«ШӘМС» СҮРЕСІНІҢ ТӘПСІРІ
«ШӘМС» СҮРЕСІНІҢ ТӘПСІРІ
05.11.2019 09:30
217
0

 «Шәмс» сүресі Меккеде түскен. Бұл сүре екі тақырыпты қамтиды.

1.Адам баласының нәпсісі және Алла Тағала нәпсіге жаратқан жақсылығы мен жамандығы, тура жолы мен адасуы;

2.Адамның астамшылығы. Самуд қауымын мысал ете отырып, адамның астамшылығын баяндайды. Сүре Алла Тағала жаратқан жеті құбылысқа серт етіп басталады. Олар күн, ай, күндіз, түн, ешбір тіреусіз тұрған аспан, төселіп жатқан жер және адам нәпсісі. Осы құбылыстармен серт ете отырып, адам баласы Алла Тағалаға тақуалық етсе жақсылыққа жететіні айтылуда. Ал, қарсылық білдіріп, мойынсұнбаса, бақытсыздыққа тап болатыны баяндалуда. Соңыра, Салих  қауымы Самуд жайы әңгімеленеді. Олар пайғамбарын жалғаншы деп, жер бетінде бұзықшылық жасайды. Самуд халқы Алла Тағала пайғамбарына мұғжиза ретінде жартастан жаратқан түйені бауыздап үлкен қылмыс жасайды. Шектен шыққан қауымның жермен жексен болуы кейінгі адамдарға ғибрат. Бұл қисса Алла елшісіне (r) сенбеудің салдары ретінде насихат болмақ.

 بسم الله الرحمن الرحيم الشَّمْسِ وَضُحَاهَا

1.    Күн және оның жарығына.

وَالْقَمَرِ إِذَا تَلَاهَا

2.    Және оның соңынан ілескен кездегі айға. Күнмен серт етуінің сыры күн батқан кезде айналаны қараңғылық басып, әлем бейне бір өлікке айналады. Ал, күн шыққанда әлемнің тамырына тіршілік жүгіре бастайды. Бұл өлгендер қайта тірілгендей көріністі бейнелейді. Осы жағдай қиямет күнге ұқсайды. Ал, сәске уақыты мұсылмандардың жаннатқа кірген сәтін елестетеді. Күн мен ай адамзат игілігі үшін жаратылған ғажайып жаратылыс.

وَالنَّهَارِ إِذَا جَلَّاهَا 3.    (Күнді) көрсеткен кездегі күндізге

 وَاللَّيْلِ إِذَا يَغْشَاهَا

4.    Және оны жапқан кездегі түнге وَالسَّمَاءِ وَمَا بَنَاهَا

5.    Аспанға және оны тұрғызғанға

 وَالْأَرْضِ وَمَا طَحَاهَا

6.    Жерге және оны жайғанға Көк аспанды ешбір тіреусіз жаратқан Құдіретке серт. Бұл ақыл иесі үшін Алла Тағаланың құдіретін көрсетеді. Және жерді жаратқан Аллаға серт. Ол жердің төрт бұрышын да жайып адамзат пен жануарларға тұрақ және мекен етті. Аятта жерден алынатын мол пайда айтылуда.

 وَنَفْسٍ وَمَا سَوَّاهَا

7.    Жанға және оны тепе-тең етіп толықтағанға Адам нәпсісін, оны жоқтан бар қылып және кемел етіп жаратқан Алламен серт етуде. Адамның болмысы, оның сыртқы және ішкі құрылысы кемел жаратылыс. Кемелдіктің ең биік көрінісі адамға ақ пен қараны ажырататын ақылдың берілуі.

