ҚҰРАН ҰСТАЗЫ
ҚҰРАН ҰСТАЗЫ
11.04.2018 11:41
401
0

Мешітте имам жамағатқа кешкі уағыз айтып отырған. Бұл жолғы уағыз адам баласы қалай жан тапсырады деген тақырып аясында екен. Басқаша айтқанда жақсы өлім мен жаман өлім хақында еді. Уағыздан соң жамағаттың ішінен бір жас жігіт келіп, имамға өзінің басынан өткен бір оқиғасымен бөліскісі келді. Ол өзінің марқұм атасы жайлы әңгіме болатын. Жігіт: Атам Құран жаттаған ұстаз еді. Өмір бойы жұртқа дәріс берумен болды. Қартайған шағында бір дертке шалдықты. Атам бала-шағасын танымайтын күйге түсті. Үсті-басы таза жүріп тұратын. Алайда, барлығын дерлік түгел ұмытты. Тіпті, ұл-қыздарының да, немерелерінің де атын білмейді. Толықтай есін жоғатса да, Құранды ұмытқан жоқ. Бірде-бір аятын ұмытпады. Өзімен-өзі отырғанда күмбірлеп Құран оқитын.

Бір күні сәресі уақыты болуы керек атам: әй, пәленше!,-деп әкемді шақырды. Ұйқылы-ояу әкем атамның бөлмесіне кіріп барып: ау, әке не қалайсыз?,-деп еді атам екі көзі бөлменің бұрышында: Әй, пәленше! Анау сәлде киген ақ киімді екі жігітті көріп тұрсың ба?,-деді. Әкем болса: Жоқ, ешнәрсе көріп тұрғаным жоқ,-деді. Сонда марқұм атам: «Сен бұдан қаперсіздікте едің, Біз сенен пердені аштық, енді бүгін сенің көзің өткір[1]»,-деген аятты оқыды. Атамның бұл пәнидегі дәм-тұзы біткен еді. Мұнан кейін атам кәлимасын айтып жан тапсырды,-деп әңгімесін аяқтады. Жігіт имамға: Өмірін Құран ұстаздығына арнаған адамның ажалы осындай болды деп ойламадым,-деп өзегін өртеген өкінішін жеткізді. Сонда имам жігітке күлімсіреп: Бауырым, бұл – үлкен бақыт. Ардақты  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүмин пенде дүниеден ажырап, ақыретке бет алған кезде оған аспаннан жүзі аппақ періштелер түседі. Олардың дидары бейне бір күн іспетті. Олар жәннаттан кебін алып және жәннаттан қош иісті су алып келеді де көз тастам жерге келіп отырады...[2]»,-деген сүйінші хабары бар. Сенің атаң Құран жолымен жүрген ізгілерге бұйырған жақсылығымен қауышты,-деді.

Жігіт имамның айтқан уағызын тыңдап отырып, өз атасының қаншалықты бақытты ғұмыр кешкенін түсінді. Ол өмірін Құран үйретуге арнаған жан еді. Құдайдың сынағымен бірнеше жыл есін жоғалтып қойғанымен, жүрегіне нақышталған Құранын тілімен ешбір қатесіз оқып жүрді. Соңғы демінде де Құран оқып бақилыққа аттанды.

Адам баласының жүрегі – мөлдір таза шыны іспетті. Таза шыны мөлдір болғандықтан оның түсі ішіндегі затқа тікелей байланысты. Сүттей ақ зат құйса шыны аппақ, ал көмірдей қара затпен толтырса қара түсті болады. Сондықтан, адамның соңғы демі қандай болатыны оның қалай өмір сүргеніне байланысты. Көз жұмар шағында тіршілігінде немен көп айналысса тіліне де сол сөздер түседі. Алланың ризашылығын емес адамның қошеметін қалап тұратын жүректен «лә иләһә иллә Алла» деп калима сөзі шығуы екі талай.



[1] Қоф сүресі, 22-аят

[2] Бұхари, Муслим

0 пікір