ҚҰРАННЫҢ ҚАНДАЙ АТАУЛАРЫ БАР?
ҚҰРАННЫҢ ҚАНДАЙ АТАУЛАРЫ БАР?
01.12.2022 10:28
1507
0

Сұрақ: Құранның басқа да аттары бар ма?

 Жауап: Расында да қасиетті Кітаптың біз білетін атынан басқа да бірнеше атауы бар. Олардың әрбірінің себебі мен хикметі де айтылған. Мұнда кең тараған есімдерінің бірқатарын ғана атап өтуге болады.

Мысалы, бірінші оның Құран аталу себебін атап өтер болсақ. Құран «оқу» деген мағынаны береді және Құранда елу сегіз жерде осылай аталған. Сондықтан Құран деген уақытта Алланың қасиетті кітабы түсініледі.

Әл-Фурқан (ажыратушы), бұл сөз Құранда жеті жерде қолданылған, мұнда екі рет Мұсаның кітабы (Тәурат), тағы екі жерде Құран деген мағына береді. Басқа эпизодтарда оның басқа мағыналары бар. Құран ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын және осы екі ұғымды айқын айқындап бергендіктен, оған «Фурқан» (ажыратушы) деп атаған. Кейбіреулер Құранның «Фурқан» деп аталуының себебі, бұл кітап адамға құтылу мен жақсылық сыйлайды деп түсіндірген.

 Кітап. «Кітап» сөзі Құранда екі жүз елу бес рет қолданылған және басым көпшілігінде Құран Кәрімді білдіреді. Сонымен қатар Құранды «Китаб» деп те атайды.  Кітап сөзінің араб тіліндегі негізгі мағынасы «бірге жинау, топтау» деген мағыналарды білдіреді. Сол үшін араб тілінде сөйлемді кітап деп те айтады, өйткені, ондағы әріптер реттікпен, сөздер топталып, сөйлемді құрайды. Дәл сол сияқты Құранда аяттар реттікпен әріптерден құралып, оқиғаларды, тарихты және үкімдері баяндайды, сүрелерді құрайды және т.б. тізбектеліп, топталып келеді.

Құран «Зикр» (еске түсіру) деп те алталады. Бұл сөз Құранның көп жерінде қолданылған. Құранның «зикр» деп аталуының себебі – Құдай Тағала пенделерінің міндеттерін, оларға берген нұсқауларын аяттар арқылы еске түсіріп отырады.

Сонымен қатар Құран – «Танзил» (көктен жерге түсу). Танзил сөзі Құранда біраз жерде қолданылған. Бұл сөз көп жағдайда Құранның бірізді және біртіндеп көктен түсуін білдіреді.

Бұлардан бөлек, Құранның бұдан да басқа атаулары бар екені мәлім.

 

 Жалғас САДУАХАСҰЛЫ


 

0 пікір