ОРАМАЛ
ОРАМАЛ
03.01.2024 13:15
420
0

«Негізінде ауырлықпенбіргежеңілдікбар»

(«Инширах» сүресі, 5-аят)

Бұл күн менің жүрегімде ұлы төңкеріс жасап, Жаратушы Жаббар Иеге талпындыра түсті. Ислам дінінің мен білмейтін таңғажайып кереметтері ақиқат есіктерін айқара аша берді…

Қасиетті Жұма күні ұстазымыз көмекке шақырған еді. Орамалды әдеттегідей артқа тағып бардым. Кенеттен ұстаздың жолдасы үйіне келетін болды да, мен ұялғанымнан мойынымды жауып, хиджаб етіп тақтым. Бұл – мен үшін үлкен сабақ болды. Үйге келген соң, санамды «Неге мен тек дін қызметкерлерінен ұялуым керек? Неге мешітке ғана орамал тағып, көшедегі күнәдан қорықпаймын?» деген сауалдар билеп алды. Алла Таъаланың бұйрығына бойұсынбай, тақуалық киімін әлі де кимегеніме намыстанып, қатты ұялдым. Ұзақ ойланған соң, Аллаға ғана сенім артып, тәуекел етіп хиджаб кидім. Бұған дейін ата-анамнан хиджаб киюге рұқсат сұрағанымда, кері жауап қатқан еді. Сол себепті оларға айтпай қоя тұруға шешім қабылдадым.

Қысқы демалыс кезінде үйге қайтуға жинала бастадық. Сол кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ақшам намазын оқып, пойызға шығатын болдық. Намаздан соң әлемдердің Раббысына жалынып, ата-анама һидаят беруін сұрадым. Сапардағы адамның дұғасы қабыл болады ғой. Жол бойы жатсам да, тұрсам да Алла Тағаладан «Орамалымды Қияметке дейін қыла гөр! Ата-анама түсінік бере көр!» деп жылай сұрадым. Іштей Жаратқан Иемнің өз құлдарының дұға тілеген қолдарын бос қайтарудан ұялатынын ойлап, бірнеше қайтара «Шын мәніндеқиыншылықпенбірге бір оңайлықбар»(Инширах,6) деген аятты оқи бердім. Пойыз да діттеген жеріне жетіп, түсетін уақыт жақындады. Анашым қуана қарсы алып, орамалым жайлы әңгіме қозғамады. Қыл үстінде жүргендей әрбір сөзіме абай болып, қандай жағдай болмасын көркем мінез танытуға тырыстым. Алланың қалауымен бұл жолы ата-анам орамалыма тиіскен жоқ. Демалыс уақыты аяқталып мен қайтадан Көкшетауға жол жүрдім. Сенесіз бе, Алланың сынағы осы кезден басталды. Мектепте оқу тәжірибесінен өтіп жатқандықтан университетте болған олимпиадаға қатыса алмай қалдым. Бұл әрекетіме ренжіген анам орамалымды қозғай бастады. Кішкене кезімде әжемнің қолында өскен соң ол кісінің сөзі жүретін еді. Кеңес заманы діннен алыстатып тастаған себепті үлкен кісілердің тарапынан қарсылық болатыны белгілі еді. Барлық туысқандарым тоқтаусыз қоңырау шалып жатты. Ауылдағы ата-әжем, барлық туысқандарым орамал тағуыма түбегейлі қарсы болды. Тіпті, ауылға енді келмеуімді сұрады. Әкем мен анам олардың сөздерінен аса алмай, маған екі жолдың бірін таңдауымды айтып, шарт қойды. Орамалымды шешіп, өз қалама оқуымды ауыстыруым керек болды немесе үйден мүлдем кету. Ашуға мінген көкелерім қыздарын менен алыстатып, «адасып» кетулерінен қорықты. Кейбірі ата-анама тұрмысқа беру керектігін құлаққағыс етіп қойды. Осы сұрақтарға басым қатып, шақшадай басым шарадай болды. Барлығына шыдауға болады, бірақ анам ащы дауыспен жылағанда, ішім алай-дүлей болып, жанымды қоярға жер таппадым. Әкем бір сөзінде, таныс жолдастары дін істері агенттігінде істейтін болғандықтан, сол кісіге барып орамалдың үкімін сұрайтындықтарын жеткізген еді. Ойым сан-саққа кетіп, ұстазға бардым. Ақылын айтқан ұстазым мәселенің бір шешімін айтты. Ұстаздың жолдасы имам болатын. Сол кісімен кеңесе келе, біздің қаладағы әкемнің дін істері агенттігіндегі досына хабарласатын болды. Бұл – ата-анамның құлақ асып, тыңдайтын бірден-бір таныстары еді. Сол күндері жүрегім тыншымай, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған жағдайға жеттім…

