Ей, адамдар!..
Ей, адамдар!..
12.11.2019 09:04
1579
0

-Адамдар өз шамасын асыра жоғары не тым төмен бағалайды. Кемелдікке жетпейтіні содан;

-Адамдар өзін емес өзгені сынауға жаттыққан. Араздықтың туатыны осыдан;

-Адамдардың қабілеті өзгенің жетістігін емес кемшілігін көруге жетілген. Алауыздықтың шығатыны содан;

-Адамдар істе мүмкіндік іздеуден гөрі сылтау іздеуге шебер. Табысқа жетпейтіні содан;

-Адамдарда қызығу сезімінен қызғану сезімі басым. Бақталастықтың өршуі содан;

-Адамдар мені күтіп қалмасын деуден өзім күтіп қалмайын дегіш. Тәкәппарлықтың басы осыдан;

-Адамдар өзінің орнын емес өзгенін орнын көздегіш. Өкініштен арылмайтыны,өстескіш келетіні содан;

-Адамдар өзге туралы білуге емес өзі туралы айтуға құмар. Өзара түсінісудің кем болатыны осыдан:

-Адамдар салдарды себептен демейді кенеттен дейді. Күдіктің басталатыны осыдан;

-Адамдар құрметті абыройдан емес атақтан келеді деп сенген. Даңққұмарлықтың асқынуы осыдан;

-Адамдар өз бағасын өзімен емес алған сыйлықпен өлшегіш. Атаққұмарлықтың өршуі осыдан;

-Адамдар асылды құпиядан емес жариядан іздегіш. Қадірдің қашуы осыдан;

-Адамдар көңілмен сезетін дүниеге емес көзбен көретін дүниеге құмар. Дүниеқұмарлықтың меңдейтіні содан;

-Адамдар бақи дүниден гөрі фәни дүниені ойлағыш. Өткенді аңсай беретіні содан.

0 пікір