Егер менде намыс болмаса...
Егер менде намыс болмаса...
11.09.2017 12:23
309
0

«Қазақты аштан өлтірмейтін, көштен қалдырмайтын тетік – намыс. Егер менде намыс болмаса өз Ана тілімді үйренбес едiм. Құпиямды айтайын: мен тiлді қазақи ән-жыр арқылы үйрендiм. Кейiнгi жастарға айтарым, орысша да, ағылшын тiлiн де үйренсiн, бiрақ, ең бiрiншi қазақ тiлiн – өз ана тiлiңдi бiл. Қазақша үйренгiсi келмейтiн қазақтарды өздерiне-өзі қарсы адамдар деп санаймын. «Маған қазақ тiлiнің керегі жоқ, орысша сөйлей беремiн» деген жұртты көп кездестiрдiм. Жарайды, өздерi солай-ақ iстесiн. Бiрақ, олар ата-бабаларын, түпқазығын өзгерте алмайды ғой. Бойдағы намыс – ұлттық болмыстың сақтаушысы. Ал оның астарында қаншама нәрсе жатыр»,-депті ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.

Оның ғарышқа сапары бүтіндей түркі әлемінің, әрі күллі қазақтың тарихындағы толағай оқиға іспеттес. Ол – ең қуатты кеңестік 50 әскери ұшақтың тұсауын кескен атақты сынақшы-ұшқыш. Әскери авиациядағы айрықша жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Дүниежүзілік авиация мұражайына еніп, әлемдік деңгейде әбден сүзгі-сұрыптаудан өткен тізімде он азаматтың арасында қазақтың батыр тұлғасы Тоқтар Оңғарбайұлы үшінші тұр.

 

 – Әкеден ерте айырылу, тағдыр тосқан тауқымет осындай тәуекелді мамандықты таңдауда қиын болған шығар…

– Жетi айға толар-толмас шағымда жанашырымнан ерте көз жазып қалсам да, ешқашан көңілім құлазыған емес. Көздеген мақсатқа қалай жету керектігін анам үйретті. «Қасыңдағыларға жақсылық жасай бер, түбі  өзіңе қайтады. Саған қайтпаса да, сенің ұрпақтарыңа бақ болып қонады. Жақсылық ізсіз кетпеуі керек» деп үнемі айтып отыратын. Бұйығылау, оңаша-оқшау болмыспен өсіппін. Анам үш баланы өзі бағып-қақты. Кейін үлкен әпкем тұрмысқа шығып, бізді өз қолына алды. Қалаға келген соң, шешем біраз ауырып қалды. Амал жоқ, ауылға қайтуға тура келді. Көп қазақтың басында болған жағдай біздің отбасыны айналып өткен жоқ. Үйде нан мен май, қара судан басқа ештеңе болмайтын. 10 жасымнан ауыр жұмысқа жегілдім. Вагондарда жүк тасумен нәпақа таптық қой. Кешке әбден шаршайсың. Үйге қайтар жолда бір қолына суын, екінші қолына орамалын ұстап анаң тұрады. Кешке оқуға барамын. Оқу мен жұмысты бірге алып жүрдім. Шын айтқанда, сабақты беске оқымасқа шара болмады. Жастық қой, ауырлықты сезіне бермейсің.

Басқа балалар әкесі туралы айтып жататын. Ең өкініштісі, «сен жетімсің, ары жүр» деген ағаларымыз болды. Сонда да, үлкен кісілердің қасынан қалмай, әр түрлі жұмыстарды істей бердім. Бәрі де жанбағыстың қамы. Жастығыма қарамай, үйдегі орындықтарға дейін өзім құрастыратынмын. Анамның алдында өзiмнiң ер жiгiт екенiмдi көрсеткiм келдi. Бұл – әр қазақтың бойындағы намыс. Тіпті, қазірдің өзінде үйге электр, санитарлық мамандарды шақырғым келмейді. Бұл жерде адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне тоқталамыз.

Кішкене кезімде ауылға санитарлық ұшақтар жиі қонатын. Үш-төрт бала күтіп тұрып, ішіне отырып алатынбыз. Ауыл баласына бұдан асқан арман жоқ-тын сол кезде. Ұшқыш болуға деген аңсарым ауа бастады. Соғыс кезінде асқан ерлік көрсеткен Нұркен Әбдіров, Талғат Бигельдинов сынды қазақтың батырларын жақын таныған сайын менің арманым мақсатқа ұласа бастады. Не керек, 1965-1969 жылдары Армавирге оқуға түстім.

 

– «Қаракөздеріміздің бойынан ұлттық рухты көре алмай жүрмін» депсіз бір сұхбатыңызда.Бұл жоғарыда сөз еткен адамның өзін-өзі тәрбиелей білуімен ұштасатын секілді.

– Тәрбие – тал бесіктен. Ұлттық рух қайдан шығады? Отбасынан. Тәрбиеден. Қазақтың дәстүрін бойға сіңдіру арқылы ұлттық сана сақталады. Мәселен, мен ұлттық болмыс түгілі, сол кездегі кесапат саясаттың кесірінен қазақтың сөзiн аз естiп, оның өзіне тән мiнезiн кем көрiп өстiм. Бірақ, қайтсем де тәрбие берем деп, жани-жани жасытып алмайық. Әр нәрсенің байыбына бару қажет. Үйдегі тәрбие мектепке, ол жоғарғы оқу орны қабырғасындағы ілім алуға жалғасқаны жөн. Озық ойлы баланың пайымы қашанда өркениетке иек артып тұрады. Мұнымен келіспеске лаж жоқ. Әлбетте, өркениетті ауылда да жасаймыз. Мойындау керек, біз өндірістік алпауыт ел емеспіз. «Шаруаның жанын мал ғана сақтап қалады» деген бар. Осы ретте үлкен мінберлерде отырған шенеуніктер ойланғаны дұрыс. Сауатты идеология жасау – күн тәртібінің нөмірі бірінші мәселесі. Содан барып жас ұрпаққа түзу бағыт-бағдар бере аламыз. Бұл – барлығымызға ортақ.

