Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін аса қадірлі, рухани мәні терең ұлық мереке. Оның бастауы Ибраһим пайғамбар заманынан жалғасып келеді. Құрбан шалу – Аллаға жақындаудың, шүкіршілік пен мойынсұнудың белгісі. Бұл – барлық пайғамбарлардың ортақ жолы болған хақ діннің маңызды ғибадаттарының бірі.
Қасиетті Құранда имандылардың Ибраһим пайғамбар жолына жақын екені баяндалады. Сондықтан құрбандық шалу – мұсылман үмбетіне де мұра болып жеткен қасиетті амал.
Зүлхиджә айының 9-күні – Арапа күні. Бұл күні қажылар құлшылықпен айналысса, қажылықта болмаған мұсылмандарға ораза ұстау – сүннет. Хадистерде арапа оразасының өткен және келер жылғы күнәлардың кешірілуіне себеп болатыны айтылған.
Құрбан айт мерекесі айт намазымен басталады. Айт күні мұсылман баласы таза киініп, хош иіс сеуіп, қуаныш пен мейірімнің көрінісін танытуы керек. Өйткені бұл – тек құлшылық қана емес, адамдарды жақындастыратын мереке.
Құрбандықты мүмкіндігінше адамның өз қолымен шалуы абзал. Құрбандыққа түйе, сиыр, қой және ешкі жарайды. Ал ауру, ақсақ, тым арық немесе кемістігі анық байқалатын мал құрбандыққа жарамсыз саналады.
Құрбан айт – жай ғана мал сою науқаны емес. Бұл – бірлік пен татулықты нығайтатын, мұқтажға көмек беріп, ағайынның арасын жақындататын мереке. Айт күндері адамдар бір-бірін құттықтап, реніштерін кешіріп, көрші-қолаң мен сырқат жандарды зиярат етеді. Осындай ізгі амалдар қоғамдағы ауызбіршілікті күшейтеді.
Ислам діні жамағатпен, бірлікпен өмір сүруге үндейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар үмбетті ынтымаққа шақырып, бөлінуден сақтандырған. Сондықтан Құрбан айт – тек діни мереке емес, елдің берекесі мен татулығын арттыратын рухани құндылық.
Құрметті ағайын!
Келе жатқан Құрбан айт мерекесі баршаңызға құтты болсын! Алла Тағала халқымызға амандық, бірлік, молшылық пен береке нәсіп етсін!