Құран тәпсірі. Кіріспе
Құран тәпсірі. Кіріспе
23.07.2015 17:46
2836
2
Мұхитдин Исаұлы

  Күллі мадақ пен мақтау да барша жақсылық мен шарапат та ұшы-қиыры жоқ түпсіз ғаламды «кун» деп құдіретімен жоқтан жаратқан жалғыз Жаратушы – Алла Тағалаға тән.

Һәм Оның соңғы елшісі, Пайғамбарлар падишасы – нұр Мұхаммед аләйһис-салату уәс-сәләмға жер жаралып осы күнге дейінгі жауған жауынның тамшылар мен сақарадағы қиыршық құмның санындай салауат пен сәлем болсын! Әрі оның бауырлары – барлық қасиетті пайғамбарларға да оның алтын әулетіне де және өзіне адалдық танытқан опашыл, жанқияр сахабаларына да сол салауат пен сәлемді арнаймыз.

Пайғамбарымыз аләиһис-салату уәс-сәләм бірде: «Бір заман келгенде Құран басқа бір қойнауда үмбетім басқа бір қойнауда ғұмыр кешеді» дейді. Иә, сол заман да келіп оның үмбеті бірнеше ғасырдан бері Құранмен бірге болса да одан алшақ өмір сүріп келді. Соңғы жылдары ғана мұсылман әлемінің шығысынан Құранның шапағы көріне бастады. Иә, иісі мұсылман Құран теңізіне терең бойлаудан қалғалы бері жүзінен нұр кетіп, көңілінің көктем көгершіндері «қош» деп ұшып қайраңда қалған балықтай, иесіз далада елін таппай адасқан жаралы жандай күй кешті. Құран нұры мұсылмандар арқылы жер бетіне тарамай, оның ұлы байрағы төменге түскен соң жер астынан жік шығып, жер бетін ойрандап ойына келгенін жасап, отарбамен жер бетін аралап айқай салғанда дауысы бір сәтте шартарапқа тарап  жер шарын қараңғы түнек басты. Осы бір зұлымдықтың зардабын тек мұсылмандар ғана емес жердегі барша адамзат тартты. Мұндай зұлымат Адам ата жаралғалы бері бұрын-соңды болып көрмеп еді. Жылдар толқындай бір-бір қуалап ғасырлар да өткенде ғана мұсылмандар мұның себебі – Құраннан еншісін алып оңаша түтін түтеткен екендігін аңғарды.

Бірде сахаба Харис әл-Ауәр былай дейді: «Мешітке кірсем ондағы халық Алла Тағала жайында сөз қозғап, пікір бөлісуді жинап қойып, бос әңгімеге кірісіп кетіпті. Мен мешіттен шығып, хазіреті Әліге барып көрген жайды айттым. Ол сонда:

–          Шынымен-ақ айтқандарың дұрыс па?- деп маған қарады. Мен:

–          Иә, - дегенде, ол:

–          Мен Алла Елшісінің бір күні «Естеріңде болсын бір күні бір бүлік бой көрсетеді!» дегенін естіген едім. Сонда мен: - Одан қандай жол арқылы құтылу болады, Пайғамбарым? - дедім. Сонда ол былай деді:

كِتَابُ اللهِ فِيهِ نَبَأُ مَا كَانَ قَبْلَكُمْ وَ خَبَرُ مَا بَعْدَكُمْ وَ حُكْمُ مَا بَيْنَكُمْ وَهُوَ الْفَصْلُ لَيْسَ بِالْهَزْلِ مَنْ تَرَكَهُ مِنْ جَبَّارٍ قَصَمَهُ اللهُ وَمَنْ ابْتَغَي الْهُدَي فِي غَيْرِهِ أضَلَّهُ اللهُ وَهُوَ حَبْلُ اللهِ الْمَتِينُ وَهُوَ الذِّكْرُ الْحَكِيمُ وَهُوَالصِّرَاطُ الْمُسْتَقِيمُ هُوَالَّذِي لاَ تَزِيغُ بِهِ الْأهْوَاءُ  وَلاَ تَلْتَبِسُ بِهِ الْألْسِنَةُ وَلَا يَشْبَعُ مِنْهُ الْعُلَمَاءُ وَلاَ يَخْلَقُ عَلَي كَثْرَةِ الرَّدِّ وَ لَا تَنْقََضِي عَجَائِبُهُ هُوَ الَّذِي لَمْ تَنْتَهِ الْجِنُّ إذْ سَمِعَتْهُ حَتَّي قَالُوا إنَّا سَمِعْنَا قُرْآنًاعَجَبًا يَهْدِي إلَي الرُّشْدِ فَآمَنَّا بِهِ مَنْ قَالَ بِهِ صَدَقَ وَمَنْ عَمِلَ بِهِ أُجِرَ وَمَنْ حَكَمَ بِهِ عَدَلَ وَمَنْ دَعَا إلَيْهِ هَدَي إلَي صِرَاطٍ مُسْتَقِيمٍ

