Жұбату
Жұбату
13.02.2018 11:26
349
0

Жұбату– азалы  адамға көңіл айту рәсімі; тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Азалы адамды жұбату – ертеден келе жатқан ізгі дәстүр.

 

 Жұбату қалыптасқан белгілі композициялық жүйемен айтылады. Жұбату жырларында нақылға, мақал-мәтелге айналып кеткен өлең жолдары көп кездеседі. Тақырып өзегі – өміртұрмыс тәжірибесінен қорытылған аталы сөз, ақыл, өсиет. Айтушы алдымен “Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ” екенін айтып алады да, “Тозбасты ұста соқпайды, өлместі құдай жаратпайды” деп, табиғаттың бұлжымайтын қатал заңын еске алады. Осыдан кейін “Жетпесті қума, келмеске жылама”, “Өлгеннің соңынан өлмек жоқ, өлгенге қайтып келмек жоқ” деген түйін айтады. “Ат тұяғын тай басар”, “Арғымақтың тұяғы тасты басса кетілер, сазды басса жетілер” деп жоқтың орны бармен толатынын, жеткіншек жас ұрпақпен жетілетінін айтады. “Арты қайырлы болсын, қалғанына өмір берсін” деген тілек білдіреді. Жұбату батырлар жырында, лиро-эпостық, халықтық дастандарда көп ұшырайды. Мысалы, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырындағы Ханымның Тайлақты, Тазшаның Ханымды Жұбатуы, т.б. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған халық жырларында да Жұбату мол. Жеке халық ақындарының шығармаларында да Жұбату өлеңдері бар. 

 

Құрбыңыздың, досыңыздың немесе аса таныс емес адамның басына қара бұлт төнді. Сіз оған демеу білдіріп, жұбатқыңыз келеді, бірақ қалай дұрыс жұбатарыңызды білмейсіз. Қандай сөздер айту керек, қандайды айтпау керек? Адамды рухани қолдау дегеніміз не?

Қайғы – бұл қандайда бір қазаға, мысалы, жақын адамы қайтыс болғандағы адамның реакциясы.

 

Адам қайғыға душар болғанда уайымның 4 кезеңін бастан кешіреді:

 

Есеңгіреу кезеңі 

Бірнеше секундтан бірнеше аптаға дейін жалғасады. Болып жатқан жағдайларға сенбеу, тас бауырлық, аз қимылдау, тәбеті жоғалу, ұйқының бұзылуын бастан кешіреді.

Қайғыру кезеңі

Алты-жеті аптаға созылады. Зейіннің төмендеуі, ойын жинақтай алмауы, есін жоғалту, ұйқысыздықпен бейнеленеді. Сонымен қатар адамды үрей басып тұрады, өзімен-өзі болуды жиі қалап, әлсіздікке душар болады. Асқазаны ауырып, тамағына тас тұрып қалғандай сезімде болуы мүмкін. Егер адам жақынын жоғалтып алса, бұл кезеңде ол қайтыс болған адамда мінсіз етіп, немесе керісінше, оған деген ашу-ызасын, ренішін немесе өкініш сезімін бастан кешіреді.

Қабылдау кезеңі 

Жақын адамын жоғалтқаннан кейін бір жылдан соң іске аса бастайды. Ұйқы мен тәбетінің қайта қалпына келуімен, қазаны ескере отырып, алға жоспар құруымен бейнеленеді. Кейде адам бәрібір құлазиды, бірақ ондай сәттер сирек болады.

Қайта қалпына келу кезеңі

 Бір-бір жарым жылдан кейін басталады, қайғы мұңға айналып, адам қазаға байсалдырақ қарай бастайды.

 

Адамды жұбату қажет пе?

 Әрине. Егер жәбірленген адамға көмек қолын созбаса, бұл жұқпалы ауруларға, жүрек ауруларына, маскүнемдікке, қайғылы жағдайларға, күйзеліске әкелуі мүмкін. Рухани көмек аса қажет, сондықтан жақын адамыңызды барынша қолдаңыз. Онымен араласып, сырласыңыз. Адам сізді тыңдамайтын сияқты немесе назар аудармайтын сияқты көрінсе де – уайымдамаңыз. Уақыт келгенде, ол ризашылықпен сізді еске алатын болады.

 

Аса таныс емес адамдарды жұбату қажет пе? 

Егер бойыңызда адамды жұбатуға деген қажетті рухани күш пен көмектесуге деген ниетіңіз бар болса – міндетті түрде. Егер адам сізден қашпаса, айқайламаса – демек бәрін дұрыс жасап жатырсыз деген сөз. Егер жәбірленген адамға қажетті көмек көрсете алатыныңызға сенімсіз болсаңыз, онда сондай адамды табыңыз.

Таныс және аса таныс адамдарды жұбатуда айырмашылық бар ма? Жоқ деуге болады. Айырмашылық тек бір адамды жақсы танитыныңызда, ал екінші адамды онша танымайтыныңызда. Жанында болып, әңгімелесіңіз, ортақ іске кірістіріңіз. Көмекті аямаңыз, ол ешқашан артық болмайды.

Ең қиын екі кезеңде қолдау әдістерін қарастырып көрейік.

Есеңгіреу кезеңі

Сіздің әрекетіңіз:

• Адамды жалғыз қалдырмаңыз.

• Жәбірленушіге жақындаңыз. Қолынан ұстауға, қолыңызды иығына қоюға болады, жақыныңызды басынан сипап, құшақтаңыз. Жәбірленушінің реакциясын бақылаңыз. Сіздің жақындағаныңыз оған жаға ма, қағажытпай ма? Егер Егер қағажытса – зорлап жақындамаңыз, бірақ кетпеңіз де.

• Жәбірленген адам көбірек демалып, тамақ ішуді ұмытпағанын қадағалаңыз.

• Жәбірленушіні аса қиын емес істерге араластырыңыз, мысалы, жерлеу шараларын ұйымдастырудағы қандай да бір жұмыстарға.

• Тыңдаушысы болыңыз. Адам оғаш заттарды айтып, қайталанып, тақырыптан ауытқып, эмоциялы әсеріне қайта орала беруі мүмкін. Кеңес беру немесе ақыл айтудан бас тартыңыз. Мұқият тыңдап, нақтылап сұрап, оны түсінетініңізді жиі айтыңыз. Жәбірленушіге жай ғана ауыртпалығы мен уайымын әңгімелеуге мұрша беріңіз – ол бұдан жеңілдеп қалады.

Сіздің сөздеріңіз:

• Қаза болған адам жайлы өткен шақта әңгімелеңіз.

• Егер қаза болған адамды танитын болсаңыз, ол жайлы жақсы естеліктер айтыңыз.

Айтуға болмайтын сөздер:

«Бұл орны толмас қаза», «Уақыт – емші», «Сен – мықтысың, бекем бол». Бұл сөздер адамға қосымша қайғы сыйлап, жалғыздық сезімін еселендіреді. «Азаптан арылды», «Оған осылай жеңіл», «Тезірек ұмыт». Мұндай сөздер жәбірленушінің уайым-қайғыға салуы мүмкін, өйткені осылайша сезімге бөленбеуге шақыратындай, жалпы қайғыны тезірек ұмыт дейтіндей естіледі.

«Сен әлі жассың, әдемісің, әлі тұрмыс құрасың/бала табасың». Мұндай сөздер адамның жүйкесіне тиюі мүмкін. Адам осы шақта жақынынан айрылып отыр, ол әлі одан айыққан жоқ. Ал оған армандауды ұсынады.

«Жедел жәрдем уақытында келгенде...», «Дәрігерлер тезірек қимылдағанда...», «Салғырттық танытпағанда...». Мұндай сөздер бос және ешқандай пайда әкелмейді. Біріншіден, жағдай шартты райға сай емес, екіншіден, мұндай сөздер күйініш сезімін арттырады.

0 пікір