ЕРКЕК НЕГЕ КЕШІРІМ СҰРАМАЙДЫ..?
ЕРКЕК НЕГЕ КЕШІРІМ СҰРАМАЙДЫ..?
11.04.2018 11:23
1627
0

Кешірім сұрауды әлсіздік деп бағалайтын ер азаматтар бар. Қателесе қалса, айыбын мойындауды намыс көріп, керісінше «Не бопты сонша? Онда тұрған не бар?» деп ерегісе түседі. Кейде тіпті өзінікін жөн деп мойындатуға әрекет етеді. Ең жаманы мұндай адам бала күнінде әкесінің анасынан кешірім сұрағанын көрмеген болуы мүмкін. Бала әке-шешесінің азын-аулақ ұрыс-жанжалын көрген болса, кімдікі дұрыс, кімдігі бұрыс екенін аз болса да ажырата алады. Әкесі қатты кетіп, кейін кешірім сұрамағанын көрген болса, сол санасына сіңіп «үлгі алады». Мұндай адам ертең отағасы ретінде өз қатесін мойындамауы ықтимал. Кешірім сұрау әйелдің маңдайына жазылған деген ұстанымда болуы да бек мүмкін.

Демек, отбасында келіспеушілік болған күнде кешірім сұрай білген жөн. Бұл ер азаматқа да, әйелге де қатысты. Бірақ, кешірім сұрау дегені қылмыс жасап қойған адамша басын салбыратып жалынып жалбарыну емес. Кешірім сұраудың түрі көп, құшақтап бауырға басудан бастап күлімсіреп көңілін көтеру немесе жұбайыңызды қуантатын жағымды жаңалықпен бөлісу деген сияқты. Ал, парасатты әйел болса, мұны дұрыс түсініп, ер азамат ретінде қателігін мойындағанын ұғып, өздігінше кешірімін қабылдағанын білдіреді. Түсінбейтін әйел әрине, кешірім сұраймын деп бас иіп тұрса да, кешіре алмайды. Түсінбейтін еркек те солай.

Мұсылмандар анасы Сафия бинт Хуяй (р.а.) яһуди қауымы бәну Надир көсемінің қызы болатын. Хайбарда бәну Надирдің қиянаты үшін мұсылмандар олардан жер аударуды талап етті. Міне, осы оқиғаға байланысты Сафия бин Хуяй (р.а.) анамыз: Алла елшісіндей (с.ғ.с.) көркем мінезді адамды көрмедім. Ол кісі менімен Хайбардан түйеге мінгесіп алды. Түнделетіп жүріп келеміз. Ұйқым келіп басымды ер тоқымның шетіне ұрып аламын. Пайғамбар болса: «Абайла, ей, Хуяйқызы, абай бол», - деп, мені қолымен демеп келеді. Саһбаға жетіп келген кезде: «Ей, Сафия, мен сенің қауымыңа істеген әрекетім үшін сенен кешірім сұраймын. Алайда, олар маған пәлен және пәлен деп айтты[1]», - деді. Қиянат жасап, мұсылмандар мен яһудилер арасындағы келісімді бұзған бәну Надирдің өзі. Бірақ, Пайғамбар (с.ғ.с.) жұбайының көңіліне қаяу түсірмеу үшін үлкен басын кішірейтіп, кешірім сұрап көңілін марқайтып тастаған еді.

Жұбайлар екі жарты – бір бүтін жаратылыс. Үнемі бір-бірін демеп, артық кеткен жерде кешірім сұрай білуі, ең бастысы, кешіре білуі керек.

 

Ибраһим Мұстафа


[1] Табарани

0 пікір