ӨЛШЕНІП БЕРГЕН ӨМІР БАР
ӨЛШЕНІП БЕРГЕН ӨМІР БАР
05.02.2020 11:43
381
0

Замана
Дүниеге мейман көңілім,
Мақтансам дауа тілерсің.
Өлшеніп берген өмір бар,
Уақытыңмен жүрерсің.
Кейбір күнде қапа боп,
Кейбір күнде күлерсің.
Бір қалыппен еш пенде
Бітіре алмас үлесін.
Көлеңкелі бұлттай
Көшпелі болған дүниесің.
Ажал келсе, жатқызар
Маңдайдан басқан ұйқыдай.
Пендені дәулет мас қылар
Қырауды кешкен жылқыдай.
Бауыры бүтін, басы есен
Сағынар сауық-күлкіні-ай.
Қызықтырған түлкідей
Дүние өтер бір күні-ай.
Ептеп кісі бай болмас,
Маңдайға Құдай бермесе.
Ақыретті кім ойлар,
Ажал жетіп  өлмесе?
Жылағанмен не пайда,
Жиылған жұртың көрмесе?
Жырлағанмен не пайда,
Тыңдаушы дүние бермесе?
Қатын тоймас ер десе,
Диқан тоймас жер десе.
Ер тілеуін береді,
Ерте тұрып еңіресе.
Ұят беттің пердесі,
Қымбатты ердің зердесі.
Майлықожа ақынның

Ғибырат қып айтқан термесі.

Уа, замана, дауылсың,
Қыдыра көшкен ауылсың.
Тоқым салмай, жайдақтап
Әркім мінген жауырсың!
Уа, замана, бөрісің,
Кедейдің шықпас төрісің.
Ата-бала тартысқан
Қызықты көкпар терісің!
Уа, замана, ескісің,
Ертеңгі білмес кешкісін.
Кедейлердің тепкіздің
Шегене айдап ешкісін.
Уа, замана, қырланған,
Аунаған жерің сырланған.
Не төбелер бос қалып,
Не ерлер келіп кұрланған...

Майлықожа СҰЛТАНҚОЖАҰЛЫ 
(«Жыр маржаны», « Өлке» баспасы, Алматы, 2014 ж.)

 

0 пікір