СОҚЫР
СОҚЫР
09.01.2017 14:12
771
0

"Соқыр - көргенінен жазбайды". Аталарымыздан қалған сөз. Сірә, сіз бен бізге қарата айтылса керек. Қызық. Сонда ол соқыр қай көргенінен жазбай отыр? Демек шындық деп тек сол көрілген нәрсе ғана қабылданады. Одан өзгені әлгі соқырға әсте түсіндіре алмайсың. Сондықтан біз көргенінен жазбайтын сол соқыр танымды материалды түсінік деп қабылдаймыз. Сол соқырдың бір кезде көргенін сіз бен біз де күнде көріп отырмыз. Сондықтан ол соқырмен біздің де әңгімеміз жарасады. Себебі... Иә. Ол да көргенін айтады, біз де көргенімізді айтамыз. Мән берсек, ол да, біз де көргенімізден жазбайды екенбіз. Демек... Иә. Біз де соқырмыз.

Сонда біз не көрдік? Әріге бармай-ақ қоялық. Көргеніміз - бүгінгі өркениет. Дамыған елдер. Қалыптасқан жүйе. Осы жүйе бүкіл адамзатты, бүкіл мемлекеттерді тұтастырып тұр. Ол жүйеден ешкім тыс қала алмайды. Барлығы бір жіпке байланған. Егер біз осы жүйенің тізбек екенін түйсінсек, өзіміздің соқыр екеніміз мәлім болады. 

Иә, бізді бір әлеуетті күш бұйдалаған түйедей өз жетегіне алып кетіп бара жатыр. Сол жүйені бұзуға жер бетіне 124 мың пайғамбар келген. Жеңді, жеңілді - бәрі де дүниеден озды. Ал жүйе... Иә. Бұрынғыдан да мығым, бұрынғыдан да әлеуетті.

Мынандай бір тәмсіл бар.

Бір соқыр алдынағы тақтайшаға "Мен туғаннан соқырмын" деп жазып қойып, қайыр сұрап отыр екен. Бірақ оған әрі-бері өткен адамдар онша назар аудара қоймайды. Сол кезде бір жарнама агенттігінің қызметкері оның алдындағы тақтайшаға қосымша тағы бірнәрселер жазады. Сол-ақ екен садақа берушілер қатары күрт артады. Сөйтсе әлгі адам тақтайшаға: "Бүгін күн қандай керемет! Бірақ мен оны ешқашан көре алмаймын" деп жазған екен.

Білген жөн. Жер - соқырлар мекені. Себебі... Иә. Бәрі көргенінен жазбайды. Ал ақиқат біз сырттағы нәрсені ішімізде көретініміз мәлім болған кезде айқындалады. Негізгі шынайы жүйе - сол. Біз сол жүйеге қосылған кезде барып Алламен үндесеміз. Ал адам баласы ол жүйеге көргенінен ажыраған кезде барып қосылады. Ал біз одан қай кезде ажыраймыз? Дұрыс. Өлген кезде.

Иә, "Адам баласы ұйқыда, олар тек өлген кезде ғана оянады". Сондықтан оны "Өлмей тұрып өлгендер" ғана түйсіне алады. Сонда ол "өлмей тұрып өлгендер" кімдер? Дұрыс. Пайғамбарлардан мирас болып қалған жүйеге қосылғандар.

Сонымен екі жүйенің ұдайы текетіресіп келе жатқандығы мәлім болды. Өкінішке қарай біз осы екі жүйені біздің ұстанып жүрген дініміз тұтастырады деп түсінеміз. Білген жөн. Олар ешқашан қосылмайды. Сондықтан Ислам дінінің 73-ке бөлінген тармағының 72-сі әлгі соқырлар көргенінен жазбайтын әлеуетті жүйеге қызмет етеді. Ол жүйе әрқалай, тіпті "Ислам мемлекеті" деп те атала береді. Бірақ руxани әлеммен үндескен дін ғұламалары ол жүйеге ешқашан қызмет етпейді. Оған біздің мәзhабтың негізін салған Әбу Ханифаның тағдыры дәлел бола алады. Ал біз Ұлы Ұстаздың ол жүйеге қызмет етуден неліктен бас тартқанына тіпті бас та қатырмаймыз. Себебі... Дұрыс. Соқырмыз.

 

Құдияр Біләл

0 пікір