КЕЛІНШЕКТІҢ БАЛАСЫ (баллада)
КЕЛІНШЕКТІҢ БАЛАСЫ (баллада)
10.05.2018 11:16
1000
0

I

Жаңа уайым жамаған ескі қайғы –
Жалғыздықтың жамалын осқылайды.
Ерсіз үйдің еңсесін езе басып,
Тағы да бір қалаға кеш құлайды.

Босағада тұр үнсіз сұрақ ауыр:
Қайда бармақ сұрапыл мына дәуір?..
Биігіне жетер ме, бесігінен
Бейнетіне бір өзі шыдаған ұл.

Жалғыз басқа күн – тырбың, түндер – нала,
Оны сірә көреді кімнен ғана?..
Ақ қағаздай жұқарған жүйкесіне,
Тағы тиді есіктен кірген бала.

Бөлтіріктей бүрісіп жараланған,
Жауынгердей жаутаңдап жазаланған.
Кірген бала – өз ұлы он жастағы,
Тағы таяқ жеп кепті балалардан.

– Ез-ау, – дейді келіншек күйіп кетіп,
– Ез-ау, – дейді желкеден түйіп, зекіп.
– Не болды енді, бір жерің ауырды ма?
– Кім ол? – дейді қайтадан иіп кетіп.

– Ерік, – деді,
Келіншек қайта айналды.
– Тағы сол ма?
Тағы да айқайлады:
– Сенен жасы кіші ғой, жетпей ме әлің?
– Жетеді әлім...
ары қарай айта алмады.

– Жетсе неге, сорлы едің қандай ғана?
Арындаған ашудан танбайды ана.
– Жетеді әлім, – деді ұлы қатуланып,
– Бірақ оның әкесі бар ғой, мама!..

Солқ етті ми, көз алдын тұман басты,
Сүрте алмады жанарға тұнған жасты.
Бағаланған балдай деп тәтті өмірдің,
Бір сөйлемі шығар бұл удан да ащы.

Жасағанмен бір жауап қайтармақ түр,
Оған енді қандай сөз айта алмақ бұл?
«Әкем қайда, қайда әкем?» деген дауыс,
Тар кеуденің ішінде айғайлап тұр.

Өз дауысын өзі естіп санадағы,
Ой шыңғырып, жүзі үнсіз қабарады.
Кеуде керген айқайды кері итеріп,
Кеңірдектен жұтынып сазарады.

Өткен күннің өткінші «жырын» әлгі,
Сұрамастай болатын ұлы мәңгі.
«Бірақ оның әкесі бар ғой, мама!»
О, шерлі сөз!
жаңғырып тұрып алды.

Қан құйылып қапия зердесіне,
Есеңгіреп, келгендей енді есіне.
Қос қолымен өз басын өзі сүйеп,
Ілбіп басып кірді ана бөлмесіне.

Найзағайдан атылған от сыңайлы,
Көкірегін қақ тіліп өтті қайғы.
Көтерілген кеудеден асау ағын,
Жанарының жағасын соққылайды.

Енді ұққандай бала емес, зар екенін,
Енді ұққандай әке емес, ана екенін.
Жалғызы ғой жалғызы,
жалғызының,
Жалғыз ғана тілегі бар екенін...

Сыртта боран, сықырлап қыс сүйегі,
Қырау басқан терезе жіпсиеді.
Екі жалғыз отырған екі бөлме,
Ерегеске түскендей түксиеді.

«Мама, – дейді ішінен, мен емеспін,
Шыдар едім бәріне ерегестің.
«Келіншектің баласы» дегенде олар,
Шыдамадым, шыдамай төбелестім...

– Әкем бар, – деп айта алмай еш балаға,
Төбелестім шыдамай кеш мені, ана.
Ұқсас неге сенімен фамилиям,
Олай емес класта еш балада».

Сәби – жүрек не сырын жасырады,
Бір мұңынан бір мұңын асырады.
«Әкесі өлген бала бар бірақ оны,
Әкесінің атымен шақырады.

Айтшы, мама, айтпайсың атын неге?
Үйге біздің сұқпайды ол басын неге?
Өлген болса егерде молдаға айтып,
Оқытпаймыз жұмада хатым неге?..».

Сан сауалдар жалыны шарпып өткен,
Кім түсінер жас жанның зарпын өктем.
Жасы онға жеткенше о, құдірет,
Қанша уайым жүрегін жаншып өткен.

Бір бөлмеде боздайды бала – жүрек,
Бір бөлмеде сыздайды ана – жүрек.
Өскен сайын баласы қуанушы ед,
Өскен сайын алаңы барады үдеп.

«Жалғыз ғана тілекпен жетсін деген,
Құлыным-ай, күніңнен ес білмеген,
Жалғыз өзім жолыңа жанымды сап,
Кем, қор болмай ешкімнен өссін деп ем...»

Биыл жазда ауылға ертпек еді,
Бармай қойып, анасы сөккен оны.
«Мынау кімнің баласы?» деп қадалып,
Сұрай берген шалдарды ол жек көреді.

Қазір солай, өмірлік бұралаңда,
Жауап беріп қасқайып тұра алар ма?
Күмілжитін күн келер ертең әлі,
Ер жігіттің үш жұртын сұрағанда.

Ойхой, осынау заманда ар құлаған,
Қанша жүрек кеудеде қан жылаған.
Қалды қайда қазақтың қайран күні,
Жетім жылап, жесірі қаңғымаған?

