Саған Кәрім Алла бермегенді, Оның құлы Әбдікәрім қалай бере алады! (Халық аузынан)
Саған Кәрім Алла бермегенді,  Оның құлы Әбдікәрім қалай бере алады! (Халық аузынан)
10.01.2018 15:32
495
0

Әр бір жан иесінің өзіне ғана тән, басқа ешбір адамға ұқсамайтын ерекше тағдыры бар. Сырын ешкім аша алмайтын, тылсымы аса тереңде жатқан ғажап нәрсе. Одан адам баласы ғибраттанып қана қоймаса, тұңғиығына үңіліп ұғынам деу ақылға ауыр тиіп миыңды талдырады.

Ертеректе Тәуекел  деген адам кедейліктің зардабын әбден тартып, жанына батқан соң Аллаға жалбарына дұға қылып, таршылықтан құтқаруын сұрайды екен.

Сол қаланың тұрғыны Әбдікәрім керісінше асқан бай болыпты.
Алыс-жақын елдермен жасаған саудасы өркендеп, жыл сайын дәулеті асқан үстіне аса түсіпті. Өзі тұратын қаласының мұң-мұқтажына қаражат бөліп, қажетті істен тартынбайтын, қолы ашық жомарт адам еді, деседі.
Әсіресе жетім мен жесір, білім мен денсаулыққа байланысты шараларға ерекше ынта танытып, қамқорлық жасауды жаны сүйеді екен. Малым арымның, арым жанымның садағасы, ал жаным иманымның садағасы, деген сөз сол кісіден қалған екен, дейді.

Әбдікәрімнің ел есінде қалған бойындағы тағы бір қасиеті ерекше тақуалығы екен. Күнделікті бес уақыт намаздан соң түн ортасында тұрып, ұзақ уақыт Аллаға құлшылық етіп, намаз оқуды өмірлік әдетіне айналдырыпты. Жұма күні мешітке алғашқылардың қатарында келіп, кешірек қайтатын көрінеді.

Сондай күндердің бірінде мешітте аса жұпыны киінген Тәуекелдің Аллаға жалбарына кедейліктен құтқаруын сұрап жатқан дұғасын Әбдікәрімнің құлағы шалып қалады. Бұл сөздерді естіген Әбдікәрім, пақырды қыжалатынан шығаруды ұйғарады. Мешіттің ауласында арнайы тосып алып, Тәуекелдің өзімен үйіне ілесіп жүруін өтінеді. Үйіне келген соң қонағын ерекше ілтипатпен күтіп, жақсы әңгіме айтып, қарнын тойдырады. Сонан соң Әбдікәрім Тәуекелді ертіп, өзінің ақша сақтайтын қараңғы бөлмесіне алып келеді.

Тәуекелді бөлмеге кіргізерде қолына күрек беріп:

- Осы күрекке ілінгенінше менің дәулетімнен алып қажетіңе жарат, - дейді.

Әбдікәрімнің аузынан шыққан сөз, Тәуекелдің бақыттан басын айналдырып, мас етеді. Әп-сәтте көз алдына сәулетті үй, қора-қора мал, дастархан толы ас елестеп кетеді.

Бөлменің есігін ашқанда түскен жарықтан ішіндегі байлықты көрген Тәуекелдің көзі тұманданып, қолы қалтырап өз-өзін игере алмай, тау болып үйіліп жатқан алтын ділдаға қолындағы күрегін тереңірек көсіп
жібереді. Бөлмеден шыққанда қараса күрегін теріс ұстағанын бір-ақ біліп, оған ілінген жалғыз ділданы көзі көреді. Күрегіне жалғыз ғана ділданың ілінгеніне, көңілі құлазып қатты қынжылады. Қиялындағы дәулеттің белгісі де қолына ілінбегені оған үлкен соққы болады. Берілген мүмкіндікті пайдалана алмағанына өкінеді.

Оның бұл күйін байқап тұрған Әбдікәрім:

- Саған Кәрім Алла бермегенді, Оның құлы Әбдікәрім қалай бере алады!, - деген екен.

 

«Өмір өнегесі» кітабынан

0 пікір