіп, соған ілінгенін ғана жейсің.

Ол дұрыс емес, саған мол қылып асауға мүмкіншілік берген екен, пайдалан, ауқымдырақ асап-асап ал" дегеніне Көк Кит:

"Еее, ақымақ-ай, маған ертең де жейтін ас керек. Ертең өмір тоқтап қалардай, бәрін жалмап тастаудың қажеті қанша? Өйте берсең, бір күні темір қармақ қабуың мүмкін. Сондықтан қанағат керек,"—деп жауап берген екен. Оған тоқталар жалмауыз Акула ма? Киттікіндей үлкен аузы болмағанына ызаланып, майда-шүйде жәндіктерді қырып-жойып жүре берді.

Сөйтіп жүріп, жақсылап ұрынды. Күн түсіп тұрған жақтан жыбырлап ілініп, қан сасып тұрған жемтікті ашкөздікпен асап жіберді келіп. Оның инесі мықты қармақ екенін білген уақытта қайта түкіре алмады. Ышқынды, жұлқынды, алайда ашкөздікпен асқазанға дейін жұтылған темір қармақ жібере қоймады. Акула не болғанын да түсінбей, көзді ашып-жұмғанша, үлкен бір кеменің палубасында күнге күйіп жатты.

Ия, Күн. Өзі сонша армандаған Күн! Дәл қасында, енді жақыннан күйдіріп, өлтіріп барады. Қалың брезент киінген адамдардың бірі келіп, үлкеен пышақпен қарнын тіліп жібергенде, Акула соңғы рет армандаған күнге соншалықты жиіркенішпен бір қарады да, демі үзіле берді....

М. Кенжебаев. Бейнеу.

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс