Шындығында Мұхаммед (с.ғ.с.)-ды сүйе алмаған адам Алланы да сүйе алмайды.
Шындығында Мұхаммед (с.ғ.с.)-ды сүйе алмаған адам  Алланы да сүйе алмайды.
04.01.2017 11:45
2624
0

Иоганн Гете: Барлық патшалар мен императорлардың байлықтары мен сарайлары Мұхаммедтің жыртық лашығына жетпейді.

Шындығында  әрқайсысымыздың белгілі бір дәрежеде өз идеалымыз бар. Бәрімізде өмірде белгілі бір тұлғаларды  сүйеміз немесе олар істеген істерге ілесеміз. Олар жеткен жетістіктерге жетуді қалаймыз. Бірақ тарихта сондай адамдар болған, оларға бүкіл қоғам, бірнеше ұлттар ілескен. Бұған тарих сахнасынан бірнеше мысалдар келтіруге болады. Олар –  ХІХ ғ. Напалеон Бонапарт, өткен ғасырдың 30-40 жылдарында фашистік Германияда А.Гитлер, келмеске кеткен кеңес елдерінде В. И. Ленин. Бұндай мысалдарды тізбектеп жалғастыруға болады. Бірақ олардың ешқайсысы адам жүректерінде  ешқандай уақыт өмір сүре алмады. Күшті дауыл соғып, айналадан ешнәрсе қалмағанындай олар да адамдар көңілдерінен ұшып кетіп, олардың аттары тек кейбір қағаз беттерінде қалды.

Идеал адам –тақырыбы шындығында қызықты әрі өте маңызды мәселе. Идеал адамды табу үшін тарихта көптеген батыс ғалымдары ұзақ жылдар ізденістер жүргізіп, көптеген еңбектер жазған. Олардың басты мақсаттары да бір еді. Олар іздеген идеал адам бүкіл адамзатқа үлгі болуы тиіс еді. Барлық адам соған қарап, өз кемшліктерін тауып, оларды жойып, өздері жетіп келген жар жағасынан артқа қайтуы тиіс еді.

Осы жолда қызмет атқарған жандардың бірі неміс философы Фридрих Ницше болатын. Ол өзі жасаған «Super man» теориясы бойынша тарихта өшпес із қалдырды.  Оның «Super man» прототип ретінде тарихтағы атақты Напалеон Бонапарт, Цезария Буржия, Юлий Цезарь сияқты жандарды атауға болады. Бірақта олардың жетістіктерімен қатар толып жатқан кемшіліктері де бар еді. Сондықтан олардың ешқайсысы Ницше іздеген идеал адам бола алмады. Ницше армандаған кемел адам оның ойында былай суреттелетін. «Мен өлімге тіке қарай алатын адамды сүйемін. Ол көпірмен тура жүре алады. Ол жақсылықты сүйеді. Жақсылық болса, құрып кетуге қарсы атылған оқ».

Ницше ойындағы адам соңында Гете болып шығады. Ницше былай деп жазады: «Гете табиғатынан күшті сезімдерге ие еді. Оған қарамастан ол оларды тоқтата білді. Ол қалаған нәрсе бүтіндік еді. Ақыл, сезім, ойлардың жаман жақтарын жеңе білді. Ол күшсіз болғаны үшін емес, күшті болғаны үшін көңілі  кең жан болатын». Гете бұл жетістіктерге қалай жетті, оны біз Гетенің өз шығармаларынан іздейік. Әуелі біз Гете шығармаларына көз жүгіртпей тұрып, дәл осы тақырыпқа шығыс көзқарасымен қарайық. Бұл мәселеде де шығыста маңызды әрі құнды деректер бар. Оған әбу Насыр әл-Фарабидің мысалы ретінде «Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарасы» шығармасын алып қарайық. Әл-Фараби бұл шығарма арқасында өзі қалаған әділетті қоғамды, оның тұрғындарының мінездері көркем халал адамдардың бейнесін суреттейді. Бұл қаланың басшысы болса, барша жақсы қасиеттерді өз бойына жинаған кемел адам болып суреттеледі. Мұсылман әлемінде бұл мәселені әр түрлі философиялық көзқарастармен емес, бәлкім нақты діни түсініктер арқылы қарастырылады. Ислам діні адам кемелдігін жетілдіру жолы болып, ол тек қана идеал адам ретінде соңғы пайғамбар Мұхаммед(с.ғ.с.)-ті айтып қана қоймай, бәлкім сол кемелдігіне жету жолдарын да көрсетіп береді.

