2018 жылы Ақсу ауданы Құркөл ауылының Жайлин Телжан Жанғабылұлы және Бакатов Мирас бастаған азаматтар ауыл тұрғындарын жұмылдырып жаңа мешіт құрылысының тағанын тартқан еді. Алайда ковид жылдары құрылыс ісі тоқтап қалған болатын. Осы істі қолына қайта алған азаматтар мешітті толығымен бітіріп, осы аптаның қасиетті жұма күні халық игілігіне тапсырды.
Жаңа мешіттің ашылуына ауыл халқы түгелдей жиналды.
Мешіттің ашылуына келген облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Қабаев Қанат осы сауапты амал туралы айта келіп, аталған азаматтарға және атсалысқан ауыл халқына алғыс білдірді.
Ақсу қалалық мешітінің наиб имамы Жомарт Семсерхан қасиетті Құран сүрелерін бағыштап, ауылдың құрметті ақсақалдары Шаяхметов Қаршыға Қабыкенұлы мен Капанов Теміржан Қапанұлы бастаған ақсақалдар ашылу лентасын қиды.









