ҚАНША АДАМ БОЛСА, СОНША ЕСІМ ДЕ БАР

ҚАНША АДАМ БОЛСА, СОНША ЕСІМ ДЕ БАР

536
9 мин
ҚАНША АДАМ БОЛСА, СОНША ЕСІМ ДЕ БАР

Жуырда шежіре кітапты қайта қарап отырып, ондағы адам аттарының сонша алуан түрлілігіне тәнті болдым. Содан, неге сонша түрлі ат қоя береді дегенге ден қойдым. Ең әуелі сахара даласындағы еркін көшпелі өмірдің әсері көп болғанын байқадым. Төрт мезгілде төрт жұртқа ауысып қонатын қауым мезгіл мен жер атауын да есте қалдыру үшін Қыстаубай, Күзеубай, Жайлаубай, Жұртбай, Күземхан, Көлжан, Шеңкірбай, Мамырбек, Елгелді, Маусым, Шілдебай... деп, осы атаудың түбіріне «хан» мен «бекті» қосып және түрлендіріп, нәресте уақыттың қай шағында туғанын да ескеріп, Түнғатар, Таңатар, Таңшолпан, Сүмбіле, Күнтуған... деген есімдер де тізіліп кете береді екен. 

Ежелгі діни сенімнің салт-дәстү­рімізге мықтап сіңгені сонша – сәбиді тіл мен көзден қорғау мақсатында не сияқты елеусіз, қадірсіз аты-жөн қою да белең алған. Бұл тұрғыда Көтбай, Көтібай, Шылғау, Ұлтарақ, Боқаш, Мұрындық, Бұқпа, Қорқақ... деген секілді атпен қатар: Әбіті, Әдіке, Ершіке, Мәйтіке, Міке, Майынты, Тасатқан, Дәкібас, Құлала, Тақырбас... іспетті мән-мағынасыз да ат қоя салады екен.

Ислам дінінің қазақ арасына таралуына сәйкес, Құдайберді, Алдаберген, Исламхан, Көпжасар, Мыңжасар, Тәңірберген... секілді атпен қатар, сахабалардың құрметіне қойылған Хамза, Омар, Оспан, Әубәкір, Әли, Дәуіт, Ысқақ, Мағауия, Әлиәкбар, Зейнолда, Нұрмолда, Имамағзам, Әбдімүлік, Әбділда, Әбдіқадыр, Хасен, Масқарғали, Қабдолда, Нұрғайша, Нұржамал, Мүгүлсін, Айша, Хадиша, Бәтима... деген есім де бар. Құранды ашып оқып тікелей кәлима-сөздерін қойса да, өзіміз қазақы ат ретінде санаға сіңірген Қасипа, Қасиман, Қабира, Иасира, Кәусар, Құнапия, Кәбиран, Кәсиран... бұл тіпті қисапсыз. 

Бұл мысалға дәлел ретінде Қазақ еліндегі атақты адамның есім-сойынан бірнешеуін атасақ, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мәлік Ғабдуллин, Дінмұхамед Ахметұлы, Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейіс, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин...сынды есімдер соңғы ғасырлардан бері үздіксіз жалғасып келеді.

Біздің қазақ қауымы есте қалатын дәуірлік алапат өзгерістерді де жадында сақтау үшін бұрын-соңды аталмаған жаңа есімді де ойлап тапқан: Төңкеріс, Өзгеріс, Балшабек, Сиез, Депутат, Делегат, Мельс, Меңгіліс, Жиналыс, Құрылхан, Бұқара, Милиан... Бұл – Қазанның қанды төңкерісінен бері жалғасқан қазақы аты-жөн, оның да анда-мұнда сонша түрі бар екен. 

