Құрбан шалу Адам атаның екі баласынан басталып1, Ибраһим ғс-нің баласы Исмағилді2 құрбандыққа шалуға шақ қалғаннан жалғасып келе жатқан сара жол.
Ислам дінімізде зекет және екі айт намазы секілді хижра/құтты көштің екінші жылынан бері кітап, сүннет және ижмағпен бекітіліп уәжіп іс болып саналады.
“Сен де Раббың үшін намаз өте және құрбан шал”3 - осы аяттағы намаз өте бұйрығы айт намазы, уәнхар/бауызда дегенде құрбан шалу.
Биылғы Құрбан 06 маусымға дөп келсе, ол жұма күні болып “әл-Хажжул-Әкбар” яғни “Ұлық қажылық” болмақ.
Құрбан4, қурб деген түбірден тарайды, сонда тіке сөздік мағынасына үңілсек жақындау, жақындықты (әңгімелесушіге бұрылу) білдіреді. Құрбанның сөздік мағынасы “жақындату, жақындата түсу” яғни Құдайға жақындата түскен әрбір іс Құрбан болмақ. Аллаһқа жақын хас құлдар делінгенде осы қурб сөзінен тараған “муқаррабун”5 деп келген. Әрине шарғи тұрғыда құрбан шалу дегенде “әнғам”6 яғни төрт түлік мал екенін баса айтып ескерткеніміз жөн. Олар: Түйе, сиыр, қой мен ешкі. Иемденіп, бағып қағып, игілігіне жаратып малым деп отырған айыртұяқ үй жануарлары.
Құрбан шалу дегенде ата-бабамыздан бері шүкір айна-қатесіз осы аталған төрт түлік мал шалынатынын жаппай жұрт жаңылмай білетінін мақтана айта аламыз.
Аталарымыз дін қыспаққа түскен кездің өзінде күн шықпастан бұрын құрбандықтарын шалып келген. Өйткені ол кезде айт намазы оқылмайды, оқуға тыйым салынғандықтан ешкімнің көзіне түспеу үшін ертемен шалып отырған.
Жарықтықтар құрбанның қасиетін қалт жібермей, Әз елші құрбан жайлы “Адам баласы құрбан айт күнінде қан ағызудан да сүйкімді басқа іспен Құдайға жақындаған емес...”7 һәм “... әрбір қыл-қыбырына дейін сауап аласыңдар...” 8 деген шүйінші хабарынан шабыт алып отырды.
Шабыт алсада шалқысада шариғат шеңбері, әдебі мен әдемілеп шалып келгенін жоққа шығара алмаймыз. Малды жақсы танып білгендіктен “еркек тоқты құрбандық” деген теңеу қалыптасқан. Қазіргідей қошқар, бұқа шаламыз деп тілін де шұбарламаған. Ниет пен ықыластан айнымаған. Құрбан - Құдайға жақындау дегенмен ықыласпен жағу екенін дәл түсіне білген. Өйткені Құран Кәрімде: “(Шындығына келсек) құрбандыққа шалған малыңның еті де, қаны да әсте Аллаға жетпейді, Оған сендерден жететін тек тақуалық қана...”9
Ет те, қан да зат болып табылады. Құрбанның етін таратып қоғамды бір-біріне жақындатуға себепкер болармыз. Ал Жаратушыға шынайы ықылас, хас ниетіміз һәм тақуалығымызбен ғана жақындай аламыз.
Құрбандығымыз қурб жақындай түсуге себепкр болғай!
Сілтемелер:
1. Бақара сүресі - 28 аят.
2. Саффат сүресі - 102 аят.
3. Кәусар сүресі - 2 аят.
4. Бақара сүресі - 28 аят.
5. Уәқиға сүресі - 88 аят.
6. Әнғәәм сүресі - 1 аят.
7. Термези, “Әдахи”, 1.
8. Ибн Мәжаһ, “Сәуәәбул-Әдахи”, 3118.
9. Хаж сүресі - 37 аят.
Баянауыл ауданы “Мұса-Мырза” мешітінің ұстазы
Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