АДАМ СҮЙГЕНІНЕ АПАРА ЖАТҚАН СЫЙЛЫҒЫН САНАЙ МА...

АДАМ СҮЙГЕНІНЕ АПАРА ЖАТҚАН СЫЙЛЫҒЫН САНАЙ МА...

1504
1 мин
АДАМ СҮЙГЕНІНЕ АПАРА ЖАТҚАН СЫЙЛЫҒЫН САНАЙ МА...

Шаңқай түс. Күн ыссы. Медреседегі дәрісін тәмәмдап ауылына қайтып келе жатқан бозбала шәкірттің арқасындағы қоржыны бос болғанмен, көңілі тоқ. Шәкірт жолай бұлақ басына келіп дамылдады. Шөлін басты. Дәрет алып, көк шөптің үстіне шапанын жайып жіберіп намаз оқыды. Сосын бір талдың көлеңкесіне жайғасып, қолына тәспісін алып, жүзін құбылаға қарай бұрып, көзін жұмды. Күн еңкейіп, ыстық қайтқанша отыра тұрмақ.

Сүт пісірім уақыт өтті ме, өтпеді ме бозбала шәкірт отырған талдың тұсынан бір жас бойжеткен өтіп бара жатты. Бір қолында түйіншек, екінші қолында себет толы алма. Шәкірт қызды, қыз шәкіртті көрді.

– Қайда барасың? – деді бойын бірінші болып жинап алған бозбала.

Қыз:

- Сүйіктім сонау таудың баурайында шөп шауып жүр, соған сусын, алма апара жатырмын... Өз бақшамыздың жемісі, – деді көзін төмен салып.

Бозбала:

- Себетіңде қанша алма бар? – деді. Үнсіз қалғанды ыңғайсыз көріп.

Қыз:

- Адам өзінің сүйгеніне апара жатқан сыйлығын санай ма екен? – деді жымиып. Соны айтты да жас сұлу жолын ары қарай жалғастырды.

...Шырт ұйқысынан шошып оянған шәкірттің қолындағы тәспісінің жібі үзіліп, тастары көк шөптің үстіне домалап жатты.

Мұрат РАҚЫМЖАН

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс