Үш би
Үш би
19.08.2019 13:57
7056
0

       Төле, Қазыбек, Әйтеке үшеуі Күлтөбенің басында ұзаққа созылған мәжіліс аяқталар тұста үш ауыз сөз айтатын болып келіседі. Жолына қарай әуелгі сөзді алған Төле би былай депті:

– Шешендіктен не пайда,
   Артында сөзі қалмаса.
   Батырлықтан не пайда,
   Халқына қайраны болмаса.
   Хандықтан тіпті пайда жоқ,
   Қарашысын жалмаса.
   Молдалықтан пайда жоқ,
   Шариғатты өтірік айтып,
   Надандарды алдаса, - деп тоқтапты.
       Қазыбек би:
– Үй жанында биік төбең болса,
   Ол – ерттеулі аттан кем емес.
   От басында білгір қартың болса,
   Ол – жазылған хаттан кем емес.
   Біз үш қазақ керіспейік,
   Керіскен, асылы, бізге жөн емес, - депті.
       Екі биден соң сөйлеген Әйтеке би:
– Жердің сәні – қаптаған жылқы мен қой,
   Қыздың сәні – алақалап ұзатқан той.
   Ауылдың сәні – Аллалаған азан,
   Бидің сәні қайнаған қазан.
    «Атаңа нәлет» деген ауыр сөз, Қазеке, –
   Мылтықтың аузынан шыққан оқ,
   Екі адам көріссе, оның арты шоқ.
   Біз үш қазақ керіспейік, келісейік.
   Егер көрісе қойсақ бізге
   Хандық түгіл ондық та жоқ, - дейді.

 

0 пікір