Зауыт, фабрика және жалға берілетін пәтер сынды табыс көздерінен зекет беріле ме?
Зауыт, фабрика және жалға берілетін пәтер сынды  табыс көздерінен зекет беріле ме?
06.09.2018 15:22
327
0
Жауап:

Исламдағы фықһи мәзһабтар алғаш қалыптасқан дәуір мен қазіргі ғылым-технология дамыған кездегі қаржылық кіріс көздерінің арасында көп айырмашылық бар деуге болады. Классикалық еңбектерде бүгінгі таңдағы жеке адамдардың үлкен зауыты, фабрикасы, қонақ үйі, қоймасы, ұшағы, жолаушы тасымалдайтын көліктері және т.б. құны неше миллиондаған соманы құрайтын кіріс көздері жайлы көп сөз етіле бермейді. Сондай-ақ, Ислам ғұламалары аталмыш зауыт, фабрика, қойма, ұшақ, жолаушы тасымалдайтын көлік және т.б. кіріс көздерінің өздерінен емес, олардан түскен «таза табыс» зекет мөлшеріне толатын болса, содан зекет берілетіндігіне бір ауыздан келіскен. Ал енді, сол зауыт, фабрика, жолаушы тасымалдайтын көлік, жалға берілген контейнер, қойма және пәтер сынды кіріс көздерінің таза табысымен бірге өздерінің (ғимаратының, ішіндегі қолданыстағы заттардың немесе көліктің өзінің) құны есептеліп, зекеті беріле ме? деген сұрақ төңірегінде екі түрлі көзқарас кездеседі.

Әуелгі топтағы ғалымдар, классикалық фықһи еңбектердегі, «Адам тұрып жатқан үйінен, мініс көлігінен және кәсіп етіп отырған құрал-жабдықтарынан зекет бермейді» деген көзқарасқа негізделе отырып, аталмыш зауыт, фабрикалардың ғимаратының және қолданыстағы заттарының құны есептелінбейді, зекет алынбайды деген пікірді ұстанады. 

Енді бір бөлім ғалымдар, мысалы Ханбали мәзһабының белді ғалымы Ибн Ғұқайл әл-Ханбали: «Пайда кірген барлық нәрседен зекет уәжіп (парыз) болады. Бұл жалға берілген жерлерді, әрбір құрал-жабдықтарды қамтиды. Әр жылы осы дүниелердің құны шығарылып, сауданың зекеті (қырықтан бірін, яғни, %2.5) сияқты зекеті беріледі»[1] деген. Және де Мәлики мәзһабының ғалымдары да, «Маслахатул мурсала» (шарғи бір дәлел) негізінде үмметтің игілігін басты назарға ала отырып, аталмыш зауыт, фабрика, қойма, жолаушы тасымалдайтын көліктер және т.б. (ғимараттың, ішіндегі қолданыстағы заттардың немесе көліктің) құны есептеліп, зекеті беріледі» деген көзқарасты ұстанады. Бұл көзқарас қазіргі шарт-жағдайларға лайық деуге болады[2].

 Екінші көзқарас негізінде аталмыш кіріс көздерінің зекеті қалай беріледі? деген сұраққа байланысты заманымыздың Әбу Заһра, Уахбатуз Зухайли, Абдулуаһһаб Халлаф, Абдуррахман Ахсен және Юсуф Қардауй сынды фақиһ ғалымдар екі түрге бөліп қарастырған. Біріншісі, жылжымайтын мүліктер: зауыт, фабрика және жалға берліген қойма, пәтер сынды заттардың зекетін егіндік дақылдарының зекетіне қияс қыла отырып, таза табыстың %10 (кірістің оннан бірі) зекет ретінде беріледі. Яғни, егіндіктің зекеті топырақтан алынбайды. Шыққан өнімнің барлық шығындары шығарылған соң ғұшыры, яғни, %10 (кірістің оннан бірі) зекет ретінде алынады. Бұл да тура солай болады. Екіншісі, жылжымалы заттар: жалға берілетін ұшақ, кеме, автобус және камаз сынды көліктердің зекеті сауда заттары сияқты сол көліктердің құны есептелініп, %2.5 (қырықтан бірін) зекет ретінде береді деген[3].

