Уақыт сыры
Уақыт сыры
10.02.2019 12:59
219
0

Пенделік қабаттың қабығын жарып шыға алмаған бейбақ жандар зымырап өтіп жатқан уақыттың сыры мен сынын ұға бермейтін тәрізді. Хакім Абайдың тілімен айтқанда "жұрт өйтіп жатыр, жұрт бүйтіп жатыр" деп құр еліктеумен, елбеңдеумен күн кешіп жүргенде, сынаптай сырғыған уақыттан алатын арда-хикметтің берекесін қашырып, «қолымызды мезгілінен кеш сермеп», ауа қарпып қалудамыз. Олай дейтін себебіміз, бірде Хақ Елшісі (с.а.у) өзінің хадис-шарифтерінің бірінде: "Сондай бір уақыт келеді, ол дәуірдің бір жылы - сағағынан жапырақтың сырғып жерге түскен уақытына тең болады"деген екен. Адамзат ардақтысының (с.а.у) бұл ишарасын кейінгі ғұламалар; «саңлақ сахабалардың жапырақ сағағынан сырғып жерге түскенге дейінгі аралықтағы жасаған сауапты істерін қиямет-қайымның алдындағы мұқым мұсылмандар жыйылып кеп бір жылда да жасай алмайды» деп әдіптеген. Бұл тәмсілдің осы дәуірге, осы қауымға қарата айтылғандығы талассыз ақиқат...

Задында, әрбір жыл мен мезгілдің, тіпті, әрбір ай, әрбір апта, әрбір күннің өз хикметі, өз берері бар. Оны маңдайдағы көзбен емес, жүректің көзімен ғана көре аламыз. Әлбетте, оны сездіретін жүректің көзі ашық болса...

Хақ-Тағала Құран-Кәрімнің «Ғасыр» сүресінде «Уақытқа серт» деп, сырғыған уақытқа қасам-ант айтады. Әрине, ақжал толқынның алғадай өкілдері (салаф) муташаббих аяттарға түсіндірме жасамағандықтан, аталмыш аятқа кейінгі иір-бұтақты ғұламалар да (халаф) кесіп-пішіп ештеңе айтпаған. Десек те, Жаббар Хақтың Құран-Кәрімде мақұлұһаттағы ұлық болған нәрселерге серт еткеніне қарап, сусылдап, құйрық-жалын ұстатпаған «уақыт шіркінді» де хикметін ішіне бүккен ұлық нәрсеге балауға болады. Себебі, Тәңір-Тағаланың таңдауының бәрі даналыққа негізделген. Біз ешқайсымыз да қай дәуірде, қай ғасырда ғұмыр кешуді таңдай алмаймыз. Бізге ондай таңдау еркі берілмеген. Олай болса, біздің дәл осы күні ғұмыр кешуімізде Тәңірдің жазуы. Олай болса, сөз жоқ мұнда илаһи бір сыр бар...

Тегінде, күн артынан күн жалғасып, іркес-тіркес, ілбіп өтіп жатқан заман - маздап жанып жатқан көгілдір отын секілді. Ал, үйдегі көгілдір отынды бір керегімізге, қажетімізге жаратанымыз айдан-анық. Ас-ауқат жасаймыз, су ысытамыз, қала берді үйімізді жылытамыз. Ал, осы көгілдір-отынды тектен-текке жағуымыз мүмкін бе? Әлбетте, мүмкін емес. Олай болса, уақыт деген көгілдір-отынды да бостан-босқа алаулатып жағуға болмас сірә... Үйдегі көгілдір-отын түгесілсе, оны қайта ауыстыра саламыз. Ал, уақыт деген көгілдір-отын бітіп қалса ше? Оны қайта ауыстыра аламыз ба? Демек, бізге уақыттың оты бір-ақ рет беріледі екен. Яғни, бабаларымыз уақытты бекерден бекер «қайран шіркінге» теңемеген сияқты. 
Бірде, көргені мен түйгені телегей-теңіз хазірет Әли: «Адам баласы ұйқыда, өлгенде оянады» дейді. Олай дейтін себебі, қабірде мүңкір-нүнкір шоқпарымен сабалап: "мына мезгілдің, мына уақыттың құнын төле" деп сұрақ-жауап алғанда ғана барып, шын мәнінде бұл дүниенің сыры мен сынын ұқпақпыз. Ол кезде, «енді қателеспеймін, бұл дүниеге қайта жібер» дегенде, «Ей ақымақ, қазір сол жерден келіп тұрған жоқсың ба?» деген жауапты естімекпіз. Демек, бұл дүниеде ақылдысымақ болып, ал, ақыретте ақымақ болып қалмас үшін бізге ұдайы қияметтің қамын жеуге тура келеді...

 

Мұхан ИСАХАН

 

0 пікір