ФАНАТИЗМ – ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ КЕСЕЛ
ФАНАТИЗМ – ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ КЕСЕЛ
12.10.2023 12:55
553
0

Бұл күнде «фанат», «жанкүйер» деген сөздерді жиі естиміз және қолданамыз. Әсіресе, спорт пен өнер саласында жүрген азаматтардың жанкүйерлері көп. Әлеуметтік желілерде де «фан парақша», «фан клуб» деген ұғымдар жиі ұшырасады және әсірежанкүйерлер өздерінің миссияларын белгілеп алған. Өздері ұнататын әртіс немесе спортшының «жақсылығын асырып, жамандығын жасырады». Ал шын мәнінде «фанатизм» деген не? Бұл термин қазаққа қайдан келді? Фанатизм мен жанкүйерліктің айырмашылығы бар ма?

Футбол жәнефанаттар

Фанатизмді адамзатты дұрыс жолдан жаңылыстыратын құбылыс деп білетіндер көп. Яғни, санасына сіңіп қалған идеялардың құлы болып, соны ғана дұрыс санап, өзгелерді жау көретіндер бар. Ал «Уикипедия» ашық энциклопедиясында фанатизм түсінігіне мынадай анықтама беріледі: «Фанатизм (лат. Fanaticus – құрбандық) – индивидтің белгілі бір сенімдерге қатысты басқа ешқандай баламаны қабылдамайтындай болып қалтқысыз берілгендігі; бұл оның іс-әрекетінде және басқалармен қарым-қатынасында айқын көрінеді».

Жалпы, фанатизм туралы сөз болғанда, ең алдымен футбол жанкүйерлері ойға оралады. Биылғы жазда бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған әлем чемпионаты да фанаттарсыз өтпеді. Футбол – ойын немесе спорт қана емес, ол үлкен бизнес. Жанкүйерлер арқылы маркетингтік жобалар жүзеге асады. Спорт тек жеңіспен өлшенбейтінін, ол адам айтқысыз пайда көзіне айналғанын қазір жұрттың бәрі біледі. «Футбол мәдениеті» деген термин қалыптасып, әлеуметтік сипат алған командалық ойынның дүниежүзінде миллиардтаған жанкүйерлері бар.

Батыс елдеріндегі фанаттар үшін сүйікті командасы туған бауырынан да артық. Ұлы­британия, Испания, Италия, Азия елдері арасында Түркияда футболға деген жанкүйерлік шектен шыққан. Бұл мемлекеттерде отбасымен футболшылардың белгілі бір командасына жақтасатын үрдіс берік қалыптасып, Түркия елінде футбол фанаттарын фильмдер арқылы да насихаттайды.

Фанаттар өзін істейтін жұмысы, жататын әлеуметтік тобы, тіпті, ұстайтын діни ағымынан гөрі сүйікті құрамасы арқылы маңыздырақ сезінеді. Сондай-ақ, фанаттарға ойындардың маусымдық сипаты қатты ұнайды. 90-жылдары Индиана университетінің психологы Эдвард Хирт нағыз фанаттардың өз командасының жеңісі мен жеңілісін өзінің жеке басының жеңісі немесе жеңілісі деп есептейтіндерін анықтаған. Яғни, өз өмірімен сәйкестендіреді. Команда жеңіске жетсе, фанаттың миы қанағаттанушылық сезіміне жауап беретін нейромедиатор бөледі екен. Ал жеңілсе, стресс гормоны – кортизол бөледі. Өз эмоциясына ие бола алмай, тіпті қалшылдап кететін адамдардың жан-дүниесін психологтар қауіпті симптомға жатқызады. Діни фанатизм сияқты мұнда да шектен шыққандық бар. Дамыған елдерде аталған адамдардың ішкі дүниесіне үңіліп, тиісті бағасын берген зерттеулер жетерлік. Бет-аузын бояп алып, жанұшыра айқайға басу, ағыл-тегіл жылау – спорттық субмәдениет. АҚШ-тағы Мюррей университетінің профессоры Дэниел Вэнн 350 футбол фанатының арасында ұзақ уақыт зерттеу жүргізген. Әсірежанкүйерлік ақырында «науқас» деп танылған. Әсіресе, жалғыз қалатын, досы жоқ, ұжыммен де қоян-қолтық араласа алмайтын адам фанатизмге жеңіл беріліп, оның ең басты құндылығына айналатынын дәлелдеді мамандар.

