АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА...

АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА...

2045
3 мин
АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА...

Ертеде бір-бірімен тетелес өскен екі ағайынды жігіт әйел, бала-шағасымен бір шаңырақтың астында өмір сүреді. Екеуі де, әйелдері де әй-шәй деспей, тату-тәтті ғұмыр кешеді. Енші алып бөлек кету, тіпті, ойларында да болмайды. Балалары да туған бауырдай бір-бірімен араласып-құраласып кетеді. Олардың мұндай татулығына сүйсінген ауыл адамдары бір күні екеуінен мұның сырын сұрағанда, ағасы «інімнің мықтылығы шығар» десе, інісі:

«Ағамның кеңпейілдігінің арқасы ғой. Ата-анамыздың тәрбиесі осындай болатын», - деп жауап береді. Мұны естіген әйелдері (яғни абысындар): «Бұл жерде біздің де бірталай үлесіміз бар-ау, бұлар соны ескермеді ғой. Онда бір қызық жасайық», - деп өзара жоспар құрады. Арада біраз уақыт өткенде, ет жеп отырған інісіне әйелі:

 - Осы қайын ағам біздің балаларымызға үнемі артқы сирақты береді. Көрдің бе, өз балаларына адамдардың алды болсын деп алдыңғы сирақты беріп отыр», -  деп сыбыр ете қалады.

Мұны естіген күйеуінің көңіліне күдік ұялап, ойланып қалады. Осындай ұсақ-түйек дүниелер жинала келе, інісінің көңілінде ағасына деген ыза, кек пайда болады. Кез келген нәрсеге бола ілінісіп, үнемі керісіп жүреді. Ақыры араларына сызат түсіп, інісі басқа жаққа қоныс аударуға бекінеді. Ашуы тарқамаған күйі «үйді жығып қой» деп әйеліне тапсырма береді де, өзі ауылдастарынан үй көшіретін ат іздеп кетеді.

Алайда, ешкімнен жарамды ат таба алмай, кешке үйіне келсе, әйелі үйді жықпай отыр екен. «Жықпағаның дұрыс болыпты, ешкім ат бермей жатыр» дейді салы суға кетіп.

Әйелі: «Олай болса, бір қойды сой, кешкі астың қамын жасайық» дейді де, малдың сирақтарын алып, «мынаның алдыңғы сирағы қайсы, артқы сирағы қайсы, айырып берші», - дейді.

Күйеуі ары қарап, бері қарап, ажырата алмаған соң ағасынан барып сұрайды. Ағасы да ажырата алмайды. Сонда әйелі:  «алдыңғы сирақ пен артқы сирақты ешкім де ажырата алмайды. Біз сіздердің сыйластықтарыңыздың қай жерге дейін жететінін сынамақ болып, осындай айлаға барған едік», - деп назданады. Сонда өзінің қателігін бірден түсінген інісі ыңғайсызданып: «Етіңді көбірек сал, етіңді көбірек сал, менен бір қателік кеткен екен», - деп аға-жеңгесін қонаққа шақырып, кешірім сұраған деседі. 

Демек, туысыңмен тату болудың бірден-бір кілті -абысындар арасындағы сыйластық екен...

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс