ҚҰРАННЫҢ ҚОҒАМҒА ТИГІЗЕР ИГІ ЫҚПАЛЫ
ҚҰРАННЫҢ ҚОҒАМҒА ТИГІЗЕР ИГІ ЫҚПАЛЫ
31.08.2017 13:48
521
0

Алла тарапынан түскен ұлы Кітап турасында жазу қашанда тиянақтылықты қажет етеді. Себебі, біздерге саф болып келген бұл Кітап қателіктен қаншалықты алшақ болса, соншалықты мұқияттылықты керек қылады. Сондықтан, Құран турасында жазылған еңбектердің мазмұнында қандай да бір қателіктің орын алуы – ол Құранның емес, әлсіз жаратылған пенденің кемшілігі. Құран жазуды, тіпті, басым көпшілігі оқуды да білмейтін шөл далада өмір сүрген араб тайпаларының арасына соның ішінде сауаты төмен болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға түскені белгілі.

 Құранның алғашқы түскен аяты «Иқра» яғни, «Оқы!», болған. Осы «Оқы!» деген аяттың нәтижесінде бүгінде мұсылмандардың арасынан 7 ғасырдан бері беделді ғалымдар шығып талай ғылымға жол ашылды. Уақыт өте Батыс елі Шығыстан бәйшешектей атып шыққан ғалымдардың көптеген еңбектеріне тәнті болып, оларды әртүрлі тілдерге аударып зерттей бастады. Осылайша, Алланың «Оқы!» деген әмірінің арқасында мұсылман ғалымдарының саны артып астрономия, химия, медицина, география және т.б. көптеген салалар қайта жанданды және бұл тұрғыда Ибн Сина, Ибн Батута, әл-Хорезми, әл-Фараби, Ибн Халдун, әл-Ғазали және т.б. ұлы ғалымдардың есімдері ғылым саласында тасқа қашап жазғандай өшпестей із қалдырды.

Осындай даңқты мұсылман ғұламаларынан нәр алған белгілі Батыс ғалымы, анатомия ғылымының докторы, профессор Емирутес Кейс Мур былай деген:

«Мұхаммед (с.ғ.с.) сонау VII-ғасырда шарананың құрсақта қалай пайда болу процесін өз бетімен білуі мүмкін емес еді. Себебі, бұл мәселе ғылыми тұрғыда XX-ғасырда ғана алғаш дәлелденді».

Профессор Элисон Палмер:

 «Расында, Құдай біздің қазіргі ашып жатқан ғылымдарымызды Мұхаммедке (с.ғ.с.) әу баста өзі үйреткен еді».

Француз тарихшысы, шығыстанушы Седиллот (1808-1875) өзіне:

 «IX-XIII ғасырдың арасында Ислам дінінде әдебиет ғылымы кең қанатын жайды. Мұсылмандардың ойлау өрісінің кеңеюінің, ақылдың ұлғаюының нәтижесінде ғылымға деген жылдам ұмтылыс пайда болды. Нәтижесінде, Ислам әлемінде көптеген құнды жаңалықтар ашылды. Бұл өз кезегінде Батысқа көп ықпалын тигізді. Бұл ықпалдың Батыс елдеріне маңызды болғаны соншалық біз мұсылмандарды өзіміздің ұстаздарымыз деп айтуға тиістіміз» деп айтуды міндет еткен.

 Мұсылмандардың осындай дәрежеге жетіп артынан үлкен із қалдыруы тыныштық заманда ғылыммен айналысуы үшін, әлбетте, белгілі бір саяси жүйенің, тыныштық қоғам аясында жүзеге асқаны белгілі. Ендеше қандай да бір қоғамның дұрыс қалысптасуына Құранның атқарар ерекше рөліне қысқаша тоқталалық. Қасиетті Құранда Алла Тағала біздерді ер мен әйел етіп, түрлі ұлтқа бөліп жаратқандығы туралы ашық баяндаған: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен рулар қылдық» делінген (49:13).

Біріншіден, Тәңірдің бұл жаратылысында ұлы даналық жатыр.

Екіншіден, мұндай жаратылысты өз еркіне, нәпсісіне жіберместен бірізділікке салып отыру үшін де арнайы жүйе керек болған. Осыған байланысты дана Алла Тағала адамзатты жаратып қана қоймай біздің дұрыс жолда өмір сүру тәртібімізді, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуды, өзгеге қиянат жасамай бейбіт өмір сүруді, халықтың бірлігін ыдыратпай елді дұрыс басқарудың негізгі қағидасын да Өзінің қасиетті Кітабында нақтылап баяндаған.

 Кез келген мұсылман қоғамының ілгері дамуы үшін Құранның тигізген елеулі ықпалы – адамдардың арасындағы теңдік принципі. Осыған байланысты ислам ғалымдары барлық адамзат бір Адам ата мен Хауа анадан тарағанын туралы жоғарыдағы аятты алға тартты. Құран арабтардың төріне түссе де олардың өзге ұлттардан тілі, түсі, ұлты жағынан ешқандай айырмашылығы жоқ екендігіне байланысты айқын аяттар бар. Сонымен қатар, Құран мазмұны адамдар арасынан ұлтшылдыққа, таптық қоғамға, бөлінушілікке, асыра сілтеушілікке қарсы. Себебі, Құран жалпы барша адамзатқа түскен әрі ол мұсылмандар арасында тепе-теңдіктің ірге тасын қалаған және ұлтшылдық жойған бірден бір ұлы Кітап. Бұған дәлел ретінде бүгінде көптеген мұсылмандардың теңдік принципін Құранға сүйене отырып ұстанатындығын тілге тиек етуге болады.  

Ешкімге жасырын емес, қазіргі үлкен державалардың бірі саналатын АҚШ елі өзін  демократиялық үлгі тұтарлық ел ретінде сыртқа тонды томпайтып көрсетіп отырғаны белгілі. Алайда, біз АҚШ-тың бұған дейінгі африкалық қара нәсілділерге көрсеткен құлдық азабын білеміз. Сонымен қатар Мексика мен Боливия елдері де Оңтүстік Африкадан құлдар алып талай азапқа салғаны да тарих жадынан оңай ұмытыла қойған жоқ. Мұндай көріністерді Батыстың кейбір елдерінде қазіргі уақытта да түгелдей жоқ деп айта алмаймыз. Өйткені, бүгінге дейін уысында тепе-теңдігі сақталмай келе жатқан Америка құрлығы нәсілшілдікпен жаппай күресуде. Ал, керісінше Ислам қанатын жайған Шығыс, Орталық Азия елдерінде мұндай көріністер жоқтың қасы. Себебі, Құран осындай әлемдік дертпен күресіп, адамдардың дәрежесін теңестіруде қашанда ерекшелеп отырған.

 

Құранның негізгі қағидалары:

 

1. Раббани. Құрандағы барлық қағидалар, үкімдер мен принциптер тек Алладан ғана бекітілген.   

 2. Әлемдік. Құрандағы негізгі қағидалар, жүйелер барлық әлем бойынша таратылады. Бұл жайында ағылшын шығыстанушысы, Лондон университетінде араб тілі пәнінің оқытушысы болған Арнольд былай дейді:

«Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар бір ғана араб тайпасына түскен жоқ бәлки, барлық адамзатқа елші ретінде жіберілді. Бұған дәлел ретінде Мұхаммед (с.ғ.с.) көзі тірісінде түрлі ұлт, дін өкілдеріне Ислам дініне шақыру туралы хаттар жолдағанын айта аламыз. Сондықтан ол ұстанған Құрандық жүйе бір ғана дін өкілдерімен, бір ғана ұлтпен шектелмеген».

 3. Тұрақтылық. VII-ғасырда түскен Құран бүгінге дейін қанша уақыт өтсе де оның қоғамға беретін пайдалы принциптері әліге дейін өзекті және өзгеріссіз тұрақты болып сақталып келеді. Бұл Оның Жаратушы тарапынан түскенін тағы бір айғақтайды.