Кей мамандар спорттағы фанатизмнің бірнеше деңгейі болатынын айтады. Мысалы, футболда стадионға келіп, ойынды тамашалап, тыныш қана қайтатын адамдар болады. Олар командаға үлкен қолдау білдірмейді. Екінші бір топ – фанаттар, яғни, команданың тарихын жатқа білетіндер, жүрген жерлерінде сүйікті командасының сувенирлерін сатып алатындар. Ал одан кейінгі кезең – ультрастар. Олар трибунада шоу жасауға, үлкен перфоманс жасауға тырысады. Теледидардан көретін үлкен баннерлер, шоуларды солар ұйымдастырады. Тіпті, олар өз командасы үшін қарсыластарымен төбелесуге дейін барады. Қазір біздің елде ультрастардан гөрі фан-клубтар жақсы дамыған. «Қайрат», «Астана», «Ақтөбе» футбол клубтарының фанаттық топтары қазір сүйікті командаларына айтарлықтай қолдау білдіреді. Соңғы уақытта «Ақтөбе» футбол клубының ахуалы нашарлап, қаржылық қиындықтарға тап болғаны белгілі. Сол кезде «Ақтөбе» жанкүйерлері құраманың қарызын өтеу жолында өз еріктерімен қаржы жинауды қолға алған. Бұған дейін Түркияның жанкүйерлері дәл осылай «Бешикташ» клубын аман алып қалған еді. Тарихқа үңілсек, клубты жойылып кетуден жанкүйерлердің көмегімен сақтап қалған мысалдар бірнешеу екен. Мысалы, ағылшынның «Портсмут», испандық «Реал Овьедо», немістің «Санкт-Паули», румыниялық «УТА», үндістандық «Спортинг Клаб» жанкүйерлерінің арқасында өз тарихын жалғастырып келеді.

Психологтар фанаттардың ешқашан адекватты күйде болмайтынын алға тартады. Өйткені олармен сөз таластыру мүмкін емес. Әр жеңісті тым шектен шыққан эмоциялармен қабылдайды. Ал жеңілістерді ауыр қабылдаса, өміріне қауіпті болатын түрлі келеңсіз оқиғаларға тап болуы мүмкін. Ең мықты фанат – өз-өзінің психикасына иелік ете алатын адам. Қандай қиын-қыстау сәттер болсын оны сабырлықпен қабылдағандар нағыз фанаттар.

Биыл Ресейде өткен әлем чемпионаты да фанаттардың тосын әрекеттеріне толы болды. Мәселен, Аргентина құрамасының жанкүйерлері бас бапкерді балағаттап, бетіне түкірген. Жанкүйерлер тарапынан шабуыл қақпаға екінші және үшінші гол салынғаннан кейін басталды. Олар бапкерге түкіріп, трибунадан суы бар бөтелкелер лақтырған. Бұл жағдайлар Аргентина футболшылары Хорватия құрамасынан 0:3 есебімен жеңілгенде орын алды.