Екінші Дүниежүзілік соғыстың қасіре­тінен көңілді аулаған Жеңіс, Жеңісбек, Жеңісбайлар да сол кезеңдегі аты-жөннің жаңа туындылары. Осы соғыста халқымыздың даңқын асырған Бауыржан, Әлия, Мәншүк есімін алғандар ат қоюда атақты адамды үлгі етуді ұстанатын тағы бір ерекше мінезімізді көрсетеді. 
Дәл сондай ұжымдасу, колхоздасуға орай Бірлестік, Бірлесхан, Қауымдас, Бірлес, Ұйымдас, Негділхан... қатарлы ұлдың аты Моңғолия қазақтарына тән болып келеді. Және осы керей қазақтарының батыстан шығысқа, шығыстан қайта батысқа қарай ауып көшкен жүздеген жылы, осы кезде туған ұрпақтың аты-жөнінен айрықша көрінеді. Хангелді, Халипа, Алтай, Шіңгіл, Қобдабай, Торғауыт, Дөрбет, Шеңкірбай, Халқабай, Бұлғынжан, Моңғолхан, Жағышын, Мұңылбай, Көбен, Ұйғырхан, Ауғанбай, Халқабек, Ойдым, Суыр... бөтен өлке, бөтен жұрттың ішіне барған кездегі қойылған өзгеше аттар.

Қазақ жұрты қыз баласына ат қою­дағы әсемдік эстетикада алдына жан салмаған, мұндай есімдердің өзін тағы да қаншама салаға жіктеп айтсақ та, тауыса алмаймыз. Гүлаза, Ақбота, Аяулым, Қырмызы, Бисара, Ақбөпе, Аяжан, Гүлмаржан, Ақылдария, Ақмарал, Айбота, Күншуақ, Гүлсара, Айсұлу, Гүлдария, Ақерке, Гүлназ, Меруерт, Ақжібек, Жадыра, Жанерке, Раушан...

Тағы бір қызығы, әрбір әулеттің қызына сай есім таңдағаны да таңғалдырады, менің Дәуіт деген жездемнің үлкен әулеті бүкіл қызына тек құстың атын тауып қойған екен: Тотықұс, Қырғауыл, Бұлбұл, Торғай, Көкек, Көгершін, Көкүйрек, Бөдене, Шүрегей, Балапан, Аққу, Ұлар, Кекілік, Тұйғын... деп жалғаса береді. 
Бізге жамағайын бір ағамыз ұлдарының есіміне тек «жан» жұрнағын жалғай беріпті, оның інісі де осы үрдісті жалғас­тырып кеткен: Ержан, Досжан, Бекежан, Мағжан, Байжан, Еркежан, Есжан... Біржан, Батыржан, Кірісжан, Есенжан... осылай жалғасады. Ал қыздарына тек «ия-ға» аяқталатын ат қойған: Кәтия, Тәния, Ләтия, Зия, Дусия, Зүлфия, Күлия, Ләния, Лия, Шағия, Сәпия, Әсия, Дүрсия... Енді, дәл осылайша, жұрнағын тек, «жол», «хан», «бек», «бай-мен» әдіптеген аттардың өзін аңдатсақ, оның да ұшы-қиыры көпке созылады. 

Қазақта өз отбасында ұл тілеумен туындаған тағы бір сала аттың бар екені де өзге халықта жоқ қызық үрдіс: Жаңылған, Ұлболсын, Ұлболған, Ұлмекен, Дәметкен, Дәмей, Жаңылыс... және сәбиі шетінеп артынан балалы болғандар Төлеген, Төлепберген, Төлеубай, Тілеген, Өтепберген, Тілеуберді, Жәрдембек, Есенгелді... дейді.

Тоқсаныншы жылдан кейін діни сенімге еркіндік берілген соң Қазақ елінде араб текті аты-жөн қоюдың баяғыдан кейінгі екінші дәуірі кең етек алды, мұны қуануға да, сақтануға да боларлық үдеріс дейміз. Оспандар мен Омарлар, Абдулла мен Әбдірахмандар, Тәсним мен Әсиялар мектеп жасындағы балалар арасында мыңдап саналады. 
Бұл аталғандар қазақ жұртының туған баласына ат қоюдағы ең негізгі көп салалы ұстанымына шолу ғана. Әйтпегенде, мұның өзінен ерекше бір ғылыми еңбек қорғауға жетерлік тіл ғылымының бір саласы деуге тұрарлық рухани-әлеуметтік құбылыс. 
Яғни тіл байлығымыздың бір көрсеткіші деуге тұрады. Соған байланысты тағы бір ойды мұнда айта кетудің жөні келіп тұр. «Совет халқы» деген жылмағай шовинистік саясаттың астында қалған Қазақ елінде өзінің төл тілінен біртіндеп жеріту үрдісі «жемісті» жүргенін білеміз. 

