Ең алдымен Алланы айт
Ең алдымен Алланы айт
20.08.2019 10:43
1773
0

Күллі әлемді жаратқан,
Ең алдымен Алланы айт.
Бойыңа жан таратқан,
Аты жақсы Тәңірді айт.
Төрт шадиар Мұстафа,
Кітап ашқан ғалымды айт.
Мұхаммедтің аяты,
Алла сөзі – Құранды айт.
Пайғамбардың сүннеті,
Бес уақытқы намазды айт.
Тәңірім салса аузыңа,
Жан жолдасың иманды айт.
Жамандыққа жақсылық
Еткен таза арыңды айт.
Қара қылды қақ жарған
Наушәруандай әділді айт.
Арзы менен күрзіні айт,
Лауқа менен қаламды айт.
Құдіретімен жаралған
Он сегіз мың ғаламды айт.
Ақтан сия танытқан
Дәуіт пенен қаламды айт.
Сөйлеу үшін жаратқан
Сөз анасы сәлемді айт.
Тірліктегі сыйласқан
Ата менен анаңды айт
Адам үшін жарасқан
Қызықты нәубет балаңды айт
Өлгеннен соң жер жұтқан
Қараң қалар денеңді айт.

 Бұқар жырау

0 пікір