Өзгеруді өзімізден бастау үшін...
Өзгеруді өзімізден бастау үшін...
10.05.2018 10:43
827
0

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді», – деп баяндаған. Жаңа қызметімде дін қызметкерлері арасында «Өзгеруді өзіңнен баста!» деген ұран тастаймын. Егер адам өзгерсе, оның көршісі өзгереді. Одан кейін қоғам өзгереді. Бұл мәселеде әр адамның ойы, сана-сезімі өзгеруі маңызды», – деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Осдан бір жарым ғасыр бұрын Абай атамыздың да«Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»,-деп шамырқануынан да әрбір зымыраған уақыт адам болмысынан  әркез  жаңғыру, жаңару, өзгеруді қажет ететіндігі көрініп тұр.

«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек»,-дейді Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласында. Әлбетте, бұл жерде барлығы да сананы, мінезді, яғни ішкі рухани болмысыңды өзгертуді ғана айтып жатқаны белгілі.

 «Қоғамды өзгерту қиын емес, қиыны - өзіңді өзгерту»,-деген даналық сөз бар. Жаңғыру, жаңару, өзгеру синоним сөздер екені бәрімізге түсінікті. Ендеше,«Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай»,-дей келе Елбасы: «Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық»,-дейді.

Имам – ұлағатты есім. Жамағатын Алла Тағаланың иләһи ілім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде имамның басты еңбегі  болуға тиіс. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Имам  атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр имамның борышы.Өз ісіне  деген адалдық  қана оны қадір-қасиет, құрметке бөлейді.

Жалпы мешіттің, имамның  негізгі басты мақсаты – рухани бай, іздемпаз, адамгершілігі мол, иманды қоғамды, иманды адамды қалыптастыру болып табылады.

Имам, дін қызметшілері өз санасы неліктен өзгеруі керек?

Діни білім, иман, ихсанның  мақсат-міндеттерін, бағасын білгендіктен өзгереді. Өзіміздің барлық болмысымызбен  басқаларға үлгі бола білу үшін өзгереміз.  Қазіргі заман ағымына сай қоғамды тәрбиелеу үшін барымызды саламыз, өз білгенімізді жамағат бойына сіңіріп, бізге  жүктелген міндеттерге мойынсұнып, үздіксіз жұмыс жүргізуіміз керек. Қазіргі кезде жан-жақтан берілетін ақпарат құралдары көп болғандықтан  адамдар  оны тез қабылдайды. Имани ілім беруде имамдардың  басты нысаны-халық, жамағат, соның ішінде жастар, жасөспірімдер, балалар екендігі даусыз.  ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жан-жақты жоғары дамыған, зерделі, иманды, мейірімді, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн. Ұлағатты имамнан тәрбие алған адам жақсы қоғамдық қайраткер, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді. Ондай мысал  қазақ өмірінде жетіп артылады. Біздің бұрын-соңды өткен барлық ұлы тұлғаларымыз бәрі де ең алдымен имам алдынан дәріс алған.

Өзім ғана өзгеріп қоймаймын, айналамдағы әріптес­терімнің өзгеруіне де, жамағат санасына да  өзгеріс енгізуге дайынмын деген басты қағида біздің ұстаным болу тиіс.

«Бүркіттің тырнағы 40 жасқа келгенде, қатты ұзарып, жұмсарады екен. Осының салдарынан жемін аулай алмай, тұмсығы да қатты ұзарып, еркін тамақ жеуге кедергі жасайтын көрінеді. Сонымен қатар кеудесіндегі қауырсындары да  қалыңдап, ұшуға кедергі жасайды. Осы тұста бүркіттің екі таңдауы бар: не өлім, не 150 күндік өзгерісті талап ететін ауыр күндер. Ол өзінің тау басындағы ұясына ұшып барып, тұмсығы сынғанша оны тау мен тасқа ұрады. Артынша жаңа тырнақтарым өссін деген оймен оларды да жұлып тастайды. Жаңа тырнағы өсіп шыққан соң кеудесіндегі қауырсындарын да жұлады. Осылайша 5 ай бойы қиналып, тағы да 30 жыл өмір сүреді»,-дейді зерттеушілер.  Дәл осы  секілді  заманға лайық өмір сүруіміз үшін бір өліп, бір тірілуімізді қажетсінетін жағдайлар болады. Бақытты болғыңыз келсе, ешуақытта өзгеруден, жаңа өмір бастаудан қорықпаңыз!

Осы жерде тағы бір дананың мына тәмсіл сөзін де еске ала кетуім артық болмас: «Мен бұрын: "Бәрінің өзгеретініне үміттенемін" деп айтатынмын. Сонан кейін бәрінің өзгеруі үшін өзімнің өзгеруім керек екендігін түсіндім.»

0 пікір