Әлемге әйгілі жандар да футбол командаларына жанкүйер болудан қашпайды. Мысалы, Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ «Арсенал» командасының 50 жылдан бергі жанкүйері. «Зеңбірекшілер» құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Сеск Фабрегас: «Патшайым футболға қызығады, біздің жанкүйеріміз, мені танитынын айтты», – деп зор мақтанышпен сұхбат берген. Фидель Кастро мен Усама Бен Ладен де ағылшындық командаға жанкүйер болыпты. Американың 42-ші президенті Билл Клинтон «Челсиге» болысып, талай ойындарына арнайы келген. Оның жақтастары Гай Ричи, Гвинет Пелтроу сияқты танымал актерлар. Жастардың сүйікті әншісі Джастин Тимбэрлейк «Манчестер Юнайтед» десе ішкен асын жерге қояды. Онымен бірге трибунадан әнші Рианна, актер Брэд Питт, боксшы Майк Тайсон, Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози жанкүйерлік етеді.

Жанкүйерлікжанқиярлықболмауытиіс

Жанкүйерлер мен фанаттар тобын футбол клубтары мен спортшылардың айналасынан ғана емес, өнер саласында да жиі кездестіруге болады. Қазіргі күні әртістердің көбеюі – әлемде асқынып тұрған дерт. Мұндай әдеттің елімізге де ентелеп, есіктен еніп келе жатқаны көңілді құлазытады. Жастардың белгілі бір адамға немесе топқа құлдық ұрып, табынуға дейін баруы, әсте қуанарлық жайт емес. Өнер адамдарының жанкүйерлері өздерін сол адамның еңбегін бағалайтын, ризашылық білдіретіндер санатына қосады. Олар өздерінің сүйікті әртістерінен жаңа белестер күтеді, жанкүйерлердің әртістерге деген жақсы қарым-қатынасы талантты жанға қуат сыйлайды деп сенеді.

Бірақ бүгінгі күні кейбір өнер адамдарының таланты мен шығармашылығына ғана емес, жеке басына табынатындар көбейіп барады. Әрбір өнер өкілінің өзіндік тыңдарманы, көрермені бар. Өкінішке қарай, олардың бәрі бірдей саналы түрде жанкүйер болмайды. Мәселен, әлемдік және отандық әртістердің кей жанкүйерлері бар уақытын өз идеалдарына арнап, айналадағының бәрін ұмытады. Көрші Ресейде жанкүйерлер әртістердің соңынан аңдып, олардың баратын жерлеріне алдын ала барып, түрлі плакаттар мен суреттермен қарсы алуды әдетке айналдырған.

Психологтар адамдарға әркез идеал қажет екендігін айтады. Алайда мамандар фанатизмнің психологиялық ауру екенін де жоққа шығармайды. Осылай жанкүйерлік етіп жүргендер арасында соңында нашақор, маскүнем болып кететіндер де бар көрінеді. Олар шынайы өмірдің не екенін ұмытып, өздерінің сүйікті әртістері үшін ас-су ішуден бас тартып, тіпті, жанын қиюға да дайын болады. Батыс елдерінде мұндай жағдайлар көп кездеседі. Бір өкініштісі, соңғы уақытта біздің елде де осындай жанкүйерлер көбейіп келеді. Әлеуметтік желілерде сүйікті әртістеріне арналған парақша ашып, сол арқылы өз идеалдарына деген махаббаттарын жеткізеді. Тіпті, әртістер үшін бір-бірімен қырқысып, сөз таластыратын жанкүйерлер де жетерлік.

Бүгінде жанкүйерлерінің қатары күн санап көбейіп жатқан әртістердің көш басында ерекше дауысымен әлемді тамсандырған Димаш Құдайбергенов тұр. Әлемде Димаштың сан мыңдаған жанкүйері бар. Әсіресе, қытайлықтардың қазақ баласына деген ықыласы ерек. Қытайда Димаштың жанкүйерлерінен аяқ алып жүруі қиын. Сүйікті әртістерін көргенде көзінің жасын көл қылатындар да көп. Тіпті, Димашты бір-бірінен қызғанатын жанкүйерлер әлеуметтік желілер арқылы қырықпышақ болып жатады. Қытайлықтардың «Димашқа ешкім тиіспесін» деген бастамамен қол жинағаны да әлі ешкімнің жадынан шыға қоймаған болар. Олардың бұл әрекетіне Димаштың бетінен қазақ қызының сүюі себеп болған еді.