Мектепте жүргенімде, анам қоңырау шалды. Одан соң, әжем, көкем, туысқандарым. «Тағы не болып қалды екен?» деген оймен телефон тұтқасын қорқа көтердім. Алла пәк! Анашым дауысы дірілдей: «Мен бақытты ана екенмін. Сен секілді қыз жоқ екен. Бізге барлығын түсіндірді» деп жылап жіберді. Дін істері агенттігіндегі қызметкер анама өзі хабарласып: «Ақмола облысының имамы телефон соғып, сіздің қызыңыздың Ханафи мәзһабын ұстанып, тура жолда екендігіне кепілдік берді. Оған қоса, жергілікті имам да Сіздің қызыңызға кепілдік беріп отыр. Шындығына келер болсақ, мен де оның оқитын кітаптарына қарап тура жолда екендігіне 3-ші адам болып кепілдік беремін. Керек болса, мен хиджабты түсіндіріп, ауылдарыңызға барайын. Тіпті, көкесіне хабарласып, орамалдың хикметін түсіндірейін»,- деп оранған қыздың дәрежесінің жоғары екендігін айтыпты. Одан соң көкем телефон соғып, артық кеткендігін айтып кешірім сұрады. Бәрінен бұрын әжемнің менімен сөйлескенше жаны тыншымаған екен. Үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін жағдай болып, Алла Тағаланың тығырыққа тірелген жерден жол тауып шығаратындығына көзім жетті. Кеше ғана оқудан шығайын деп тұрған жағдайым Алланың қалауымен 180º-қа өзгеріп сала берді. Аллаға мадақ айтып, мешітке жүгірдім. Ұстаздарымды көре сала, жағымды жаңалығымды айтып, шүкір сәждесіне бас қойдым…

«Мүмінәйелдергеайт: бөгдеерлерденкөздерінсақтасын. Әріұяттыжерлерінқорғасын. Сондай-ақзейнеттерінкөрсетпесін. Жәнебүркеншектеріномырауларынатүсірсін» («Нұр»сүресі, 31) деген аят осыншама қиындықты артқа тастап, Алла Тағаланың әміріне лайықты түрде бойұсынуға бастау болды. Хиджаб – мұсылман қызының қорғаны, ар-ұяттың сақтаушысы. Теңіз түбіндегі маржанның өзі бақалшықпен қапталған. Маңыздылығы одан жоғары болған әйел затының да оранып, бағалануы – Ислам туының желбіреуі.

Құрметті, әпке-сіңілілерім! Алла Тағала сүйген құлын сынайды екен және пендесіне көтере алмайтын қиындықты артып қоймайды. Иман еткен соң сыналатынымыз жайлы Құранда: «Сендер иман келтіргендіктеріміз үшінсыналмаймыздепойлайсыңдарма?»(Әнкәбут,2) делінген. Егер орамал тағуға ниеттенген болсаңыз, тек Алла разылығы үшін киіп, әлемдердің Раббысына ғана тәуекел етіп, сынаққа сабыр ете білгеніңіз абзал. Құдси хадисте айтылғандай: «Пендем маған жүрсе, Мен оған жүгіремін» деген хақ Таъаланың сөзін естен шығармаңыз! Алла әрбір ісімізді хайырлы еткей!

 

 

0 пікір