فَأَلْهَمَهَا فُجُورَهَا وَتَقْوَاهَا

8.    Сөйтіп оған (жанға) жамандық әрі тақуалықты білдірушімен ант етемін. Адам нәпсі мен оның жаратылысы және болмысын шебер жасаушы Аллаға серт. Алла Тағала адам нәпсісіне азғындық жолын үйретіп, одан сақтандырды. Сондай-ақ, жақсылық жолы мен тақуалықты танытып, оған үндеді. Ибн Аббас: «Алла Тағала нәпсіге жақсылық пен жамандықты, мойынсұну мен қарсы шығуды, нені істеу керек, неден қашу керек екенін үйретті», – дейді. Тәпсіршілер: «Алла Тағала осы жеті құбылыспен серт ете отырып, өзінің Жалғыз Жаратушы және шексіз құдірет Иесі екенін көрсетуде», – деген.

قَدْ أَفْلَحَ مَنْ زَكَّاهَا

9.    Анығында, оны (нәпсіні) тазартқан мұрат-мақсатына жетеді. Алла Тағалаға бойұсыну және күнә жасамау арқылы нәпсісін тазартқан адам жақсылыққа жетеді.

 وَقَدْ خَابَ مَنْ دَسَّاهَا

10.  Ал, оны (күнәға) батырған қор болады Нәпсісін күнәдан тазалап, оны мойынсұну және тақуалықпен әсемдеген адам жеңіске жеткен. Ал, нәпсісін тәрбиесіз қалдырған зиянға ұшырайды. Бұл аят – серттің жауабы.

كَذَّبَتْ ثَمُودُ بِطَغْوَاهَا

11.  Самуд азғындық кесірінен (елшіні) жалғаншыға шығарды Аятта нәпсісіне еріп, Иесіне қарсы шыққан қауымды ғибрат етіп тұр. Салих  пайғамбарға Самуд қауымы бағынбай, шектен шықты.

 إِذِ انْبَعَثَ أَشْقَاهَا

12.  Оның (Самуд елінің) бейбағы қарсы шыққанда Самуд қауымының қарсы шығуының белгісі мұғжиза ретінде жаратылған түйені Салих  ескертсе де бауыздап салады. Самудты осындай ауыр қылмысқа итермелеген қауымның ең абыройлы әрі дәулеттісі және ең жауызы Қадар ибн Салиф атты кісі еді. Осы қылмысы үшін оны аятта қауымының ең бақытсызы деп атап тұр.

 فَقَالَ لَهُمْ رَسُولُ اللَّهِ نَاقَةَ اللَّهِ وَسُقْيَاهَا

13.  Алла елшісі (Салих оларға: «Алланың түйесіне әрі оның суарылуына (килікпең-дер)», – деді. Алайда, Алла елшісі Салих : «Сақ болыңдар! Бұл – Алланың түйесі, оған арам ниетпен қол тигізбеңдер (өлтірмеңдер) және түйенің су ішуіне кедергі болмаңдар», – деп ескертті.

فَكَذَّبُوهُ فَعَقَرُوهَا فَدَمْدَمَ عَلَيْهِمْ رَبُّهُمْ بِذَنْبِهِمْ فَسَوَّاهَا

14.  Бірақ олар оны (елшіні) өтірікші деп, (түйенің) тірсегін қиды (өлтіріп тастады). Міне, сонда Раббылары оларға қылмыстарының салдарынан (барлығына) апат жіберіп, жермен-жексен етті. Бірақ, олар пайғамбарды жалғаншы деп, түйені өлтірді. Пайғамбар ескертуіне құлақ та салмады. Бұл қылмыстарына жаза ретінде Алла Тағала оларды жермен жексен етті. Қауым түгел қырылды.

 وَلَا يَخَافُ عُقْبَاهَا

15.  Және де, Ол (Алла) оның салдарынан қорықпайды. Ақиқатында, мұндай кәпір және қылмыскерлерді жазалауда Алла Тағала ешкімнен қорықпайды. Өйткені, әлемдер Иесі өз ісі үшін ешкімнің алдында жауап бермейді.

 

Серікбай ОРАЗ

0 пікір