 

– Әуелі, Отанның емес, отбасының өзіндік дәстүрін қалыптастыру керек дейсіз ғой. Пәлен жыл орыс ортасында өстіңіз. Дегенмен, немерелеріңізге қазақы тәрбиені қалай беріп жатырсыз?

– Тәуба, халқыма мың рахмет! Қай жерге барсам да, халқым құрақ ұшып қарсы алады. «Бiр ауылға барсам, барлық үйге кiрiп шығуым керек» деп жанымдағыларды асықтырып жүремiн. Рас, дәл менікі секілді құрметке жеткендер аз. Бірақ, менің көкірек-кеудемді кернеген бір нәрсе болды. Ол – ұлттық сана. Басында мен де, Талғат та (Талғат Мұсабаев – авт.) қазақша дұрыс сөйлей алмайтынбыз. Амандасып, ары қарай өзге тілде шүлдірлей кететін едік. Кейін үлкен аға-апаларым сын айтты. Осыдан соң санама нықтадым. «Мен неге өз тілімде сайрап тұрмаймын осы» дедім өзіме-өзім қамшы басып. Ең бастысы ниет қой. Өз тілімді үйрендім деп мақтанбай-ақ қояйын. Ұлдарым Ресейде өмірге келді. Олардың қазақы тәлім алуы үшін әрқилы әдістерге бардым. Әуелі, оларға қазақша ән-күйлерді тыңдатам. Әсіресе, кіші ұлымның қазақша ән тыңдағанда көзі жайнап кететін. Алғашында оларды қазақша тәрбиелеу қиынға соқты. Себебі өзім орысша ойлайтын едім. Ата тәрбиесі – қазақылықтың қазығы. Мен мұны еш ойланбастан айтамын. Тіпті, керек десеңіз, аталарымыз ұрпақ тәрбиесін жоғары орынға қойып, өз перзенттерін ағайын-туыс, бір қауым ел болып тәрбиелеген емес пе? Ата-әженің тәрбиесін алған баланың бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, имандылық, рухани тәрбиені ашық көруге болады. Қала берді, қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен әжесі бауырына басып тәрбиелеген. Кейде ол кенже ұлының орнына атасының қарашаңырағына ие болып та жатады. Керемет қой бұл!

 

– Қазіргі техниканың дамыған уақытында ұлттық болмысты қалай сақтап қалмақ керек?

– Шынында, қазақ әр кезеңде де басынан өткізген тарихи жағдайларға қарамастан салт-дәстүрлерімізді мұра ретінде қастерлеп, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере білді. Ал бүгінде осы асыл құндылықтарымыздың тамыры ажырап барады. Сондықтан да, мына жаһандану заманында ең алдымен, ұлттық рухымызды, мәдениет және ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет. Бірақ, қалай?

Бір нәрсенің басын ашып алайық. Қой бағып, мал күткен, егін салып, жан баққан да аса абыройлы еңбек деп есептеймін. Жан-жүрегіміз – ауыл. Қазақ мал соңында жүре берсе, әлемдік өркениеттен кенжелеп қалатыны анық еді. Ал бір жағынан, заман талабына түпкілікті еріп кетуге болмайды. Тағы да айтамын, байыпқа салу қажет. Шынайы талант, шын тұлға уақыт та таңдамайды, саяси ортаның шеңберіне де сыймайды. Міне, ұлттық болмысты сақтап қалатын – солар, білімділер. Заманауи ұғымдарға сай отбасы құндылықтарының да жаңаша қағидалары қалыптасып келеді. Бір мысал, халқымыз жақсы келінді қызынан кем көрмеген. Үлкеннің атын атамай, отбасы мүшелерін құрметтеуі келіннің әдептілігі мен тәрбиелігін көрсетеді. Ибалы ана баласына дәл сондай тәрбие беруге міндетті. Тіршілік қамымен жүріп балаға мүлдем көңіл бөлмейтін де, балаға тым қатал қарайтын да, қазіргі балаға қатты айтуға болмайды деп баланың ыңғайымен жүретін де, жиған-тергенім балама жетеді деп қалтаға сенетін де, менің балам ең тәуірі деп баласын жақтап отыратын ата-ана да жоқ емес. Ақ сүтпен енген қасиет еш уақытта да адам бойынан кетпейді. «Мынаны істеуге болмайды» немесе «бұл саған керек» деп үйретіп қойсаң, жастың жады оны ұмытпайды.  

 

Қазақты аштан өлтірмейтін, көштен қалдырмайтын тетік – намыс. Егер менде намыс болмаса өз Ана тілімді үйренбес едiм. Құпиямды айтайын: мен тiлді қазақи ән-жыр арқылы үйрендiм. Кейiнгi жастарға айтарым, орысша да, ағылшын тiлiн де үйренсiн, бiрақ, ең бiрiншi қазақ тiлiн – өз ана тiлiңдi бiл. Қазақша үйренгiсi келмейтiн қазақтарды өздерiне-өзі қарсы адамдар деп санаймын. «Маған қазақ тiлiнің керегі жоқ, орысша сөйлей беремiн» деген жұртты көп кездестiрдiм. Жарайды, өздерi солай-ақ iстесiн. Бiрақ, олар ата-бабаларын, түпқазығын өзгерте алмайды ғой. Бойдағы намыс – ұлттық болмыстың сақтаушысы. Ал оның астарында қаншама нәрсе жатыр.

 

Қасқырбай Қойшыманов

0 пікір