Анасы – сор, самайын сор ағартқан,
Әкесі – қор, қауқарсыз көз алартқан.
Отағасыз оң жақтан «отау» шықты-ау,
Кешіре гөр, біздерді о Жаратқан!..

Тойда шапқан тайына жүлде байлап,
Өз ауылы, өз жері жүрген ойнап.
Әкесі өлген кей бала сорлы емес-ау,
Әулетімен өсетін бірге қайнап.

Талқыланған тағдырлы кешуі бар,
Біреу келіп сипарға кекілі бар.
Қабырғадан қан кешкен бұл қазақта,
Өсті қанша жетім қыз, жетім ұлдар.

Дұшпаныңның басына бермесін дер,
Бұл жетімнен өзгеше ол жетімдер.
«Менің әкем ел қорғап соғыста өлген»,
Деп қасқайып жетілді сол жетімдер.

Сол әкелер оққа ұшып қамалында,
Жатқан шақта беріспей ажалына.
Ұл-қызының бейнесі қалған шығар,
Ең соңғы рет ашылған жанарында...

Құдай айдап түбінде бір әкелер,
Деген үміт еместей сірә, сөнер.
Танымайтын ұл-қызы тілекші боп,
Жер бетінде жүр қанша тірі әкелер.

Біреуге бар, біреуге зардай өмір,
Ырғаласың тамыры бардай өмір.
Жеті атасы түгілі бір әкенің,
Дерегі жоқ қаңбақтай қандай өмір?

Барады уақыт сынаптай сырғып аға,
Кімді аямақ, жұбатпақ кімді ғана?!
Он жастағы жетімнің обалымен,
Ойнайды-ау кеп опасыз түнгі қала.

Дерттей меңдеп жайылып жанға бар мұң,
Дызылдайды ұшындай қандауырдың.
Елеурейді мас қоғам шерін ішіп,
Шежіреден адасып қалған ұлдың.

Құтырынған ақ боран даладағы,
Мұңға ұласып үдейді санадағы.
Екі жалғыз отырған екі бөлме,
Ерегеске түскендей қабарады...

Екеуі де бір-бірін жанығандай,
Екеуі де біреуді сағынардай...
Екі кірпік айқаспай арпалысар,
Ұзақ еді қаңтардың таңы қандай...

II

Бұл өмірден күткені, күтпегені, 
Бәрі сордай сезіліп тістенеді...
Ой мәңгіртіп ұйқыға кеткен бала,
Әке жайлы бұлыңғыр түс көреді.

Қолтығында шаңғының қос таяғы,
Ауық-ауық бірдеңе жеп қояды.
Бір кісімен бірге жүр бокс залда,
«Әкем осы кісі екен» деп қояды.

Келген жері жарылып жол берердей,
Бойы қандай шіркін-ай, еңгезердей.
Делебесі қозады 
алып кісі,
арқасынан бір қағып дем берередей.

Қарағанша шарқ ұрып айналаға,
Кете қалды тағы да қайда ғана?
Әкесіне әнеки, сәлем берді,
Күзетшісі мектептің Айдар аға.

Көңілі шат айнала көк өскін боп,
Көре қалып Ерікпен егессін кеп.
Айғай салмақ болады: 
«Көрдіңдер ме,
келіншектің баласы емеспін», деп.

Бой жетпесе киімге шегедегі,
Әкесі алып тағы да, береді оны.
Қайта жоқ боп кетеді содан кейін,
«Тастап кеттің дегенше неге мені?»

Тығылынбақ екен деп бала мына,
Тұрады үнсіз тығыла қалады да.
Атын атап әкесі «тұр» дегенде,
Мамасы кеп оятты сабағына...

III

Көзден шыққан кермектің дәмін талмап,
Ыңырсиды қаңтардың таңын қармап.
Неге шіркін, бұл төрде отырмайды,
Есігінде біреудің жалынған бақ?..

Біреу бардай бар мұңын ұғатындай,
Құшақ жайып алдынан шығатындай.
Түсініксіз өмірін түс аралас,
Ту сыртынан бақылап тұратындай.

Диірмені тірліктің шаңды балақ,
Шыр айналар тағы да жанды қажап.
Ауласына кіргізіп мектебінің,
Ту сыртынан анасы қалды қарап.

Қарай берді ұлына тағат қалмай,
Қалған ине секілді сабақталмай...
Арқасына сумка емес құлыншағы,
Ауыр сұрақ арқалап баратқандай.

Шалғандай-ақ селт етті санасын от,
Елестеді дерттей бұл дауасы жоқ.
Өмірге әлі келмеген немересі – 
Әулеті жоқ әкенің баласы боп.

Елестеді, қиялы қиыр кезіп,
Билейтіндей кей сәтте миын желік...
Шырқ үйіріп қайтер ед әкетпесе,
Тірлік деген тынымсыз құйын келіп.

Ала құйын кеулеген ішін ерен,
Бар сауалын баланың түсінер ең.
Үйірінен адасқан жапан түзде,
Құлын даусын естісең кісінеген.

«Жеті атаңды білмесең, не білесің?» –
Деген дала үкімі тегіне сын.
Сақ-сақ күліп шертеді сайқал қала,
Әулеті жоқ қазақтың «шежіресін»...

 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ
2017 жыл

0 пікір