Сонымен хақ дініміз Ислам адам психологиясына мән береді екен. Ол қандай қызмет атқарады?  Ол әуелі адам рухына мән береді. Кемелдікке жету жолында білім алуында адам рухы өте үлкен сынақтардан өтіп  бара береді. Әрбір басқыштан өткен сайын адам мен Алла арасында перделер бірте-бірте алынып тасталады. Ең жоғары  мәртебеге жеткенде ғана ешқандай перде қалмайды. Бұл мәртебеге жеткен адамды «кемел адам» дейді. Кемелдік жолында адам барша мақұлықтар мен жаратылыстар, жер мен көктің жаралуының басты себебі. Сол үшін хадис құдсида «Ей, Мұхаммед, сен болмасаң, әлемдерді жаратпаған болар едім», деп келеді. Құранда болса аманатты, яғни ислам шариғатындағы ғибадатты аспан жер мен тауларға ұсынылғаны, олар болса бұдан бас тартқаны, нәтижесінде адам бұл аманатты өз міндетіне алғаны айтылады.

Сондықтан да әлемнің жаратылуындағы мақсат – адам. Ал, кемелдікке жету жолында барша адамзатқа үлгі болып жіберілген Мұхаммед (с.ғ.с.). Енді біраз артқа қайтып, Гетенің пікірлеріне назар аударайық. Демек, Гете жазады: «Мен әлем тарихын оқып бір тоқтамға келдім. Барлық патшалар мен императорлардың барша байлықтары мен сарайлары Мұхаммед(с.ғ.с.)-тің бір ғана жыртық лашығына жетпейді».

Гетенің шығармаларынан біз оның жетілуіне ислам әлемі әсер еткенін көре аламыз. Демек, жоғарыда Гетеде айтылған қасиеттер, бейне бір Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның гүлзарынан бір ғана гүл секілді. Ф. Ницше Гетенің дәл осы жағына мән берді ме, жоқ па белгісіз?! Бірақ та ол мынандай тоқтамға келеді. «Идеал адам жоқ. Ол тек қиялдарда ғана болады». Ол өмірінің соңғы жылдарында психикалық ауруға ұшырап, қорлықта көз жұмады. Өкініштісі сол, ол шындықты тауып бере алмады. Мұсылман адамның бақыты сол, Ф.Ницше өмір бойы іздеп таба алмаған шындықты иман нұры арқылы көріп тұрады.

Біз бүгін соңғы пайғамбарымыздың қасиеттері жайында тоқталмақ  емеспіз. Бұл жайлы айту үшін біздің өміріміз жетпейді. Алланың өзі Құранда анық дәлелдер келтіреді. «Шын мәнінде сол әлбетте ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят). Тағы бір аятында «Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107 аят). Сол үшін біз идеалдарды іздемейік. Жоғарыдағыдай ізденістер бәрібір сол жанға қайтып келе береді. Себебі Алла Тағаланың өзі бұл жайында куәлік беріп тұр емес пе? Мұхаммед(с.ғ.с.)-ға ілескен адам ғана кемелдік жолына түседі, Алланың рақымдылығына жетеді. Шындығында Мұхаммед (с.ғ.с.)-ды сүйе алмаған адам Алланы да сүйе алмайды. Алла  баршамызды Мұхаммед (с.ғ.с.)-ді сүю бақытына жеткізсін!

0 пікір