Тәпсір мен тәуил туралы түсінік
Тәпсір мен тәуил туралы түсінік
06.08.2015 14:17
2813
0
Мұхитдин Исаұлы

   Ол – «тәпсір» мен «тәуил» сөзінің этимологиясы.

Тәпсірдің түбірі  «фәсәрә» – баяндау, жаңалық ашу, айқындау және жасырын нәрсені ашу тәрізді мағыналарға саяды[1]. Діни терминде – мән-мағынасы айқын білінбеген сөзден мақсат етілген мағынаны айқындау. Яғни, бұл сөз араб тілінің «тәфил» бабы арқылы жасалған. Ғұламалар бұл сөзді Құран аяттарының мағыналарын айқындау үшін пайдаланғанымен, бұл Құран ауқымында ғана шектелмей, басқа да ілім салаларында қолданылған.

«Тәуил» – «әуәлә» сөзінен шыққан, «кері қайту, оралу» мағынасын береді[2]. Осы сөздің «тәфил» бабы – «түсіндіру, айқындау және баяндау» тәрізді мағыналарға саяды[3]. Терминдік мағынасы – «сырттай ұқсас екі ықтимал мағынаның біріне қайтару». Яғни, аяттағы ықтимал мағыналардың бірін таңдау.

«Тәпсір» мен «тәуил» сөздері кей замандарда бір-бірінің орнына қолданылса да тәпсір сөзі термин ретінде тәуилден бұрын пайдаланылған.

Жалпы тәпсірлер «риуаят» және «дираят» болып екіге бөлінеді.

1. Риуаят тәпсірі – Сәләфи, Исламның алғашқы ғұламаларының еңбектеріне сүйенген тәпсір. Риуаят тәпсірі кейбір аяттарды түсіндіргенде, алдымен тікелей Құранның басқа аяттарын және Хазіреті Пайғамбарымыз аләйһис-салату уәс-сәләм мен сахабалардың сөздерін дәлелге келтіреді және бұған кейде табиғиндердің сөздерін де жатқызады.

Риуаят тәпсірінің атақтыларының кейбіреулері.

1. Мухаммәд ибн Жәрир әт-Табәри. Жамиул-баян ан тәуилил-Қуран.    

2. Әбу Ләйс әс-Самарқанди. Тәфсирул-Қуранил-азим.

3. Әбу Исхақ әс-Саләби. әл-Кәшф уәл-бәян ан тәфсирил-Қуран.

4. Әбу Мухәммәд әл-Хусәйн әл-Бәғәуи. Мәалимут-тәнзил.

5. Ибн Кәсир. Тәфсирул-Қуранил-азим. 

2. Дираят тәпсірі – «рәй» және «мақул» тәпсірі деп аталады. Бұлар риуаят тәпсірлермен ғана шектеліп қоймай, тіл, әдебиет, дін, т.б. әр түрлі мағлұматтарға сүйеніп жасалған тәпсірлер. Яғни, өздерінің иштиһады (ой-пікірі) арқылы жасалады. 

Дираят тәпсірлерінің мәшһүрлері:

  1. Фахруддин әр-Рази. Мәфәтихул-ғайб.
  2. әл-Бәйдауи. Әнуәрут-тәнзил уә әсрәрут-тәуил.
  3. ән-Нәсәфи. Мәдәрикут-тәнзил уә хақаиқут-тәуил.
  4. Әбу Хайән. әл-Бахрул-мухит.
  5. әл-Алуси. Рухул-мәани фи тәфсирил-Қуранил-азим.

Құран жер бетіне түскелі он бес ғасыр өтті. Содан бері Ислам ғұламалары Құранға қатысты атан түйеге жүк болар кітап жазса да мұсылмандар Құранды әлі күнге дейін толық түсінді дей алмаймыз.  Құранның мағынасы шексіз. Ол – Ұлы Жаратушының жаратылмаған сөзі. Бұл – адамдар Құранды түсінбейді деген сөз емес. «Адам өз заманының төл перзенті» демекші, әр толқын өз уақытының қажеттілігіне қарай дәріс алған. Заман өткен сайын Құран жаңара түседі. Сол себепті бұрынғыларға қарағанда қазіргілердің Құранды терең түсінуіне мүмкіндік мол. Әлемде ашылған жаңалықтар арқылы Құранды жаңа қырынан оқуына әбден болады. Адамзат Құранды сол жетістіктері арқылы енді ғана оқи бастады. Адамзат осы күнгіден де маңызды ғылыми жетістіктерге қол жеткізсе, Құранның Хақ Тағаланың кітабы екендігін көп аңғарар еді. Құранда: «Болашақта дәлелдерімізді ғаламзат және өз жаратылыстарында көрсетеміз. Сол кезде Құранның ақиқат екендігіне олардың анық көздері жетеді»[4] дейді.  

«Құран ғасырлардан бері заман мен мекен теңізін жарып келе жатқан Нұх кемесі іспетті. Оған ұмтылғандар құтылды, одан қашқандар құрыды».   

(жалғасы бар) 



[1] Ибн Манзур. Лисануль-араб, 15-том. «Фәсәрә» бөлімі.
[2] Лисануль-араб, 11-том. «Әуәлә» бөлімі.
[3] Сол жерде.
[4] Фуссилат сүресі. 41/53. 


"Құран" бөлімінен оқыңыздар:
   

Құран тәпсірі. Кіріспе
Құран тәпсірі. Құран жайлы жалпы түсінік
Алла тәкаппарларды жақсы көрмейді
Жұмақ жайлы айтыңызшы...

 

0 пікір