Құранда жомарттық жиһадпен тең саналған
Құранда жомарттық жиһадпен тең саналған
02.12.2019 11:54
1569
0

Сараңдыққа байланысты Әбу Зәрр былай дейді: Пайғамбарымыз Қағбаның көлеңкесінде отырған уақытта қасына бардым. Мені көрген кезде кейіп: – Қағбаның Раббысына ант етейін! Олар зиян шегеді, – деді. Мен зиянға ұшыраушылардың кім екенін білмек болып: – Уа, Алланың елшісі, жолыңда әке-шешеміз құрбан болсын! Олар кімдер? – деп сұрадым. Пайғамбарымыз: – Олар байлығын оңына да, солына да, алды-артына да осылай молынан беретін жомарттардың санатына жатпайтындар, – деп, артынша былай деді:

– Әттең, ондай дархан мінезді адамдар қаншалықты аз. Мынаны біліп қойыңдар, түйесі, сиыры, қойлары бар бола тұра зекетін бермеген әр адамның ақыретте сол малдары мастана алдарынан шығып, алма-кезек сүзгілеп, тұяқтарымен таптайды. Соңғысы бітер-бітпес алғашқы мал әлгі сойқан азапты және бастай жөнеледі. Сөйткен бұл қорлық адамдар арасында үкім беру мерзімі біткенге дейін жалғаса береді.

Құранда жомарттық жиһадпен тең саналған. Құл өз ризығынан басқа құлдарға да үлес беру керектігі (Бақара, 254) ескертіледі. Жомарттықтың қиямет күнінде адамды түрлі қиындық, азап пен өкінуден құтқаруға себепкер болатыны (Бақара, 222) айтылады. Кейбір аяттарда жомарттық сауда-саттыққа ұқсатылып, жасаған жақсылықтар Аллаға берілген қарыз есебінде көрсетіледі (Бақара, 244; Мәида, 13; Хадид, 11). Алла үшін жұмсалған дүние-мүлік ақыретте сан есе артық болып қайтарылады. Міне, мейрімі шексіз Жаратқан Ие адамдарды осындай мол табысқа жеткізетін абзал амалға шақырып, жомарттыққа ынталандырады.

Жүректер жомарттық арқылы мұнтаздай таза, қалыпқа түседі (Ләйл,18). Өйткені, күпірлік пен екіжүзділіктен кейін, жүректі дүние-мүлік пен байлыққа деген құмарлық кірлетеді. Алла Тағала адам баласының осы әлсіз жағын нұсқап:  «Байлық, дүние-мүлікті тым жақсы көресіңдер»,- дейді. Дүниеқоңыздық адамның ниетін бұзады, «мен мынаны елге таратып берсем, өзіме еш нәрсе қалмайды» – деп, шығайбайшыл ойға беріледі. Өзі екі ойлы адамды шайтан да одан ары азғыра түседі.

Құранда: «Шайтан кедейшілік, жоқшылықпен қорқытып, сендерді арсыздыққа итермелейді»,-деп ескертеді. Алайда, «Берілген байлық пен дүние – адам үшін бір сынақ» Осы сынақтан сүрінбей аман-есен өтудің бірден-бір жолы – кеңпейілді, жомарт болу (Тағабун, 15-17).

0 пікір