«Мың бір түннің» әйгілі кейпкері, әділетті әмірші Харун Рашит сарай бағында құлпырып өскен қызыл раушанды қатты ұнатқан екен. Гүлдің түсі де, жапырағы да сондай көз тартатын. Бір күні ол:
– Мына гүлді көргенде, бір демалып қаламын. Сен осы гүлге мұқият қара, суарып жүр, жапырақтары солмасын. Басыңмен жауап бересің! – деп бағбанға бұйырады.
Бағбан әміршінің айтқанын бұлжытпай орындап жүреді. Бірақ күндердің бір күнінде гүлге келіп қонған бұлбұл құсты көргенде бағбанның жүрегі суылдап, көңілінен маза қашады. Ерке құс ұшып-қонып, гүлдің жапырағын түсіріп кетеді.
– О, патшам! Анау бұлбұл, – деп солығын әрең басады бағбан. – Гүлдің жапырағынан түк қалдырмады. Не істейміз енді, не істейміз?!
Көпті көрген Харун Рашит сабырлық сақтап:
– Абыржыма, бұлбұлдың істегені алдынан шығады! – дейді. Көңілі жайланған бағбан баққа қайтып оралады. Арам шөптерді жұлып отырғанда, әлгі бұлбұлды бір жыланның ұстап алып, ирелеңдеп бара жатқанын көреді. Дереу әміршісіне өз көзімен көргенін айтып келеді:
– О, патшам! Гүлдің жапырағын жұлған құсты бір жылан ұстап алды.
– Қапа болма, жыланның істегені де алдынан шығады! – дейді халифа.
Бағбан қайтадан баққа барады. Жерге еңкейе бергенде, әлгі құс ұстаған жыланды көріп, шошып кетеді де, қолындағы күрегімен бір ұрып өлтіреді.
Сөйтіп, әміршісіне қайта келіп:
– О, патшам! – дейді бағбан. – Құсты ұстаған жыланды күрекпен ұрып өлтірдім.
– Айтарға сөз жоқ, сенің де істегенің алдыңнан шығады, – дейді халифа.
Халифаның дегені болады. Бір күні бағбанның бақталасы келіп, екеуі шайқасып қалады. Бағбан оның басын жарып қойып, сотқа тартылады.
– Зынданға лақтырыңдар! – дейді халифа.
Әбден қалжырап біткен бағбан бұрылып әміршісіне қарап:
– О, патшам! Бұлбұл құстың істегені алдынан шығады деп едіңіз, ақыры оны жылан жұтты.
Жыланның да мұнысы алдынан шығады дедіңіз, оны мен өлтірдім. Маған да жаза кесілді. Ал сіз ше? Сіздің алдыңыздан ештеңе шықпай ма? Егер айтқаныңыз рас болса, шығады ғой, – дейді.
– Сонда не дегің келеді? – деп сұрайды әмірші.
– Мені кешірсеңіз, сізді де басқалар кешіретін болады.
– Бағбанды босатыңдар! – деп бұйырады халифа.
– Баудағы жұмысын жалғастыра берсін!
Сол бір сәтте уәзірлер:
– Жазасын бермесеңіз, айыбы сол күйінде қала береді, – деседі.
– Жо-жоқ, – дейді Харун Рашит.
– Әр адамның істегені алдынан шығады! Бұ дүниеде көрмесе де, о дүниеде еселеп тартады.
Ал ұйқылы-ояу жүрген ғапылдар оны түсіне бермейді. Алланың әділдігі солай!
Кісінің жасаған қайыры да босқа кетпейді...
"Бір қайыры бар дүние" кітабынан