Қонақасы кезінде ер-әйелдердің аралас жүруі
Қонақасы кезінде ер-әйелдердің аралас жүруі
28.04.2015 09:46
4488
0
Сұрақ:

Отбасымызда қонақасы берілген кездерде ер-әйелдер аралас жүреді. Осының шариғаттағы үкімі қалай?

Жауап:

Әуелі біз қоғамдық ортада ер мен әйел кісілердің бас қосулары мен олардың жеке кездесуі арқылы күнәлі іске негіз болатын жағдайлардың арасын ажыратып алғанымыз жөн. Себебі, білім ордаларында, тойларда шариғат негіздеріне қайшы болмаған тәртіппен өзара бір ортада болудың оқасы жоқ.

Имам Бұхари өзінің «әл-Бұхари» еңбегінде: «Тойларда әйел кісінің ер адамдарға қызмет көрсетуі» деп арнайы бір тақырыбы бар. Сол жерде Сәһл ибн Сағд әс-Сағиди (р.а): «Әбу Үсайд әс-Сағиди үйлену тойын жасағанда Алла елшісін (с.ғ.с) және Оның сахабаларын да шақырды. Оларға тамақ әзірлеп, күтімдерінде әйелі Үммү Үсайд ғана болды» деген.

Бұл хадиске түсініктеме берген Ибн Хажар әл-Асқалани: «Хадис әйел кісі еріне және шақырылған қонақтарға қызмет көрсетуінің дұрыс екендігін білдіреді. Әйел кісі әурет жерлерін жауып, фитнәдан (бүліктен) сақтануы тиіс. Сондай-ақ ер кісі де осыған ұқсас істерде әйелін қызмет еттіруі дұрыс»[1] делінген.

Әби Жүхайфа (р.а) былай дейді: «Алланың елшісі(с.ғ.с) Сәлман мен Әбу Дәрдәні бір-бірімен бауыр қылған. Сәлман Әбу Дәрдәні зиярат етіп барғанда Үммү Дәрдәнің көңілсіз жайын көріп: жағдайыңыз қалай? – дейді. Сонда Үммү Дәрдә: Сенің бауырың Әбу Дәрдә дүние ісімен шаруасы болмай кетті – дейді...».

Бұл тарапта Ибн Хажар әл-Асқалани: «Бұл хадисте көптеген пайдалар бар...бөгде әйелмен сөйлесудің және пайдалы іс туралы сұрап-білудің дұрыс екендігін білдіреді»[2] деген.

 Абдусамад Оқан



[1]Фәтхулбәри, 9-том, 160-бет.

[2]Фәтхулбәри, 3-том, 187-бет.

0 пікір