 4. Тепе-теңдік. Құранның басты қағидасының бірі ол адамдар арасында тепе-теңдікті сақтау. Бай мен кедейдің, үлкен мен кішінің, ер мен әйелдің арасындағы қарым қатынастың бұзылмайтынын бақылайтын негізгі жүйелерді біріктіруші – қасиетті Кітап. Бұл өз кезегінде қазіргі таңда орын алып жатқан адамдардың арасындағы зұлымдықты, әділетсіздікті, қиянатшылықты жоюға қарсы тұратын иммунитет. Осыған байланысты ислам әлемінде белгілі тәпсірші ғалым Мұхаммед аш-Шарауи Құрандағы әділеттілік жайлы былай деген:

 «Құрандағы әділеттілік қағидасы ол тек мұсылмандар үшін ғана айтылмаған. Бәлки, жалпы адамдар үшін айтылған. Сондай-ақ, Алла Тағала бізден кез-келген аманатқа қиянат жасамауға бұйырады. Бұл да өз кезегінде жалпы адамзатқа айтылғанын байқауға болады».

5. Шура – кеңесу, яғни, тарихтан белгілі әртүрлі жағдайға байланысты мұсылмандар белгілі бір шешімге келу үшін өзара жиналып кеңес құрып отырған. Себебі, бұл кеңес мәселесіне Құран Кәрім басты назар аударған. Осыған байланысты Алла Тағала былай деген:

 «(Мұхаммед с.ғ.с.) Оларға (мұсылмандарға) кешірімді болып, олар үшін жарылқау тіле де қандай да бір іс бастарда олармен кеңесіп отыр. Сосын шешім қабылдасаңдар  Аллаға тәукел етіңдер» (3:159). Жалпы, Құранда кеңесуге байланысты нақты үш аят кездеседі және «Шура» деген арнайы сүре де түскен. Бұл өз кезегінде Құранның негізгі қағидаларының бастысы десе болады. Айта кететін жайт, «Шура» сүресі Меккеде түскен сүлелердің бірі. Ал, меккелік сүрелердің негізгі мазмұны мұсылмандардың бойына адами моральдық құндылықтарды сіңдіру, сенім (ақида), ер мен әйелдің теңдігі, сабырлық пен төзімдікке шақыру еді. Себебі, бұл мәселелер сол уақытта меккелік мұсылмандар үшін аса маңызды болатын. Сол үшін мұсылмандардың өміріне аса қажет болған «Шура» сүресі де осы сәтте түсуі бекер еместін. Демек, бұл жерде кеңесу принципі исламның іргетасы қаланған алғашқы уақыттан бері қашан да маңызға ие болғандығын көре аламыз. «Құран біздерді әрбір амалымызды кеңесіп шешім жасауға шақырады. Мәселен, күнделікті тәрбие мәселесінде де әке өзінің жарымен немесе ана өзінің жолдасымен кеңесе отырып тәрбиеге мән беруі керек. Себебі, сол отбасынан шығатын бала ертең таққа отырса жақсы тәрбиенің арқасында елді дұрыс басқарады. Сондықтан Құран кеңесу мәселесін тек билік адамдарының мойнына ғана жүктеген мәселе емес бәлки, әрбір мұсылманның іске асыруы шарт болатын дүние» деген Мұхаммед Рида – белгілі тәпсірші, «Тафсир әл-Манар» кітабының авторы.        

 6. Итағат – бойсұнушылық. Бұл жайында да Құран Кәрім мазмұнында 60-қа жуық жерде ескеріліп кеткен. Себебі, бойсұнушылық жоқ жерде қандай да бір жүйе жоқ екені белгілі. «Ислам» сөзінің өзі араб тілінде «берілу», «бойсұну», «мойындау» деген мағыналарға да келеді. Демек, әрбір мұсылман бірінші жаратқан Раббысына бойсұнса одан бері үйдің иесіне арысы елді басқарып отырған патшаға бойсұнады. Сонда ғана жүйелі өмірді елестетуге болады. Әділетті екінші халифа Омар ибн Хаттабтың:

 «Ислам – жамағатсыз болмайды. Жамағат – билеуші әмірсіз болмайды. Әмір – бойсұнусыз болмайды» деген қанатты сөзі бар. Сондықтан, Ислам жеке адамдардың діні емес ол көпшілік жамағаттың діні. Ал, жамағат бар жерде міндетті түрде оны билеуші әмір болуы шарт болады. Себебі, әмір болмаса жамағаттың салмағы болмайды. Осыған байланысты ислам қашанда мұсылмандардың басын біріктіру үшін белгілі бір әмір сайлап оған бойсұнып отырған. Бұл өз кезегінде жүйелілікті талап етіп шектен шығуға жол бермейді. Қасиетті Құранда осыған байланысты: «Әй, мүминдер, Аллаға бойсұнып әрі Оның жіберген Пайғамбарына (Мұхаммед с.ғ.с), әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бойсұныңдар» (4/59) делінген. Бұл аяттағы «әмір иелеріне» дегеніміз қоғамдағы кез-келген саланы басқарушылар, мейлі ол саясаттанушы болсын, қала, аудан әкімі болсын, қазы болсын, ауыл кеңесінің төрағасы болсын немесе парламент жетекшісі болсын оларға бойсұну міндет (әл-Хукуматул  Исламия – әл-Маудуди). Сондай-ақ, берілген аятта «әмір иелеріне» бойсұну мәселесі Аллаға және Оның Елшісіне (с.ғ.с.) бойсұнудан кейін келіп тұр. Демек, әмірге бойсұну ол Аллаға және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға бойсұнумен тең деген сөз. Сонымен қатар, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар да өз сөзінде былай деген:

«Кімде-кім өзін басқарып отырған әмірден бір кемшілік байқап оны ұнатпай қалса сабырлы болсын. Себебі, егер кімде кім ұйып отырған жамағаттан бөлініп шығып өмірден өтсе ол жәһилиет (надандық дәуірі – арабтардың Ислам діні келмей тұрып өмір сүрген кезеңі) дәуірінде өмір сүргендей өлген болып есептеледі». Расында, бойсұну мәселесі елдің тыныштығы болып саналады. Қандай ел болмасын онда халық арасында ауызбіршілік жойылып, патшаға бойсұнбай оған тас лақтырылатын болса ондай елдің болашақ шамы сөнгенмен тең.  Ислам тарихына үңілер болсақ үшінші халифа Осман ибн Аффан қастандықпен өлтірілгеннен кейін Әли ибн Әбу Талибтің әскері өзіне қарсы шығып, мұсылмандардың жолы екіге бөлінгенін көреміз. Бірі – сүнниттік болса екіншісі – шииттік бағыт. Мұндай бөлінушіліктің негізгі себебі ол итағатсыздықтан, басшыға бойсұндаудан орын алуы болып отыр. Сондықтан осындай ақсақтықты болдырмас үшін Ислам діні бізді қашанда ауызбіршілікке шақырып патшаға бойсұнуға міндеттейді.

7. Әділдік. Бұл жайында Құранда 14 жерде айтылып кеткен. Әділдік бар жерде қоғамның тыныштығы, халықтың үндестігі бар. Әділдік әр түрлі жағдайда болады. Билік басындағылар үшін қандайда бір шешім шығаруда әділ болу, адамдар арасында жақын - туыстармен әділ болу, отбасында ерлі-зайыптылардың әділ болуы, сауда саттықта, қарым қатынаста әділ болу және де әрбір істе сөзімен де ісімен де әділ болу. Әділдік – дінге, нәсілге, ұлтқа қарамайтын кез-келген адам баласы үшін міндетті өмірлік қағида болып саналады.  Алла Тағала Құранды біздерге түсіргенде әділдік қағидасын алға тартқан: «Расында, Біз елшілерімізді анық мұғжизалармен жібердік. Және де елшілермен бірге адам баласының әділ өмір сүруі үшін Кітапты жібердік» (57/25) деген. Бірақ, Алла Құранда әділдікті тек белгілі бір үкім шығару үшін ғана түсірген жоқ бәлки, Алла біздерді сөзбен де іс әрекетпен де әділ болуға үндеген. Ибн Касир:

«Алла Тағала әрбір адамды қандай жағдай болмасын жеке даралап әділ болуға міндеттейді» деген. Мұхаммед Рида:

 «Әділдік қандай істе, сөзде болсын әрбір адам үшін уәжіп амалы» деген. Мұндай Құрандағы әділдік принципі барлық адамға мейлі ол патша болсын, жай адам болсын жалпыға бірдей таратылады. Бұған Омар ибн Хаттаб халифалығында Мысыр еліне уәкіл етіп тағайындалған Амр ибн А’стың мына оқиғасы дәлел бола алады.

Күндердің күнінде Амр ибн А’с мысырлық бір қыптимен [1] жүгіруден жарысқа түседі. Артта қалып қойған Амр ибн А’с: «Мен секілді ұлылардан сен артық емессің», деп әлгі қыптиды қолындағы аса таяғымен бір қояды. Мұндай жағдайға қапа болған қыпти дереу халифа Омар ибн Хаттабқа шағымданады. Халифа екеуін алдына шақыртып қыптиден жаза ретінде Амр ибн А’сты асамен ұруды талап етеді.

Осылайша мұсылмандар әділдіктің шынайы бейнесі адамның дініне, даңқы мен беделіне қарамайтынын тағы бір дәлелдейді. Соған байланысты жер бетінде жүздеген жылдар билік құраған Осман империясының бейбіт қоғамы қашанда Құран мазмұнынан көрініс тапқан. Ол уақытта мұсылмандар қол астында өмір сүрген түрлі ұлт өкілдері бейбітшілікте, тыныштықта ғұмыр кешкенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Сайып келгенде, мұсылмандар әркез көршісіне қамқор болған, біреудің ақысын жемеген, аманатқа қиянат жасамаған, біреуді ұлты, тілі, дініне байланысты кемсітпеген, жетім-жесірге жомарттық пен мейірімділік танытқан. Осындай гуманизм сипатын бойына сіңірген кез-келген мұсылман қоғамы өзінің негізгі саясатын қашанда Құранмен ұштастырып отырған. Нәтижесінде XIX-ғасырға дейін мұсылмандардың өркениеті мен мәдениеті шарықтап, өзге ұлт, дін өкілдеріне үлгі тұтарлық көріністермен танымал болған. Бұған қоса, мұсылмандар күнделікті өмірдің өзінде түрлі мәселеде кеңесу қағидасын алға тартып, әмірге бойсұну мен халық арасында әділдіктің жалауын желбіреткеніне тарих куә.

Мұның барлығы жоғарыда айтылған Құранның басты қағидаларын бұлжытпай орындаудың жемісі десе болады. Себебі, кез-келген елді басқарушы мұсылман ол өзінің түрлі саясатын жүзеге асыруда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды үлгі тұтады. Ал, пайғамбардың (с.ғ.с.) бейбіт қоғамын құру үлгісі Құран Кәрімге негізделгені айдан анық. Осындай мұсылмандардың ұстазы болған ардақты пайғамбардың (с.ғ.с.) көрнекті үлгісі турасында белгілі жазушы Майкл Х.Харт өзінің «100 великих людей» атты еңбегінде: «Менің көзқарасым бойынша Мұхаммед (с.ғ.с.) әлемде ең беделді 100 адамдарын арасында бірінші орынды иемденеді. Себебі, ол өте кедей отбасынан шыға тұра бүгінге дейін үздіксіз даму үстінде келе жатқан дін тұрғысынан болсын, саяси тұрғыда болсын исламды әлемдік дін ретінде паш етіп көптеген саяси жетістіктерге қол жеткізген ұлы тұлға» деген. Қорыта айтқанда, Құран көрсеткен қағиданы негізге алып өмір сүру арысы қоғамды, берісі отбасын басқарып отырған кез-келген тұлғаны жетістіктің шыңына жеткізері сөзсіз.

 

 

Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы

Kazislam.kz 

0 пікір