Өз ана тілін білмеу мін емес, отаршыл иесінің тілін білмеу аса ұят саналған жылдары, мұндағы қазақтардың ат қоюы да қатты «стандарттанғаны» байқалады. Мінеки, советтенген жалпақ Қазақ еліндегі ұлдың аты: Берік, Серік, Ерік, Мұрат, Марат, Қанат, Талғат, Дәурен, Дәулет, Бекет, Бекен, Асқар, Қайрат, Ербол, Асан, Нұрлан, Қуат, Болат, Мақсат, Ержан, Елдос, Ұлан... Қыздың аты Жанар, Анар, Дана, Диана, Мөлдір... Яғни қолданбалды төл тілінің қадірі кеткен сайын, адамның еркін ойлауы да шектеле бастағаны осы аты-жөн еркіндігіне де әсер еткені көрінеді. Бірақ басқа аттың түрі де жетіп-артылады, әрине.

Сөз соңында айтпағым, қазақ халқы адамның аты-жөнін қою жағынан алдына жан салмайтын ерекшелігі бар екені. 
Бұған дәлел ретінде өз басым жақсы білетін моңғол, түрік, орыс, арабтардың аты-жөн атауларының өте кедейлігін салыстырдым. Моңғолдарда Будда дініне байланысты өздері мағынасын білмейтін Тибет текті атаулар тобы Дорж, Лхагва, Цэрэн, Дамдин, Ойдов, Дамиран, Чойжил, Даш, Даваа, Өлзий... осы қатарлы шектеу­лі аттар әрбір адамында өте мол. Ал өздерінің тілінде Баяр (Мереке), Цэцэгээ (Гүл), Бат (Берік), Төмөр (Темір), Туяа (Сәуле), Цог (Шоқ), Нэргүй (Атыжоқ), Эрдэнэ (Байлық, Асыл), Баатар (Батыр), Жаргал (Бақыт), Баянтүмэн (Байжігіт), Гэрэл (Сәуле)... Осы текті шолақ атаудан аспайтын үрдіс қалыптасқан. 

Түріктер, негізінде, Ислам дініне байланысты өзгертілген араб текті бір шоғыр атаудан аспайды: Махмуд, Мехмед, Селжук, Зия, Абдулла... төңірегінде қайталанған көп «адастар» өз тегі – фамилиясы арқылы бір-бірінен әрең ажыратылады. Әрине, ежелгі түрік текті атаулар да жоқ емес, бізге таныс «Ердоған» іспетті. 
Орыстардың аты-жөнін мұнда сөз қылу да артық секілді. Ивандар мен Владимирлер, Александрлар, Наташа, Нина мен Валя, Танялар бүкіл орысты қамтығанын білмейтін кім бар. 

Арабтар да дәл сондай адам аты қалыптасқан шеңберден шықпайтын әдетте екені олардың әдебиеті мен діни кітаптарынан айқын білінеді. 

Бізге мүлде беймәлім, кітаптан ғана білетін арғы тегі ағылшын, испан, португал, итал текті латынамерикалықтардың аты да егіз қозыдай ұқсас тіпті, ата-баба, әке-бала аттарын біріне-бірін қоя бер ме деп те қалдық. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романындағы Аурелиано мен Аркадио аттарынан оқырман ретінде әбден шатасасың...

Сонда деймін, жер шарындағы жалпы санымыз жиырма миллионға жетіп-жығылатын қазақтың ең кемінде он бес миллион түрлі аты бар шығар дегенге кәміл сенемін. Олай десек, осынша түрлі, бірін-бірі еш қайталамаған аты-жөніміздің атаулары біздің сөз байлығымыздың саны десек, талас жоқ деп ойлаймын. Әрине, бұл пікірімді қазақтың лингвист-ғалымдарына қалдырамын, менікі қаламгер ретіндегі жеткізу ғана...

Абай МАУҚАРАҰЛЫ

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс