ПАТША – ҚҰДАЙ, СЫЙЫНДЫМ...
ПАТША – ҚҰДАЙ, СЫЙЫНДЫМ...
26.09.2016 11:12
2666
0

Құндылықтар құлдыраған заманда Құдайға ғана құл болып, пендешіліктің пердесін ашпай, Алаш аспанына ар жұлдызын жаға білген хәкім Абайды қазақ жұрты терең һәм тыңғылықты зерттеуде. Тұңғиық теңіздегі лағыл тастарды құм-лайдан тазартқан сайын жарқырай беретіні сияқты – оның ойы да, өлеңі де өзгеше жұмбақ.

«Патша - Құдай, сыйындым,

Тура баста өзіңе,

Жау жағадан алғанда,

Жан көрінбес көзіме»,- деу арқылы ақын өзінің Алла алдында бір дәрменсіз құл екендігін мойындап, адамды адастырар тұмшаланған тұманды ойдан ада тұрып, «Өзіне тура бастауды» өтінеді. Қасиетті Құрандағы «Фатиха» сүресінің 5-ші аятында айтылған: «Саған ғана құлышық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз», - деген сөздер мен өлеңдегі тіркестер үйлесім тауып тұрғандай. Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Уа, Алла Тағалам! Бір Өзіңнен тура жол, шынайы тақуалық, арлы да ынсапты болуды және көңіл байлығын сұраймын», - деген. Міне, құстың қос қанатындай болған Құран аяттары мен хазіреті Пайғамбарымыздың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері – ойшыл ақынның рухани ізгілікті қанып ішкен қайнар бұлағы болғаны күмәнсіз.

Асылында, адам баласы өмірінің кей сәттерінде дұшпандары қыспаққа алып, қиыншылыққа тап болғанда, дақпырты басым дүнияда сізге жәрдемші болар жалғыз Жаратушы ғана екені айтпаса да түсінікті. Ант су ішіп, достықтың ақ туын желбіретіп жүрген жақын досыңның да сертінен тайып, сізді сергелдеңге салып кетуі – бұл заманда таңғалмайтын дүние.

«Кесілді түйін шешілсе,

Кердең мойын кесілсе,

Келмей кетпес кезіне.

О да – Құдай пендесі,

Түспей кетер деймісің,

Тәңірінің құрған тезіне?», - деп аятқайды бұл өлеңді Абай. Ақын бір күндері әділдік орнап, жақсы-жаман амалдар таразыға салынатынын астарлы оймен айшықтап тұр ма дерсіз. Әрі кердең басып, көкірегін көкке көтерген тәкаппар жандарды бір сынап өтеді. Қалтасы қалыңдаған сайын бұл жұмыр басты пенденің неліктен тәубесі таусыла береді екен?!

Сөз соңында, мына бір мағыналы хадиске көз жүгіртіп көрейік.

«Екі түрлі адамға ғана қызғанышпен қарауға болады: Алланың берген байлығын түгесілгенше Хақ жолында жұмсаған атымтай жомартқа және Алланың бойына дарытқан даналығымен (адамдар арасында туындаған дауларды оңтайлы шешуде) билік айтып, әрі өзгелерге даналық тәлім үйреткен данышпанға»

Біржан Ахмер

Шəкəрім атындағы Семей мемлекеттік

 университетінің 4-курс студенті

0 пікір