ХАДИС ОҚЫҒАН ҮШІН САУАП БАР МА?
ХАДИС ОҚЫҒАН ҮШІН САУАП БАР МА?
10.10.2017 17:11
3035
0
Сұрақ:

Әссәләәму алейкум!

Құран Кәрім оқыса, сауап болатындығы жайлы көптеген дәлелдер бар. Алайда, хадис оқыған үшін сауап бар ма?

Жауап:

Уа алейкум ассалам!

Жалпы, ілімнің қай-қайсысын оқыса да сауап. Ал, Құран арқылы және хадис жолымен білім іздеудің сауабы мол. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың білім үйреніп және оны үйреткендерің[1]», - деген. Құран оқыған үшін берілетін сауап жайлы айтылған хадистер көп. Мәселен: «Құран оқыңдар. Өйткені, Құран қиямет күні оқығандарға шапағатшы боп келеді[2]». Сонымен қатар, мына хадисте Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген деп келеді: «Сендер Батхаға (Мадина қаласының сайы) барып ешбір күнәсіз, ағайын арасын бұзбай екі үлкен түйе алып қайтуды қалайсыңдар ма?». Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Оны баршамыз қалаймыз», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер мешітке барып, Алла кітабынан екі аят үйренулерің екі үлкен түйеден қайырлы...[3]», - деген екен.

Ал, енді мына хадистерде: «Кімде-кім білім іздеп жолға шықса, Алла Тағала оның жәннатқа барар жолын жеңіл етеді[4]» және «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа дінде білімді етеді[5]», - делінген.

Ал, дінді білу – Құран Кәріммен қатар хадис және сүннет жолымен жүзеге асады. Демек, хадисті үйрену және білу Алла Тағаланың пендеге берген жақсылығы.

 

 nurgasyr.kz

 



[1] Бұхари

[2] Муслим

[3] Муслим

[4] Тирмизи

[5] Бұхари, Муслим

0 пікір