Ал жас әнші Ернар Айдардың жанкүйерінің бірі отандық телеарна бағдарламасы арқылы әртіске деген ыстық ықыласын білдірген. Сүйікті әншісімен скайп арқылы байланысқан жанкүйер әртістің екінші әйелі атануға дайын екенін жайып салды. Бұл да әсірежанкүйерліктің бір дәлелі іспеттес.

2016 жылы Нью-Йоркте өткен концерт кезінде құлағы қанаған америкалық әнші Бейонсенің табынушылары әртіске деген құрметтерін көрсетіп, қанды флешмоб ұйымдастырғаны бүкіл әлем елдерін шулатқан еді. Олар әншінің жалғыз емес екенін көрсету үшін құлақтарын кесіп, әлеуметтік желіге суреттерін жариялады. Әлеуметтік желі қолданушысының бірі оның рухани күшін қайта қалпына келтіру үшін бірігіп, қан төгулері керек екенін айтқан.

Әлемнің кез келген бұрышында ливерпульдық төрттік «Битлздың» фанаттары жетерлік. Солардың бірі – алматылық Ильхам Аюпов үйінің қабырғасына сүйікті тобының суреттерін арнайы салдырғаны барлық ақпараттық порталдарда жарияланған. Оның футболкасынан бастап белдігіне дейін «Битлз» бейнеленген. Ал әйгілі Леди Гага Майкл Джексонның шынайы түрде фанаты екенін дәлелдеді. Ол жуырда әйгілі әншінің заттары қойылған аукционда Джексонның 55 киімін сатып алды. Леди Гага Майкл Джексонның заттарын сатып алу үшін біршама шашылып, жалпы бас-аяғы бұл аукционда 55 киім үшін 5 миллион доллар көлемінде ақша жұмсаған екен. Дәл осындай әрекеті арқылы Гага әйгілі поп-әншіге лайықты құрмет көрсетуге ұмтылған. Ол өзінің твиттердегі парақшасына: «Мен сатып алған 55 киімді ұқыпты сақтаймын. Бұл әрекетім арқылы Джексонның өнері шын мәнінде құрметке тұрарлық екенін дәлелдегім келеді. Киімдер арнайы қоймаларда, мамандардың қарауында сақталатын болады» деп жазды.

Міне, жанкүйерлер өздерінің сүйікті командалары үшін де, үлгі тұтар тұлғалары үшін де қолдағы барын беруге дайын тұрады. Бірақ бұл аса қолдау танытатын құбылыс емес. Мамандар да фанатизмнің психологиялық ауытқу екенін растайды. Белгілі қазақ жазушысы Дулат Исабековтің «Қарғын» атты романындағы бас кейіпкер Жасын Мәдиев күнделігіне: «Таңданушыны өз пікірін қайтаруға немесе сүйіспеншілігін бәсеңдетуге болғанмен, табынушыны бетінен қайтару қиын. Ол культ пен фанатизмге ұқсас. Фанатизм мен парасат қатар өмір сүруі мүмкін емес, өйткені олар бір-біріне жау ұғымдар. Фанатизм тек «сауатсыздық» деген ортада «гүлденер» болса, парасат білімді ортада өніп-өседі. Демек, адам неғұрлым көп білген сайын өзінің бұрынғы таңданып, табынып келген нәрселеріне қайта баға бергіш болады», – деп жазады.

Қалай десек те, бүгінгі қоғамда жанкүйерлік пен жанқиярлықты шатастырып алған жандар бар. Ал оларға жанкүйер болудың жөнін ұғындырар ешкім жоқ. Біреудің еткен еңбегін бағалай білген дұрыс. Алайда еңбекті бағалауды жеке адамға табынумен өлшемей, барлық әрекетті саналы түрде бақылап отырған абзал.

Әсел ӘНУАРБЕК

 

0 пікір