قَالَ اللهُ تَعَالَى: وَمَٓا اُبَرِّئُ نَفْسِي إِنَّ النَّفْسَ لَأَمَّارَةٌ بِالسُّوءِ إِلَّا مَا رَحِمَ رَبِّي إِنَّ رَبِّي غَفُورٌ رَحِيمٌ. (سورة يوسف، 53)
Алла Тағала былай деді (мағынасы): «Сонымен қатар, мен өзімді әсте ақтамаймын. Өйткені қу нәпсі әрдайым жамандықты бұйырады Ал Раббым (нәпсінің азғыруынан сақтап) рақымына бөлегеннің жөні бөлек. Шүбәсіз, Раббым – Ғафур (өте кешірімді), Рахим (мүмін құлдарына ерекше мейірімді), – деді» . (Юсуф сүресі, 53-аят)
Имам Раббани (қ.с.) бір хатында былай дейді:
Уа, қадірлі балам! Біліп қой, адамға жамандықты емір ететін нәпсі (табиғатынан) мансап пен билікке құмар болып жаратылған. Oның бар тілегі өзі қатарлының бәрінен асып түсу. Нәпсінің қалауы – бәрінің өзіне мұқтаж болғаны және өзінің бұйрығы мен шектеуіне бас игені. Нәпсі бір нәрсеге мұқтаж болуды және біреуге бағынуды қаламайды. Міне, осының бәрі нәпсінің құдай болуға ұмтылысы, теңі мен ұқсасы жоқ Алла тағалаға ортақ болуға деген ынтасы. Тіптен бақыттан жұрдай нәпсі Аллаға ортақ болуды місе тұтпайды. Басқаның емес, тек өзі билеп, бәрі тек өзінің үкімінде болғанын қалайды. Құдси хадисте былай баян болады: “Нәпсіңе жауық, өйткені ол менімен жауықпақ болған”.
Нәпсінің мансап, өктемдік, жоғарылау, менменсу секілді қалауын орындап, оны өсіру, шынында Аллаға жаулық етуі үшін оған қолдау болу және сол үшін оны күшейту болып табылады. Олай болса, мұның жамандығы белгілі болса керек. Басқа бір хадисте былай дейді: “Үлкендік менің ридам, ал ұлықтық менің изарым. (Яғни бұлар тек маған тән). Кімде-кім бұл екеуінде менімен таласса, oны жаһаннамға саламын, ештеңеге қарамаймын...”
Пайғамбарларды жіберудегі мақсат пен діни жауапкершіліктегі хикмет те осы нәпсі әммарәның дымын құртып, оны әлсірету. Сөз жоқ, шариғат нәпсі қалауын жою үшін келген. Қашан да шариғатқа сай бірдеңе істелсе, ол нәрсе нәпсінің қалауын өзіне тиесілі мөлшерде жоқ қылады. Міне, сол себепті нәпсі қалауын жою мәселесінде діни үкімдердің бірін орындау нәпсі тарапынан (яғни нәпсіге ұнайтын) жасалған бір жылдық риязат пен нәпсіге қарсы күрестен артық. (Mәктубат Имам Раббани, 1-том, 52-хат.)