Қыз алып қашуға қатысты ислам діні не дейді?
Қыз алып қашуға қатысты ислам діні не дейді?
16.11.2016 16:31
688
0
Жауап:

Жалпы адамның бостандығы мен құқығына қол сұғуға шариғатымызда қатаң тиым салынған. Бұл - адамның ар-намысын аяқ асты ету және күнә іс. Қыз алып қашу да сол сияқты. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  қоштасу қажылығында Мина жазығында тұрып, құрбандық күні: «Расында, сендердің қандарың, мал-дүниелерің және ар-намыстарың бір-біріңе осы қасиетті (Мекке) қаласы, осы қасиетті (қажылық) айы, осы қасиетті (құрбан айт) күніндей қастерлі (қол сұғуға тыйым етіледі)», – деп адам ар-намысының қаншалықты қастерлі екендігін ескерткен.

Сонымен қатар, Қазақстанның Ата Заңы бойынша да мұндай әрекет қылмыс саналады. Адам ұрлау және бас бостандығынан айыру заңмен жазаланады.

Халқымызда «Қыз мұраты – кету» дегендей, теңін тапқан қыздың жолын байламау дәстүрі тағы бар. Бұл – шариғатқа негізделген дәстүр. Шариғатта «Ең жақын уәли ұзақ сапарда болса, қыздың теңін күттірмеу үшін кейінгі уәли тұрмысқа береді» деп айтылған. Мәселен, қыздың жақын туыстары қайтыс болса, қызды айттырып келу ерсі саналады.

Қазалы үйде біраз уақытқа дейін құда күту сияқты қуанышты шаралар жасалмайды. Бірақ, қыздың бағын байламау үшін ана-атасы өз баталарын береді де «қыз қашып» кетеді. Алайда, бұл қызды зорлықпен алып қашу емес. Қызды тұрмысқа ешкім мәжбүрлеп бере алмайды.

Неке мәселесінде қыздың өзі шешім қабылдайды Тіпті, әкесі де еріксіз тұрмысқа бере алмайды. Ибн Аббас (Оған Алла разы болсын): «Бір қыз Алла елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  келіп әкесі еркінен тыс тұрмысқа беріп жатқанын айтып шағымданады. Сонда пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызға өзіне таңдау жасауға рұқсат етеді», - деп риуаят етеді.

 

Дереккөз: Nur.kz

0 пікір