«Алла тағаланың Кітабына бағыну. Онда сендерден бұрынғы (елдердің жағдайларына қатысты) хабарлар және сендерден кейінгі (қияметке дейінгі) болатын бүліктер һәм қиямет хақында хабарлар бар. Сонымен қатар араларыңда (иман-күпір, бағыну, қарсылық көрсету, харам, адал т.б. түрінен) болатын жағдай-ларға қатысты үкімдер бар. Ол ақиқат пен жалғанды бөлуші дара өлшем. Онда ешқандай жай сөз, әзіл жоқ. Кімде-кім бір залымнан қорқып, одан алшақтап, онымен амал етпесе, Алла Тағала оны құрдымға тастар. Кімде-кім одан басқа тура жол іздесе Алла Тағала оны адастырар. Өйткені, ол Алла Тағаланың ең мығым арқаны. Ол хикмет пен зікірге толы сөз. Һәм ол Хаққа жеткізер тура жол. Ол өзіне бағынғандарды жолдан таюдан (нәпсіге беріліп)  ал өзін (оқыған) тілдерді де шатасудан сақтайды. Ғалымдар еш уақытта оған тоя алмас. Оны көп оқып қайталағандар еш қашан жалықпас һәм дәмі де жоғалмас. Оның адамдарды таңдандыру қасиетінің ақыры жоқ шексіз. Оны жындар да естіген кезде: «Біз тура жолды көрсеткен ғажайып және ешқашан естімеген Құран естідік. Біз оның (Алланың сөзі екендігіне) сендік» деп таңданысын жасыра алмаған. Құран рухымен сөйлеген адам дұрыс сөйлейді. Онымен амал еткен кісі сөзсіз сый-сыяпатқа бөленеді. Кімде-кім онымен үкім берсе әділдікпен үкім етеді. Кімде-кім оған шақырса, тура жолға шақырады»,–деді. Ей, Ауәр, сен де осы нақыл сөздерді жадыңда жақсы сақта!»[1].

Міне, әз Пайғамбардың осы өсиетін мұсылмандар жаңа тапқандай енді ғана түсініп ақиқаттың ауылы – Құранға қарай киіз үйлерін жинап, керуенге артып көш түзей бастады.

Ендеше біз де солардың бірі болып сол көшке үлес қосқымыз келіп тұр. Бірақ сол үшін шамамен жиырма жылдан астам уақыт Құранды оқып түсінуге күш-қайрат жұмсаған болдық. Әйтсе де тағы бір осындай жиырма жыл қажет еді. Дегенмен көштің асығыстығына, елдің Құранға деген қажеттілігін еске ала отырып, осы бір ұлы сапарға бет бұруға Алла Тағаладан дұға тілеп, ниет еттік. «Көш жүре түзеледі» деген атам қазақ. Ендеше бізден кейінгі алтын ұрпақ біздің осы асығыс жасаған еңбегіміздегі көз алып жүре алмас кемшіліктерімізді кешіріп, Құран туралы шынайы еңбек жазып, Құран теңізіне терең бойлап, ондағы інжу-маржандарды халыққа ұсынады деген ойдамыз.

(жалғасы бар)

 

 

 



[1] Тирмизи, Фәдәилул-Қуран, 14; Ахмәд бин Хәнбәл 1\91.

2 пікір
  • Алтынбек
    25.07.2015 00:08
    БІЗ СЕНІ ЖАҚСЫ КӨРЕМІЗ www.mazhab.kz
    Ақпарат айдынында жарық көргеніне көп болмаған оқырмандардың сүйікті сайтына айналған www.mazhab.kz -ке алғысымыз шексіз. Біз сені жақсы көреміз www.mazhab.kz. Әсіресе жастар мәселесінде көптеген құнды мағлұматтар беріп, көңілімізді пайдалы кеңестермен қуандырып отырған рухани азық беруші сайтқа ерекше рахмет айтамын. Жаңалықтармен танысып, бейне баяндарынан әсер алып, мақалаларынан білім алып ерекше көңіл күйге бөлендіретін сайт әкімшілері мен қызметкерлеріне Алғысым шексіз! Алла істеріңізге берекет берсін. Әрбір арайлап атқан таңды www.mazhab.kz сіздермен бірге атыруды жазсын. Оқырмандар мен көрермендердің көзайымына айнала беріңіздер. "Асыл сөз MEDIA" алға!
  • Админ
    27.07.2015 11:47
    Бәрекелді! Алла разы болсын ықыласты ниетіңізге. "Асыл сөз MEDIA" шығармашылық бірлестігі ел игілігіне, имани кемелденіп, рухани баюына қызмет етеді. Сіз секілді оқырмандарымыздың пікірі қызметкерлерімізге шабыт берері сөзсіз. Әрбір салынған ақпараттан пайда алсаңыз біздің қазынамызға олжалаған олжамыз сол болмақ. Алла разы болсын. Алдағы уақытта құнды мағлұматтар күтіңіздер! mazhab.kz ұжымы