Бұл жерде тағы бір мәселеге де тоқтала кеткен жөн болар. Қазіргі күніміздегі қалталы кейбір азаматтардың бір басында бірнеше үйі, машинасы бар. Немесе бір үйінің яки бір машинасының өзі неше жүз мың долларды, миллионды құрайды. Осындай өте қымбат үйде тұру немесе өте қымбат машина міну асли қажеттілік өлшемінен артық деуге болады.  

Имам Әбу Ханифа (р.х.) көлік ретінде мініске арналмаған және алып-сату мақсатында болмаған әр жылқыға бір динар (сол заманғы алтын ақша) зекет беруді міндеттеген. Дәлелі, Әбу Һурайраның (р.а.) (Бұхари және Мүслимде келген) жеткізген, Алла елшісінің (с.а.с.): «Жылқы иесіне байланысты үш түрлі үкімде болады. Әуелгісі, атын Алла жолында байлып, қараған адам. Оған сол ісі үшін сауап жазылады. Екіншісі, атына қажеті түспеседе, байлап қараған адам. Ол кісі атында және оның арқасында Алланың ақысы барын (Алла жолында қолдануды) ұмытпады. Мұның аты ол кісіге (күнә жазылмауға) бір перде болады. Үшіншісі, атын мақтаныш және көз-көз қылу (қажеті болмасада өзгелермен бәсекелесу) үшін байлаған адам. Оған күнә жазылады» деген хадисі. Бұл хадистегі «Алланың ақысы, ол – зекет» деп түсіндірген[4]. Демек, бүгінгі күннің аты саналатын темір тұлпардың шектен тыс қымбатын мінудің де сұрауы барын білген жөн.              

Қорыта айтар болсақ, Ислам дініндегі зекеттің көптеген хикметі бары ақиқат. Зекет берудегі басты мақсат – әуелі Алланың парызын екі етпей орындауды және өзіне берілген мол нығметке шүкір етуді білдіреді. Сонымен қатар, бай адамның дүние-мүлкінде басқалардың да алар ақысы бар екендігін ұмытпау керек. Яғни, өзгелердің Ислам дінімен танысуы, адамдардың саналы ғұмыр кешуі және кедейлердің қажеттілігін өтеу сынды қоғамның әр саласымен астасып жатқан сансыз хикметтері бар. Сол себепті, асли қажеттіліктен артып, өзін ақтаған зауыт, фабрика, жолаушы тасымалдайтын көліктер және т.б. миллиондаған құны бар кіріс көздерінің тек қана таза табысының зекетін берумен шектелмей, өзінің де (ғимараттың, ішіндегі қолданыстағы заттардың және көліктің де) құнын есептеп, зекетін беру керек деген ғалымдардың көзқарасы күніміздегі шарт-жағдайларға лайықты айтылған көзқарас деуге болады. Тіпті, өте қымбат үйі немесе өте қымбат машинасы бар адамдар да сол дүниелерін есептеп, орта бағадан артық болған құнының зекетін бергендері дұрыс. Біз қиямет күні «Не үшін сол дүниеңнің зекетін бердің?» деп сұралмаймыз. Керісінше, мол сауап алуымыз мүмкін. Ал, зекетін бермеген жағдайда, «Неге зекетін бермедің» деп сұраққа тартылуымыздың ықтималдығы көп екендігін ұмытпайық!

 

Самет Оқанұлы

Исламтанушы      



[1] Доктор, Уахбатуз-Зухайли, Фықһул ислами уә әдилләтуһу, «Дәрул фикр» баспасы, Димашық. – 2007. 3-том, 1948-бет.

[2] М. Хикмет Шентүрк, Сұру ве жауапларла Зекат, «Рехбер» баспасы, Измир. – 2008. 114-бет

[3] http://www.fetvakurulu.com/Detay/Haber/623/buyuk-sirketlerin-demirbas-mallarina-zekat-duser-mi.aspx; Қосымша қараңыз: Юсуф Қардауй, Фәтәуа мұғасара, 1-том, 476-479 бб.

[4] Молла Әли Қари, Фәтху бабил ғинәя фи шархи китәбин Ниқая, 2-том, 96-98 бб.

0 пікір