ЕРТЕРЕКТЕ...

ЕРТЕРЕКТЕ...

796
6 мин
ЕРТЕРЕКТЕ...

Ерте заманда бір саудагер базарда тұрып, патша сарайына тамсанып қарап: “Патша отбасында туылмағанымды қарашы… Ел басқарып, барлығын өзіме табындырып, рахат ғұмыр кешер ем. Таңнан кешке дейін сауда жасап, басым ауырмас еді” деп армандапты.

Сол кезде саудагерден нан сұрай келген бір бейбақ дүкенге көз салып: “Шіркін, мына дүкен иесінің арманы бар мекен?! Ауыр бейнет жасамай, таза жерде, саудасын жасап, ақшасын санап отырудың өзі бір ғанибет” деп қиялға беріліпті.

Бұйырғанын алып, дүкеннен шығып нан жеп кетіп бара жатқан бейбаққа көзі түскен арбакеш: “Бұл адамда еш уайым жоқ шығар, несібесі жолында, ешкімнің мұнда шаруасы жоқ, мұның ешкімде шаруасы жоқ” деп ойлапты.

Тірлігі қайнаған қалаға салтанаты келіскен сарайының терезесінен қарап тұрған патша: “Базардағы саудагер де, адамдарды тасып жүрген арбакеш те, тіпті анау жүрген қаңғыбас та несібесін теріп, күнін көріп жүр. Саясаттан, күндестіктен, бақталастықтан ада, қарапайым ғана тірлік кешіп жүрген адамнан артық бақытты жан жоқ шығар, сірә,” – деп ой түйіпті.

P. S. Өз бақытын тани алмағанға өзгенің бақыты шақ келмесе керек. Аспанға алақан жаямыз деп, біздегі баққа қол созғандар да бар екенін көрмей жатамыз.

***

Ертеректе айрандай ұйып отырған бір елдің шырқы кенеттен бұзыла бастапты. Жұрт бір-бірімен араздасып, ағайынның арасы ажырап, достар жауға айналыпты.

Мұның себебін анықтау үшін патша ел ішіне қызметшілерін жұмсайды. Құдайы қонақ ретінде үй аралап, адамдармен тілдескен қызметшілер қайта оралып, жағдайға кінәлі жалғыз ғана ғайбатшы бар екенін жеткізіпті. Патша сол адамды тауып келуді бұйырады.

Сарайға жеткізілген ғайбатшы патшаға да түрлі әңгімелер айтып, ойын алмақ болыпты. Патша қолына түскен қыш құмыраны алып тұтқынның алдына лақтырып жібереді. Құмыраның тас-талқаны шығады.

Ғайбатшы:

- Хан ием, құмыраны неге сындырдыңыз? - деп сұрайды.

- Сен мына құмыраны қайта жинай аласың ба? - дейді патша, - ойы бұзықтың сөзі қисық. Ойланбай айтылған сөз біреудің өмірін дәл осылай ойрандайды. Тіліңнен таптың, тағдырыңнан көр, - деп, патша ғайбатшыны жазалаған екен.

Бұл оқиға сол патшалықтағыларға сабақ болып, ой да, сөз де түзеліп, елдің берекесі қайта кіріпті деседі білетіндер.

P. S. Аузымыздан шыққанша сөзге біз иеміз, айтылған соң ол бізге ие)))

***

Ертеректе бір елдің патшасы бақшасын аралап жүріп, қураған ағаштарды, бұталар мен гүлдерді көреді.

Өсімдіктердің тілін түсінетін патша еменнен оның қарағай сияқты биік бола алмағаны үшін қурағанын біледі. Ал, қарағай жүзім сияқты жеміс бере алмағанына қапаланып қураған екен. Жүзім - раушан сияқты жұпар шашуды аңсап, сырқаттаныпты.

Гүлзармен серуендеуге бұрылған патша ерекше жайқалып өскен керемет гүлге кезігеді. Гүлдің сырына құлақ түргенде:

— Менің барым осы. Мен гүлмін, демек менің міндетім гүлдеу, жайқалу, көзге қуаныш сыйлау, көңілді көтеру. Сол себепті мен әсемдігім мен жұпарымды сайлап, өсуге күш салдым, - деген жауап алыпты.

P. S. Адамдар да осылай. Бойында жоқ қабілет пен қасиетті жоқтап, өзгелермен арпалысып жатқаны. Әр адам бойындағы титтей өзгешелігін өзі тани білсе, сол өзгешелігін дамытып, жетілдіруге күш жұмсаса, көп қателікке ұрынбас еді.

Ұмытпаңыз, Сіз ерекшесіз, маңыздысыз.

СІЗ БӨЛЕКСІЗ.

***

Ертеректе болса керек, бір данышпан шәкіртін ертіп, көлдің жағалауына келген екен. Табиғаттың тыныштығы мен үндестігіне тамсанып отырған ол біраз уақыттан кейін шәкіртінен:

- Адамдардың арасындағы қарым-қатынас үндестігі туралы не айтар едің? - деп сұрапты.

Шәкірті аз-кем ойланып:

- Егер олардың көзқарасы бір, түсінігі ортақ, тіпті ойлары үндес болса, қарым-қатынастың ең кереметі сол емес пе?! - депті.

Данышпан:

- Сен айтқандай болса, бір адам екінші адамның жәй ғана көлеңкесіне айналады. Адам ішіндегі “мен”-ді жоғалтады, - дейді. Таңырқаған шәкіртіне қарап, - Қарым-қатынас үндестігі - көзқарасы басқа болса да, түсініктері түйіспесе де, ойлары бір арнада тоғыспаса да бір-біріне құрметін сақтай білетіндерге тән құбылыс, - деп сөзін түйіндеген екен.

P. S. Құрмет - бағындыру да, бағыну да емес, шынайылықты бағалау. Ал, шынайылық - көңілдің айнасы, жүректің таразысы.

***

Ертеректе құзғын сауысқанмен дос болған ғой))

Сауысқан күнде:

- Сіз қыраннан асқақсыз, өйткені қыранның қырағылығы сіздікіне жетпейді. Бүркіттің түрі анау - бүкір, лашын да мақтауға түк лайықты емес, - деп құс біткенді тізіп ғайбаттай береді екен.

Құзғын сауысқанның айтқанына масаттанып, қураған ағаштың басында көкірегін керіп отыратын көрінеді. Ол үшін сауысқанның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс.

Құзғынның әлі күнге өлексе аңдып, өзге құстардан бөлектеніп күн кешуінің сыры осы дейді білетіндер.

Ал, басқа құстар құзғынның паңдығын байқамаған күйі тіршіліктерін жалғастыра беріпті.

P. S. Бұл жай ғана мысал. Дегенмен, ой салды. Құзғынның күнін кешпеу үшін әуелі сауысқаннан сақтану керек екен. Хакім Абай мұндай жағдайда «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деп кеткен

Gauhar Nurmahankyzy фб парақшасынан

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс